Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мен тек өзіме ғана ұқсаймын ғой...
Бірде Молдекең Ахмет Өмірзақ інісімен Жазушылар одағына барады. Одақ ғимаратына кіріп бара жатқан ақын Маралтай артына бұрылып қарап, кілт тоқтай қалады.
Қасына жақындағаннан сәлем бере жатып:
– Сонадайдан көзім шалып, сізге ұқсаттым. Сосын күтіп тұрған едім ғой, – депті Маралтай.
– Дұрыс, айналайын, Маралтайжан! – депті Молдекең. – Мен тек өзіме ғана ұқсаймын ғой...
Шындық шапаннан қымбат тұрады
2014 жылдың жазында Молдекең бір аптадан соң Сарыағашқа баратынын айтып хабарласты. Әлдебір датқаның пәлен жылдығына арналған іс-шара ма, ғылыми конференция ма, сондай бір жиынға келетін көрінеді. Күтіп алатынымды айттым.
Содан бір жеті өткен соң телефонына қоңырау соқсам, ұйымдастырушылар пойыздан түскен соң машинамен күтіп алып, Сарыағаш шипажайына апаратынын айтты. Сол жерде кездесуге уағдаластық.
Не көп, Сарыағашта шипажай көп. Содан аудан әкімдігіне хабарласып, іс-шара қай жерде өтетінін сұрадым. Ташкент жақта болған әлдебір датқаның мерейтойына арналған жиын екен. «Ай-Ғасыр» шипажайының мейрамханасында өтетін көрінеді. Жалпы, «Ай-Ғасырды» білемін, Көктерек ауылына кірген жердегі бірінші шипажай.
Содан ертерек барып күтіп тұрдым. Маусым айының шілдеге ұласар күні шыжғырып тұр. Оның үстіне ол кезде Сарыағаш-Шымкент жолы жөнделіп жатқан. Әшейінде бір сағатқа қалмай жетіп келетін жерден екі жарым сағаттай уақытта келді. Молдекеңнің қасында үш-төрт ғалым, жазушы бар екен.
Жамағат осы кісілерді күтіп отырған. Негізгі қонақтар келуімен іс-шара да басталып кетті.
Жалпы, оңтүстік жақтың тойы қызық. Бір сөзден қалса, мұрны пұшық болатындай, жарыса сөйлеп, жиналысқа айналдырып жібереді. Ал мынандай жиында жұрт сөйлегіш боп кетеді. Аңғал жұрт асыра мақтаймын деп, кейде маңызды тұлғасын мазаққа айналдырып алады.
Бұл іс-шара да сондай сөз жарысына айналып кетті. Ең әуелі сөз алған Алматыдан келген тарихшы ғалым өзінің әйгілі хан Тұрсынның ұрпағы екенінен бастап, Исатай, Махамбет, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы сияқты қазақтың даңқты тұлғаларының есімдерінің жанында бүгінгі мерейтойы өтіп жатқан датқаның да есімі бірге тұруға лайық екенін айтып, әңгімені бір қайырып алды. Сөзінің соңында Сарығаш қаласына датқаның есімін беру керек деді. Көше, ауыл-аймаққа есімі берілсе, датқаның беделі түседі-мыс.
Жамағат ду қол шапалақтады. Өйтпегенде ше, мұнда отырғанның тоқсан пайызы датқаның руластары ғой. Тарихшының ұсынысы өтіп кетсе, күллі рудың мерейі емес пе?
Келесі біреу сөзге шығып, датқаның Ташкенттің 2 дарбазасын қорғағанын, жергілікті билікке қарсы көтеріліс жасағанын айтты.
Үшінші, төртінші... адам сөйледі. Ана кісінің атасының тоқсан жыл өмір сүрген көршісінің айтуынша, анандай болған, мына кісінің құдасының нағашысының бөлесінің айтуынша, мынандай болған. Тарих туралы әңгіме қозғағанда осылайша ақиқатын айту керек. Қысқасы, әркім бірте-бірте көбейтіп, датқа Ташкенттің он екі дарбазасын түгел қорғаған болып шыға келді. Онысымен тұрмай, Түркістан өлкесінің ығай-сығайымен бірге Ақ патшаның қабылдауына барып, елдің мұң-мұқтажын да айтқан көрінеді.
Мына өмірбаянды тыңдаған адам датқаның атын Сарыағаш түгіл, Шымкентке беріп жіберуі мүмкін. Өңірлердегі шежірешілер тұлға жасағанда ешкімге дес бермейді. Оларға ғылыми атағы бар адамдар қосылғанда не боларын ойлай беріңіз.
Бір кезде жазушы Молдахмет Қаназ сөзге шықты. Бұл кісі шешен, айналасын үйіріп әкетеді.
