Білім • 22 Ақпан, 2022

Ресей ЖОО-ларының филиалдары не үшін қажет?

3754 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде жаңа Үкіметтің алдына қойған маңызды міндеттердің ішінде жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе екеніне ерекше тоқталып: «Жаңа экономика құру үшін ЖОО-ның бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Таяуда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу басталды. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн», деген болатын.

Ресей ЖОО-ларының филиалдары не үшін қажет?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысының жуырда Мәс­кеуге барған жұмыс сапары барысында Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары желісін кеңейту, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясында қажетті маман­дар даярлау жөнінде маңызды уағдалас­тықтарға қол жеткізілгені мәлім. Ал Ал­матыда Ресейдің Ұлттық зерттеу ядро­лық университетінің (МИФИ), Атырауда И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалдарын ашу жұмыстары басталып та кеткен. Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетімен және бас­қа да бірқатар оқу орнымен олардың өкіл­діктерін ашу жайында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстанның «Ха­лық­аралық бағдарламалар орталы­ғы» акционерлік қоғамы Ресей Федера­ция­сының МИФИ, Мәскеу физика-техни­калық институты (МФТИ), И.М.Губ­кин атындағы Ресей мұнай және газ университеті, Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті (ММТУ), Ұлттық зерттеу университеті (ИТМО), Ұлттық зерттеу технологиялық университеті (МИСиС) сияқты жетекші 6 техникалық университетімен «Бо­лашақ» бағдарламасы аясында ын­тымақтастық орнату туралы мемо­рандум­ға қол қойған. Мемлекет бас­шы­сының пайымынша, бұл бастамалар қазақстандық жастардың озық техни­калық білім алуына мүмкіндік береді.

Дегенмен осы мәселе қазір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі­лерде қызу талқыланып жатыр. Кейбір қазақстандық сарапшылар әлемнің үздік 200 университетінің тізіміне бірде-бір ресейлік жоғары оқу орны енбейді, алдыңғы 300-дің қатарында екі-ақ ЖОО – Мәскеу мемлекеттік университеті (ММУ) мен МФТИ ғана бар деген пікір айтып, Қазақстанда олардың филиалдарын ашудың дұрыстығына күмәнмен қарап отыр. Бірақ олардың келтірген деректері ескірген болып шықты. Нақты айтқанда, британиялық QS компаниясының 2022 жылғы рейтингі бойынша ММУ 78-орынға көтерілген, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті – 242, Ново­сі­бір мемлекеттік университеті – 246, Томск мемлекеттік университеті – 272, Э.Бау­ман атындағы ММТУ – 281, МФТИ 290-орындарды еншілеген. Яғни ТОП-300-ге Ресейдің 6 жоғары оқу орны енген. Бұл ретте біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіміз 175-орынға табан тірегенін айта кеткен жөн. Өзге бірде-бір жоғары оқу орнымыз ТОП-300-ге кіре алмапты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 328, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 482-орынды місе тұтқан. Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында шетелдік ЖОО филиалдарын ашу отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді деп санайтынын білдіріпті.

Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің мәліметіне қарағанда, 2019-2020 оқу жылында солтүстіктегі көршіміздің әртүрлі жоға­ры оқу орындарында 74 мыңға жуық қазақстандық студент оқыған. Олар – сан жағынан Ресейдегі шетелдік сту­денттердің ішінде бірінші орында. Қазақстандықтардың бір бөлігі үкімет­аралық уағдаластықтардың, Ресей және Қазақстан ЖОО-ларының, өңірлердің, қалалардың арасындағы екіжақты келі­сімдердің, ресейлік ЖОО-лардың шетел­дік студенттерді оқыту жөніндегі дербес шешімдерінің аясында бөлінетін білім беру гранттары есебінен тегін оқиды.

Ресейде жоғары білім алып жүрген Қазақстан жастарының 40 пайызы гума­нитарлық мамандықтарды (педагогика, тарих, философия, журналистика және т.б), 35 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарды (металлургия, тау-кен ісі, мұнай және химия өнеркәсібі және т.б.), 25 пайызы жаратылыстану ғылымдарын (медицина, фармацевтика, физика, химия және т.б.) таңдаған. Кейінгі жылдары қазақстандық талапкерлердің 45 пайыздайы елімізде сұранысқа ие IT-технологияларды, нано және биотехнологияларды, роботтехникасын, радио­электрониканы, информатика мен есептеу техникасын, тау-кен ісі – инжинирингті және металлургия – инжи­нирингті таңдағанын атап айту керек.

