Экономика • 22 Ақпан, 2022

Агроөнеркәсіпті қаржыландыру көлемі ұлғайды

1544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың стратегиялық маңызы зор. Ол ең алдымен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» компаниялары іске асыратын қаржыландыру бағдарламаларының тиімділігі жоғары.

Агроөнеркәсіпті қаржыландыру көлемі ұлғайды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы хол­дингінің хабарлауынша, 2021 жылы агроөнеркәсіп кешенін «Аг­рар­лық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» арқылы қар­жы­ландыру көлемі 464 млрд теңге­ден асқан. 2020 жылмен салыс­тыр­ғанда қаржыландыру 4 пайызға өсті.

Өткен жылы қолдау шараларына 23 мыңға жуық кәсіпкер ие бол­ған. Қаржыландыру көлемінің 96 па­йыз­дан астамы шағын және орта кә­сіп­керлік субъектілеріне берілді.

«Кең дала» нысаналы кредит беру бағдарламасы аясында көк­темгі егіс және егін жинау жұмыс­тарын жүргізуге 70 млрд теңге бө­лі­н­ді. Бұл шамамен 3,6 млн гек­­тар аумақта егіс жұмыстарын жүр­гізуге мүмкіндік берді.

«ҚазАгроҚаржы» лизингтік бағ­дарламалары бойынша ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алуды қар­жыландыру көлемі 140 млрд теңгеден асты (жылдық өсім – 28 пайыз). Бұл 7,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жол ашты. Осылайша, көрсеткіш 2020 жылғы көлемнен асып түсті. 2020 жылы 6 мың бірлік техника лизингке алынған еді.

Аграрлық секторда бәсекеге қабілетті өндірістік базаны дамыту үшін 2021 жылы жалпы құны 71,8 млрд теңге болатын 46 жоба қаржыландырылды. Оған 53,8 млрд теңге кредит берілді. 53,1 млрд теңге кредит берілген, құны 71,3 млрд теңге болатын 43 жоба пайдалануға берілді. Енгізілген жобалар жеміс, шырын, ет және сүт өнімдері, өсімдік майлары, көкөніс және тағы басқа өнім түрлерін өндіруге бағытталған.

Агроөнеркәсіп кешені субъек­тілеріне екінші деңгейлі банктер беретін кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы жалғастырылды. Ол қарыз алушыда ке­пілдік жетпеген кезде инвестициялық жобаларды ен­гізуге ықпал етеді. 1,6 млрд тең­геге 7 кепілдік берілді. Осы­лайша, ауыл шаруашылығына 3,2 млрд теңгеден астам сомада банктік қарыз тартылды.

Ұйым құрылымын оңтайлан­дыру ша­ралары шеңберінде 2021 жылы «Бәйтерек» холдингі «Ауыл шаруа­шы­лығын қар­жылай қолдау қорын» «Аг­рар­лық несие корпорация­сына» қосу жұ­мысын аяқтады. Бұл өңір­лердегі филиал­дық желі арқылы фермерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша кредит бе­руге мүмкіндік береді.