Технология • 21 Ақпан, 2022

Күн энергиясын тұтынудың тиімді әдісі

616 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандық жас ғалымдар ойлап тапқан күн энергиясын тұты­нудың инновациялық әдісі еліміз­дегі шалғай орналасқан елді мекендерге пайдасын тигізіп, қалалы жерлерде экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді.

Күн энергиясын тұтынудың тиімді әдісі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мамандар таяу жылдарда ірі электр стансаларының өнеркәсіптік энергияны сақтау және әртүрлі электр жинақтаушы нысандар өндіруге назар аударуы қажеттігін алға тартады. Көптеген елде энергияны тұтыну көлемі жыл мезгілдеріне байланыс­ты болып келетіндіктен, энергияны маусымдық кезеңде үнемдеу технологияларын меңгеру қажеттілігі туындап отыр.

Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ға­лым­дары «Күн жылу энергиясын көп­қа­батты ғимараттар мен тұрғын үй қалашықтарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында мау­сым­дық жинақтау технологиясын» зерттеп, іске асырды. Механика кафе­д­расының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD және инженерия докторы Мәдина Тұңғатарова баламалы энергетика саласына қажетті технологияның қыр-сырын сипаттай келіп, «Бұл жоба Бақытжан Ахметовтің докторлық және Таңнұр Аманжолов, Зарина Тұртаева, Абзал Сейітовтердің магистрлік диссертациясының бір бөлі­гі ретінде басталды. Дүниежүзілік банктің «Нәтижелі инновациялық жобаларды ынталандыру» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға өтініш бергеннен кейін, жоба іріктеуден сәтті өтті. Жоба үш жарым жыл көлемінде қар­жы­­ландырылатын болды», деп атап өтті. Жоба – тұрғын үйлерді ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етуде энер­гия үнемдеуді мақсат етеді. Жаз ай­ла­рында күн энергиясы тым көп бө­ліне­ді, алайда нағыз қажет кезі – қыс мезгілі.

Мәдина Тұңғатарова осы орайда күн энергиясын сақтаудың инновациялық үлгісі еліміздегі шалғай орналасқан елді мекендерге көп пайдасын тигізеді деген пікірде. Жас ғалымдар алғашқы жұмыстарын Болгарияның София атындағы техникалық университетінде тағылымдамадан өту барысында жүзе­ге асырса, «Ньютон – Әл-Фараби» гран­ты негізінде Бақытжан Ахметов Ұлы­британияда жүріп осы жобаға үлесін қосқан.

Бүгінде ауыл-аймақтарға газ немесе көмір жеткізудің өзі қымбатқа түседі. Жаңа технология кішігірім аудан­дар мен коттедждік қалашықтарға арналған. Алматыдағы жылыту маусымы кезінде жылу электр стансалары қарқынды жұмыс істейді. Салдарынан ауа ластанады. Жас ғалымдарды әлемде осы проблеманы шешуге бағытталған қандай технология түрлері бар екені толғандырған. Мысалы, Канада елінде осы жобаға ұқсас технология бар. Мәселен, Канададағы бір тұрғын үй коттедждік қалашығын алар болсақ, оның 97 пайызы аталған технологияның көмегімен жылумен қамтамасыз еті­луде. Ал Канада географиялық тұр­ғы­да Нұр-Сұлтан қаласына ұқсас. Атал­ған жоба нәтижесіне ғалымдар үш жыл­дың ішінде қол жеткізген. Демек, бұл – толық жүзеге асыруға болатын технология.

Ғалымдар атап өткендей, қажетті ком­по­ненттердің көпшілігі шет мем­лекет­терден әкелінетіндіктен, күн энергиясын сақтау технологиясының өзіндік құ­ны қымбатқа түседі. Де­генмен адам денсау­лығына, эколо­гияға қосатын үлесін ескерер болсақ, бұл перспективалық жобаға айналмақ. Сондықтан әрбір нысанның энергия тұтыну көлеміне қарай есеп жүр­­гізу қажет. Талдау жасаған кезде ны­санның қуатына байланысты жоба­ның өтелу мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Жобаны жүзе­ге асыру барысында ҚазҰУ-дың Агро-био орталығында жаңа технология жасал­ды. Бұл орталық Ал­ма­ты облысына қарас­ты Байсерке ауы­лын­да орналасқан. Жо­баны коммерцияландыру мақсатында Алматы облысы Көксай ауылындағы мешітте осы технология іске қосылған. Бұл ны­сан күн энергиясын маусымдық жинақтаудың нәтижесінде жылы сумен қамтамасыз етеді. Жас ғалымдардың инновациялық жобасы осы маңда соңғы бір жылда үздіксіз жұмыс істеп келеді. М.Тұңғатарованың айтуынша, технология жоспарланған мөлшерден де көп энергия алуға жә­не сақтауға мүмкіндік береді. Иннова­циялық болуының да себебі осында. Сонымен бірге «Ньютон – Әл-Фа­ра­б­и» гранты негізінде Бақытжан Ахметов әртүрлі парафин түрлеріне алюминий оксидінің нанобөлшектерін қосып тәжірибе жасаған. Бұл да акку­мулятордың өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Демек, жобаның не­гіз­гі инновациялық жаңалығы – күн энергиясын сақтау технологиясының тиімділігін арттыру. Мамандардың айтуынша, инновациялық технологияға Шымкент қаласындағы бетон зауыты қызығушылық танытқан. Бірақ ол өте ауқымды қуат көзін қажет ететін нысан болғандықтан, жобаны жү­­зе­г­е асыру үшін қомақты қаражат қа­жет болады. Негізінде, бұл технология­ны мектептер мен жылыжайларда, т.б. меке­мелерде қолданған өте тиімді. Ғалымдар мемлекет тарапынан жоба толық қаржыландырылмайтындықтан, жеңілдетілген несиелер арқылы эколо­гиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенін айтады. Жас мамандардың бірлескен жобасы оның әлеуметтік әсерін арттырып, тәжірибелерін жан-жақты шыңдауға ықпал етуде. Оның нәтижесінде З.Тұртаева «Абай-Верн» бағдарламасы арқылы Францияда докторантурада, ал Б.Ахметов Син­гапурдың Наньян тех­ни­калық уни­верситетінде білімін жал­ғас­тыруда. Ғалымдар болашақта баламалы энергетика саласындағы жаңа технология­лар елімізде қарқынды дамиды деген сенімде.