Қазақстандық жастар, негізінен, Мәскеу (9 845 студент), Санкт-Петербург (7 205 студент), Омбы (6 739 студент), Томск (5 334 студент), Астрахань (2 755 студент), Орынбор (2 575 студент), Сара­тов (2 200 студент), Челябинск (1 985 студент), Түмен (1 662 студент), Бар­наул (1 540 студент), Қазан (1 496 сту­дент) қалаларындағы ЖОО-ларда білім алып жүр. Еліміздің жастары, әсіресе М.В.Ломоносов атындағы ММУ, «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономика университеті, МИСиС, Э.Бауман атындағы ММТУ, Ресей халықтар достығы университеті, Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті, Ұлттық зерттеу ядролық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қаты­настар институты және Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы сынды ЖОО-ларды көбірек таңдаған. ЖОО-лар басшылығы берген ақпаратқа қарағанда, қазақстандық студенттердің оқу үлгерімі, жалпы алғанда, жақсы көрінеді.

Осы орайда назар аударарлық бір жайт: Мәскеу мен Санкт-Петербургке Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан жиі ұшатын ұшақтардағы жолаушылардың дені студент жастар екенін көріп жүрміз. Бұл ауқатты отбасылардан шыққан тү­лек­­тердің Ресейдің беделді ЖОО-ла­рын таңдайтынын білдіретін сияқты. Ал жоғарыда келтірілген мәліметтерден Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерінің түлектері көрші елдің Омбы, Томск, Астрахань, Орынбор, Саратов, Челябинск, Түмен, Барнаул, Қазан сияқты біршама жақындау орналасқан қалаларындағы университеттерге оқуға көбірек түсетіні аңғарылады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Ом­бы облысымен шектесетін Мағжан Жұ­мабаев ауданындағы орта мектептер түлектерінің көпшілігі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайды. Себебі олар екі жүз шақырымдай жердегі Омбы қаласындағы ЖОО-ларға емтихан тапсырып түсуді қалайды екен. Ондағы оқу ақысы жергілікті өңірлік университетпен салыстырғанда әлдеқайда төмен әрі оқу бітірген соң қазақстандық дипломнан гөрі ресейлік дипломмен мамандыққа сәйкес жұмыс табу мүмкіндігі жоғары екені, сондай-ақ Ресей ЖОО-ларында жемқорлық деңгейі де төмендігі ата-аналар үшін шешуші факторға айналған.  Шын­туайтында, Ресейде оқыған жастар­дың бірсыпырасы, әсіресе ЖОО-ларды үздік бітіргендері Қазақстанға қайтып оралмай, сонда жұмысқа қалып қоятыны жасырын емес. Осының бәрін ойлай келе, Ресей ЖОО-ларының филиалдарын тұрғындарының көрші елге көшіп кетуі толастамай, демографиялық жағдайы қиындап тұрған Солтүстік Қазақстан облысы сияқты теріскей өңірлерде ашқан жөн деп санаймыз.

Түйіндей айтқанда, Ресей ЖОО-ла­ры­ның филиалдарын ашу еліміздегі тех­никалық кадрлар тапшылығын бол­дыр­мауға, көрші мемлекетте оқуды қа­лайтын қазақстандық түлектер санын едәуір азайтып, олардың ата-ана­ла­рының шығындарын кемітуге, жоғары білім алған жастарымыздың өз елімізде тұрақтап қалуына, сондай-ақ қазақстандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң ықпалын тигізері анық.

...Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызыл­орда облысының Арал қаласында болып, ондағы бір мыңнан аса оқушы бі­лім алып жүрген орыс орта мектебіне әдейілеп ат басын тіреген едік. Мақса­тымыз кілең қазақтар тұратын шағын шаһардағы отбасылардың балаларын орысша оқытуды ұйғаруының себебін білу-тұғын. Бір қызығы, алдымыздан шыққан «қарадомалақ» шәкірттердің бәрі бізбен ана тілімізде амандасып, қойған сұрақтарымызға да қазақша жарыса жауап берді.

«Біз мектепті бітірген соң Ресей универ­ситеттеріне оқуға түскіміз келеді. Себебі ата-аналарымыздың айтуынша, ол елдегі білім деңгейі жоғары. Оның үстіне облысымыздың әкімі Қырымбек Көшербаев Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы үздік техникалық жоғары оқу орындарында тегін оқуымыз үшін Ресей Үкіметінің есебінен гранттар бөлгізіп отыр», десті олар. Бұл Ресейде Қазақстан елшісі қызметін де атқарған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерінің – бұрынғы Білім және ғылым министрінің еліміздің білім саласында қалыптасқан жағдайды терең білгендігіне байланысты қабылдаған шешімі екені кәміл.