Білім • 23 Ақпан, 2022

Мамандандырылған мектептерде тәжірибеден өтеді

589 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сапалы білімді қамтамасыз ету мақсатында студенттердің, әсі­ресе ауыл-аймақтардан ке­ліп оқитындар үшін жатақхана­лар­да­ғы әлеуметтік ахуалдың тұ­рақ­­тылығы аса маңыз­ды. Бұл мәсе­лені қадағалап отыру мақ­сатында кез келген оқу орны­ның басшылығының арнайы жұмыс жоспары белгіленген. Town Hall форматында кездесу барысында ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы - ректоры Дархан Біләлов студенттермен кездесіп, олардың ұсыныс­тарын тыңдады.

Мамандандырылған мектептерде тәжірибеден өтеді

Іс-шараға университеттің Әлеу­меттік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұр­ланов және Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысып, сұрақтарға жауап берді.

Студенттердің тұрмыс жағдайын бі­лу үшін жатақханаларды аралап, кездесу өткізіп, университетте жүргізіліп жат­қан жұмыстардың нәтижесімен та­ныс­қан ректор білім алушыларды тол­ған­дыратын мәселелермен жете та­ныс екендігін білдірді. Алдағы уа­қыт­та да Д.Біләлов барлық сауалдар мен ұсы­ныстарды тыңдауға дайын екенді­гін атап өтті. Студенттердің білім бе­ру саласындағы технологияларды меңге­рудегі мүмкіндіктері, оқу үдерісінде қол­данылатын платформалардың ерек­шеліктеріне назар аудару да сапалы білім берудегі басты мәселе. Университеттің инфрақұрылымдық және техникалық оқу құрылғыларымен қамтамасыз ету қазіргі кезде кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Сонымен қатар академиялық үрдістерге де басымдық беріледі.

Ректор педагогтің рөлі мен оның мәртебесіне қатысты мәселелерді де ортаға салды. Бүгінде педагог қызметінің маңыздылығы және оның ел мен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігі артып келеді. Сондықтан да жаңа білім мен дағдыларды игеріп, оларды үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Болашақ педагог ретінде студенттер қазірдің өзінде өз алдына кәсіби жауапкершілікті арттыру міндетін қоя білуі керек. Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланұлы жатақханаға қатысты сауал­дарға жауап бере отырып, университетте білім сапасын арттыру, білім саласы­на өзгеріс енгізу мақсатында қолға алы­нып жатқан жобалардың біріне тоқ­талды. Бұл жоба әлемнің көптеген жоға­ры оқу орнында жүйелі қолда­нылып жүрген Honors College жобасы. Жобаның мақсаты – педагогикалық ма­ман­дықтар бойынша оқитын дарынды студенттерге терең біліммен қатар дағдыларды беру. Ол үшін эмоционалды интеллект, критериалды бағалау жүйесі, білім алушылардың, әсіресе мамандандырылған НЗМ, РФММ, БИЛ, BINOM және т.б. мектептерде зерттеу дағдыларын дамыту сынды бағыттар бойынша дарынды студенттер тізімі жасалып, сертификатталған оқыту бағдарламалары енгізілетін болады.

Департамент директоры Хайрулла Жанбеков оқу үдерісі мен оқу форматы, ауысу, академиялық ұтқырлыққа қа­тысты жиі қойылатын сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Town Hall фор­ма­тындағы кездесуде студенттер өз идеялары мен пікірлерін, ұсыныстарын еркін білдіріп, сұрақтар қойды. Осындай кездесулердің арқасында университет алдында тұрған өзекті мәселелер бо­йынша өз пікірлерін қалыптастыра алатын білім алушылардың, профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің саны артып келеді.

 

АЛМАТЫ