Пікір • 22 Ақпан, 2022

Шаршы метрге байланған шаңырақ

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде 48 002 отбасы ажырасыпты. Айырылысқандар сол жылы тіркел­ген 90 873 некенің 53 пайызын құрай­ды. Бұл – негізі азайғаны. 2019 жылы 60 мыңға жуық шаңырақ шайқалған. Бұған әртүрлі себеп бар шығар. Бірақ енді ғана шаңырақ көтерген жұпқа ең алдымен не керек? Әрине, баспана қажет. Қазір көп жас отбасына 1 шаршы метр де арман болған. Неге?

Шынайы өмірдің пердесін түріп көрейік. Қазақстанда жас отбасына арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жоқ. Ендігі мүмкіндік – «Отбасы» банкінде. Аталған банктің «Жас отбасы» дейтін ипотекалық бағдарламасы бар. Бірақ оның өзгесінен аса бір айырмасы бай­қалмайды. Үй құнының 50 пайызын жинауың керек және сол жарты ақшасын бір жылдың ішін­де салуға тиіссің. Астанада ең арзан бір бөл­ме­лі пәтер 15 млн теңге тұрады, Алматыны айт­пай-ақ қояйық. Бұл – әлі сылағы, не едені жоқ құр қабырға. Оған жөндеуге кететін кемі 3 млн, ішін толтыруға жұмсайтын 3 млн теңгені қосы­ңыз. Сонда өзі пәтер жалдап жүрген жас от­басы ең азы 13,5 млн теңгені бір жылда қай­тіп жи­найды? Некеге тұрғаннан 5 жылға дейін жас от­басы саналады екен, жыл сайын бірнеше млн-дап қымбаттап жатқан пәтерлерге жас отбасы бес жылда да қол жеткізе алмайды. Алғашқы жарнасын енді жинап біттім дегенде үйдің бағасы аспандап шыға келеді. Себебі біз нарық заңын ұмытпауымыз керек. Үйдің бағасы бірнеше айға, ең көп дегенде жарты жылға ғана бір орында тұрақтап тұруы мүмкін. Бірақ ешқашан арзандамайды.

«Отбасы» банкінің кез келген салымшысы үйдің 50 пайызын жинаса, үй ала береді. Яғни банктің «Жас отбасы» деп аталатын бағ­дар­ламасында енді ғана отау құрғандарға ай­тар­лық­тай артықшылық, яғни қолдау жоқ. Өйт­кені үй алатын адам ең алдымен алғашқы жар­насына қарайды. Жас отбасыға ең үлкен салмақ та – осы.

Үйдің жарты ақшасын жинай алмасаң, 20 пайызын салып пәтеріңді ала бер дерсіз. Иә, «7-20-25» бар. Дегенмен мұнда да жас отбасыға ешбір артықшылық берілмейді, бәрімен бірдей аласыз. Алғашқы жарнаны жинап, пәтерді таңдап, құрылыс иесіне хабарлассаңыз, телефондағы менеджер ең бірінші «Үйдің қанша пайызын саласыз?» деп сұрайды. 20 пайызын салатыныңызды білгенде «Онда сізге шаршы метрі 330-дан емес, 400 мың теңгеден есептеледі» дейді. 17 млн теңге болып тұрған пәтерді 20 пайызын салғаныңыз үшін ғана үстіне бақандай 4 млн теңге қосып алуыңыз керек. Ал! Міне, сізге артықшылық!

Осындайда «Мемлекет құрылыс компания­ларын қолдаушы ма, әлде май шелпек пе?» деген сұрақ туады. 2018 жылы басталған «7-20-25» бағдарламасымен үй салуға Үкімет 1 трлн теңге бөлді. Яғни құрылыс компанияларын қолдап, нарық бағасымен үйі өтсін деп банктерді де байытып ақша беріп отыр ғой. Мысалы, 20 млн теңгенің үйін алғашқы 20 пайыз жарнасын салып, жылдық 7 пайызбен 25 жылға алсаңыз, үстіне 17 млн 925 мың 234 теңге қосып төлейсіз. Бұл – таза банктің табысы. Сонда әуелде 20 млн теңге болып тұрған пәтеріңіз шамамен 38 млн теңгеге шығады. Құрылыс компаниялары неге бағаны қасақана өсіреді? Мемлекеттік бағ­дар­ламамен салынатын үй бағасына неге бақылау болмайды? Неге көп пәтер шын мұқтажға жетпей, алыпсатарлардың қолында кетеді? Иә, өткен аптада бір менеджер жақсы жерде ор­наласқан тұрғын үй кешенінің 100-ге жуық 1 және 2-бөлмелі пәтерін тек бір адамның сатып ал­ға­нын айтты. Ал сол тұрғын үй «7-20-25» бағ­­дар­ламасымен жұмыс істейтін санаулы ке­шеннің бірі еді.

Жас отбасыға арнайы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жоқ екен, ең болмаса осындай бағдарламаларға некелескеніне 5 жыл болмаған жұп­тар үшін шаршы метрдің бағасын бекітіп қой­са дейсің. Мұндай тәжірибе «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасымен салынатын үйлерде бар. Ақы­ры «Отбасы банк» деп атауын өзгерт­ті екен, енді жас отбасыларға арналған бағдар­лама­сы­­­ның алғашқы жарнасын тым құрыса 25-30 па­­йыз­­ға түсірсе дейсің. Талай жас отбасы­ның ар­ма­­ны орындалар еді. Мемлекеттік бағдарла­ма­­­мен са­лын­ған үйлерден үйсіздерге ғана пәтер бері­летін тәртіп енгізілсе дейсің. Баға қасақана көтерілмес еді.

Біз қолда бар бағдарламаларды икемдеп әлекпіз. Шетелдерде жас отбасын үймен қамту жүйелі жолға қойылған. Айталық, Англияда жас отбасы алатын үйдің 17,5 пайызын субсидия ретінде үкімет төлейді. Бұл пәтердің алғашқы жарнасын­дай ақша­ны алғанмен тең. Ал Саха республи­касы­ның ресми ақпараттық www.sakha.gov.ru порталы былтыр Якутия үкіметінің қаулысымен жас отбасыларға тұрғын үй сатып алуға, яки жеке үй құрылысына әлеуметтік төлем берілетінін хабарлады. Мұн­да 35 жастан аспаған, тұрғын үйдің қалған ақшасын төлеуге табысын растаған жас отбасылар үйдегі адам санына қарай мемлекеттен 400 мыңнан 2 млн рубльге дейін, яғни 2 млн 228 мыңнан 11 млн 140 мың теңгеге дейін төлем ала алады. Төлемді алғашқы жарна ретінде немесе жеке үй құрылысына жұмсауға болады. Жұртта болады, бізде ше?