Қазақстан • 22 Ақпан, 2022

Апаттың алдын алған оңай әрі арзан

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басшысы Рустамбек Амриннің хабарлауынша, еліміздің бес өңірінде, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында су тасқынының болу қауіптілігі өте жоғары. Ал қауіптілігі орташа аймақтарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары кіреді.

Апаттың алдын алған оңай әрі арзан

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте министрлік өкілі қазіргі уақытта қар шығару жұ­мыс­тарының жалғасып жатқанын, ал су тасқынына қатысты түпкілікті бол­жамды 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазгидрометтің хабарлайты­нын мәлімдеді. «Ақпан және наурыз ай­ларында температура күрт көтеріліп, жаңбыр көп жауса, еріген қар мен жаң­бырдан су тасқыны болуы әбден мүмкін. Осыған орай қардағы су қоры­ның мөлшерін, топырақтың күзгі ылғал­дануын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды», деді Р.Амрин. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарында топырақтың қату тереңдігі өткен жылғы көрсеткіштен орта есеппен 6-68 см-ге төмендеген. «Ал қардың баяу еруі су тасқыны кезеңінің өтуіне оң әсер етеді» дейді спикер. «Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуде. Басқа апаттардың да, су тасқынының да салдарын жоюға қарағанда олардың алдын алу оңай және арзан. Бұл әлемдік тәжірибе және тиісінше, біздің саясатымыз», деген департамент басшысы 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы іске асырылып жатқанын да жеткізді.

ТЖМ мәліметтеріне қарағанда, соңғы бес жылда су тасқынынан еліміздің он өңіріндегі 165 елді мекен зардап шеккен. Су тасқынының теріс әсерін төмендету мақсатында министрлік жүргізген талдау нәтижелері көктемгі су тасқыны кезінде 1010 елді мекеннің су басу қаупіне неғұрлым бейім екенін анықтап берген. Ал бұл жерлерде 800 мыңнан астам халық тұрады.