– Жаңа датқа атамызды Ақ патшаның қабылдауына барған дедіңіздер. Жалпы, Мәскеу жаққа дені дұрыс адам бармаған. Шен-шекпен алу үшін кілең мансапқорлар, жағымпаздар, ұлт сатқындары барған, – деп бір тоқтады Молдекең. – Сондықтан бұл мәселені әлі де зерттей түсу керек.
Айнала сілтідей тынған. Шыбынның ызыңы естіледі. Бұрын сөйлегендер қалыптастырған иллюзия тұмандай тарқап кетті. Датқаны еңселі тұлғаға айналдыру үшін әлі көп тірлік істеу керек екен. Айтылған пікірлердің дұрыстығын растайтын тарихи жазбалар, архив құжаттары керек дейме-ау...
«Әжептәуір той еді, бала-шаға жеп кетті» демекші, Молдекең бәрін құртты. Бұ кісінің пікірлеріне қарсы дау айтайын десе, дәлел жоқ.
Іс-шара біткен соң Молдекеңмен «Ай-Ғасырдың» алдындағы машинаның қасында сөйлесіп тұрдық. Алматыдан келген делегация Шымкентке кетеді екен. Ертең Шымкентте де датқаға арнаған ғылыми конференция болатын көрінеді.
Сол кезде қызық жайт орын алды. Іс-шараны ұйымдастырушылар Алматыдан келген тарихшыны жеке бөлмеге алып кіріп, шапан жапты. Кәде-сый берді.
– Шапаннан қағылдыңыз, – дедім мен Молдекеңе.
Сөзімнің астарында «жаңа неге олай дедіңіз?» деген ой жатқанын бірден ұққан Молдекең: «бала, шындық шапаннан қымбат тұрады» деп шалғайын бір қақты да, машинаға мінді.
Жұртшылық та шындықтың қымбат екенін ұқты ма, Сарыағаштың әлі Сарыағаш болып тұрғанына қарағанда, датқаның аты сол күйі қалаға берілмей қалған.
Танысам деген, ақша берем деген...
Ботабай ағаның үйінің ауласына шығып тұрмыз. Қазалының күзгі ақшамы. Ай сүттей жарық.
– Осы сендерді таныстыр, деп Молдекеңе қанша рет айттым, – деп жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы ағамыз ақын Ахаң (Ахмет Өмірзақ) екеумізді қолтықтап алды. Соның сәті бүгін түскен екен. Өте қуаныштымын. Сендердің мемлекеттік сыйлықтың додасына түсіп жатқан «Тар кезең» жайлы мақалаңыз – роман жайлы жазылған материалдардың маңдайалды болды.
– Иә, таныстыр деген, ақша берем деген, – деді Молдекең сөзін салмақтап.
Қажекең шашалып, сөйлей алмай қалды. Әлдене айтқысы кеп, аузы жыбырлап тұрғаны ай жарығында анық көрінді. Дегенмен үндемеді...
Бірнеше күннен соң қоштасар сәтте Молдекең:
– Мына Қажекең жуық арада мемлекеттік сыйлықты алады. Одан соң шығарма жаза ма, жазбай ма, білмеймін. Оған жиі-жиі хабарласып тұрыңдар, ақша сұрап тұрыңдар, – деді. – Үлкен кісі қарасу керек...
Күліп жібердік. Қажекең де жымиды.
Негізі, Молдекең пәленбай жылдан бері редактор боп келе жатқан кісі. Ақшадан таршылық көрмеген болар. Кейде Алматыға келген Қажығали досының бар қаражатын көтереді деп еститінбіз. Қайта-қайта ақшаны айта бергеніне қарағанда, Қажекеңнен қайтпай қалған бір қаржысын есіне салып тұр-ау деп ойладық...
Өзімше – жастаймын...
Бірде Молдекең Сарыағашқа шипажайға келетінін айтып қоңырау соқты. Одақ кезінен бері бар әйгілі «Сарыағаш» шипажайынан орын алып қоюым қажет екен.
Жазған құлда шаршау бар ма, шипажайға жетіп барып, тіркеу бөліміне жолықтым. Алина есімді орыс қыз қазір күз мезгілі болса да келушілер қарасы көп екенін айтып, орынды брондау керектігін түсіндірді. Айтқанына келісіп, қай уақытқа орын бар екенін анықтаған соң, сол жерден Молдекеңе қоңырау соғып, «мына уақытта орын босайды екен, сізге ыңғайлы ма?» деп сұрадым. Ол «иә» деді. Содан Молдекең мен Шәрипа жеңгейге орын брондап, орыс қызға «мына кісі «Денсаулық» журналының бас редакторы, әйелімен тура келіп, ешқандай мәселесіз шипажайға жатуы тиіс. Кірпияздау кісі» деп қайта-қайта ыждаһаттап тапсырдым. Ол ешқандай мәселе туындауы мүмкін емес екенін айтып сендірді.
Сонымен, бірнеше күн өткен соң таңғы сағат алтының о жақ-бұ жағында «Сарыағаш-Алматы» автобусынан Молдекең мен жеңгейді күтіп алып, дереу таксимен шипажайға жеткіздім.
