Көктем шыға қар көбесі сөгіліп, мұз бетіндегі қауіп қайта күшейеді. Әдеттегідей ТЖД мамандары жуықта ескерту жұмыстарын жүргізді. Мұз бетіндегі ереже жазылған парақшаны таратып қана қойған жоқ, балық болып киінген мамандар мұз ойып, қармақ салудың ережелерін егжей-тегжейлі қайта бір түсіндірді. Ерекше костюмге көк мұзда шоқиып отырған әуесқойлардың барлығы дерлік назар аударды. Балық кейпінде жүрулерінің себебі – айтқан ескертулері балықшылардың есінде қалсын дегендері.
– Мұз қалыңдығы 10 сантиметрден аз болса, адам үшін қауіпті. Тәуліктің қараңғы уақытында және боран-шашынды, тұманды күндері мұз бетіне шығуға болмайды, – дейді балық болып киінген құтқарушылар.
Ережеге сәйкес балықшылар мұз айдынына шыққанда, құтқару кеудешесін киіп, ұзындығы кемінде 12 метр арқан ала шығуы керек. Мүмкіндігінше, су өткізбейтін пакетке салынған ұялы телефоны жанында болғаны абзал. Егер қауіпті жағдайға тап болса, 112 нөміріне хабарласуы керек. Алайда жоғарыда айтылған қарапайым ғана ережелер естерінде болса, қауіпті жағдайға тап болуы екіталай.
Шығыс Қазақстан облысы