Такси құрғыр шипажайдың қақпасының алдынан тастап кетті. Көліктің шипажай аумағына кіруіне рұқсат жоқ. Қонақтарымның сөмкесі-ақ көп екен. Ішінде не барын Құдай білсін! Содан сөмкелердің екеуін бір-біріне байлап, иыққа салып, екеуін көтерген күйі «Сарыағаш» шипажайының тіркеу бөліміне жетсек, орын жоқ дейді. «Ойбай, апта бұрын брондап кеткем, мына жерде Алина деген орыс қыз отырған. Соны шақырыңдар», – деп шу шығардым. Ол қыз бүгін жұмыста емес екен. Кезекші тіркеу дәптерін қарап, «2 орын брондалғанын, бірақ мерзімінен бұрын босағандықтан, басқа кісілерге екі күн бұрын берілгенін айтты». Қысқасы, сол күнгі кезекшінің салғырттығынан, біз хабардар етілмей қалғанбыз. Енді бос орын жоқ.
– Зайып, басқа шипажайларды көрейік, – деді Молдекең әйеліне.
О кісі жеңгейді солай атайды.
Содан басқа шипажайларға бардық. Жеңгейге біреуінің тамағы, біреуінің көрсететін қызметі ұнамайды.
Мен екі сөмкені иыққа салып, тағы екі сөмкені көтеріп жүрмін. «Обалың жоқ, бірер күн бұрын шипжайға қоңырау соғып, мән-жайды біліп қойғаныңда бұлай қиналмас едің. Енді жүре бер, борша-борша боп», – деп өзіме іштей ұрсып қоямын.
Жеңгейге «Ақжайық» шипажайы ұнады. Ақшасын қолма-қол төлеп, екінші, әлде үшінші қабаттан орын алды. Сөмкелерін палатасына апарып, енді жайлап кетуге ыңғайласып тұрғанымды байқаған Молдекең мен жеңгей таңғы ас ішпей кетуге рұқсат жоғын айтты.
Төменгі қабаттағы шипажайдың асханасына түстік. Бағанағы сөмкелердің бірі тамаққа толы екен. Қазы-қарта, жал-жая, ет... Жеңгей дастарқанды жайнатып жіберді.
Асханада адам көп. Бұрыннан жатқандар да, жаңадан келіп жатқандар да бар.
Көрші столда отырғандар Талдықорғаннан келген екен. Жасы үлкендеуі Молдекеңді әңгімеге тартып апақ-шапақ болды да қалды. Ортақ таныстары да бар болып шықты.
– Жасыңыз нешеде? – деді бір кезде Молдекеңе талдықорғандық кісі.
– Өзімше – жастаумын, зайыбым айтса – үлкейтіңкіреп айтады. Өзің маған қанша жас бересің? – деп қарсы сұрақ қойды Молдекең.
Асханада отырғандар ду күлді. Жалпы, күйеуінің жасын үлкейтіп айту әйел біткеннің әдеті болса керек. Оның үстіне Молдекеңнің үйіндегі жеңгей ағамыздың өз шәкірті. Молдекең Шымкент педагогикалық институтын бітірген соң Ақтөбеге жұмысқа жіберілген. Сол жерде жоғарғы сыныпта өзі оқытқан оқушыға үйленген ғой. Сондықтан ол жеңгейге үлкен көрінуі де мүмкін.
Ауылда жағдай нашар, «свет» өшіп қала береді
Жетпісінші жылдардың соңында «Жалын» баспасының директоры, ақын Қабдікәрім Ыдырысов жабық бәйгеде повесімен жүлде алған Қазалыдағы жас жазушы Молдахмет Қаназды Алматыға шақырады. «Әдеби ортаға келмесе, елде үлкен жазушы бола алмайды» деп ойлаған шығар. Әйтеуір, қияндағы қазақтың бір баласына мейірі түсті.
Елден келген қаламгердің жағдайын білгісі келген Қабдікәрім Ыдырысов бірден сұраққа көшеді:
– Молдахметжан, неше балаң бар?
– Бес-алтау бар ғой.
– Ойбай, Молдахметжан-ау, бұл қалай? – деп көзі шарасынан шығып кетті ағасының. Алматыға дөкей жазушы болам деп келген жігіттің отбасылық жағдайын білген баспа директоры абдырап қалса керек. Ол кезде қалам ұстағандарды айтпағанның өзінде, жалпы қала тұрғындары бір-екі бала өсіруге көшкен.
– Аға, өзіңіз білесіз ғой, – деді Молдахмет. – Ауылда жағдай нашар, «свет» өшіп қала береді...
Қабдекең Молдахметті басқа сөзге келместен жұмысқа алады.
Айтпақшы, Алматыда да «свет» өшіп қала берді ме, әлде үйренген әдет пе, Молдекең одан соң да жеңгейге бірнеше бала сүйдірген.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
жазушы, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты