Мақаштың отбасында 8 ұл, бір қыз болған. Өзі Жәңгір мектебінде білім алып, одан әрі Неплюев кадет корпусында оқыған әкім балаларын да оқуға берген. Ұлдары алғаш Теңіз жағалауы мектебінде, кейін Астрахан гимназиясында оқыған. Үлкен екі ұлы Әміржан мен Шәмілжан жас кезінде дүниеден өткен. Шафхат та ағаларынан кейін 1902 жылдың 7 қазанында Астрахан гимназиясына оқуға қабылданып, оны 1912 жылдың 5 маусымында бітіріп шығады. Сол жылы Қазан университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, өз өтінішімен заң факультетіне ауысады. Университетте оқып жүргенінде студенттер қозғалысына қатысқаны үшін оқудан шығарылып, қайта алынады. Студент кезінен елдегі саяси жағдайларға араласқан Шафхат 1916 жылғы патша жарлығына қарсы көтерілген қазақ жұрты қанға бөкпесін деп, көтерілісшілерді жазалауды тежеуге күш салған қазақ зиялылары қатарында да болған. Ол тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне жәрдем көрсетуге қазақ оқығандарын Минск қаласына бастап барған болатын. 1917 жылдың 2-6 сәуір аралығында Орынборда өткен съезде, 21 сәуірде өткен Жалпыбөкейлік съезде студент болса да, білімді Шафхат президиумға мүше болып сайланады. Осы жылы оқуын тәмамдап, елге оралады.
Кеңес өкіметі орнаған соң Бөкей Ревкомның мүшелігіне өтіп, жер-су комиссары болып сайланады. Ол кезде іс жүзінде билік Кеңес өкіметінің қолында болғанымен, жер-жерде билікке қарсы бой көтерулер болып жатқан еді. Бөкей ордасы маңызды аймақ болғандықтан, Ұлт істері жанындағы қазақ бөлімі қазақ әскери бөлімдерін Ордада жасақтауды ұйғарады. 1918 жылы М.Тұңғашиннің басшылығымен Қазақ әскери комиссариаты Орда қаласына келіп, қазақтың І атты әскер полкін жасақтауға кіріседі. Әскери комиссардың орынбасары қызметіне тағайындалған Ш.Бекмұхамедов те полкті жасақтау ісіне белсене араласады.
1919 жылы большевиктер партиясына қабылданған Шафхатты Бөкей губаткомы қазақ өлкесін басқаратын Ревкомға мандат беріп, Орынборға жібереді. Жер бөлімінде хатшы қызметін атқарған ол кейін Орынбор жұмысшы-шаруа инспекциясында алқа мүшесі, Бөкей губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі, атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1921 жылы қыркүйек айында өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Қазаткомның ұсынуымен Қазақ АКСР-інің Юстиция (Әділет) комиссары болып сайланады. Юстиция комиссариатының бұйрық кітапшасына 17 қазан күні: «Бүгіннен бастап мен Юстиция халық комиссары қызметін атқаруға кірістім. Бекмұхамедов», деп қол қойған екен. Басшылық қызметті атқарған кезде қылмыспен күрес әдістерін жетілдіру, аймақтық халық соттарын құру, сот реформасын жүргізу, тұңғыш кеңестік заңдарды қабылдау сынды жұмыстарды жандандыруға бар күш-жігерін жұмсайды. Азамат соғысынан кейін ел ішінде азық-түлік, мал ұрлығы көп болатын. Сондықтан Кеңес өкіметі аса зиянды қылмыстарды жоюға ерекше көңіл бөлді. Шафхат Мұхамеджанұлының тапсырмасы бойынша комиссариат бөлімдері қылмыстарға қатысты түскен мәліметтерді топтастырып, қылмыстың түріне анықтама беріп, жаза тағайындау жобасын жасайды. Соның нәтижесінде, 1921 жылдың қараша айында «Мал ұрлығымен күрес» декреті бекітіледі. Осы декретке байланысты Шафхат Мұхамеджанұлының бастамасымен губерниялық съездер өткізіледі. Алайда ауылдардың бір-бірінен алыс, бытыраңқы орналасуы, қызметкерлердің жетіспеуі және тағы басқа да себептерден мал ұрлығы, барымтамен күрес жұмыстары бірнеше жылға созылып, 1924 жылдан кейін ғана оң нәтиже бере бастады.
1922 жылдың орта шенінде құқық қорғау органдарын қайта құру ісі басталады. Реформалар негізінде Бүкілодақтық төтенше комитет жойылып, орнына құрылған мемлекеттік саяси басқарма Ішкі істер комиссариатының құрамына кіргізіледі. Сот реформасы туралы қаулы, ережеге сәйкес үш сатылы жүйе: халық соты, губерниялық сот, жоғарғы сот құру белгіленеді. Прокуратура, адвокатура, төрелік комиссия құру туралы қаулы қабылданады. Сонымен қатар КСРО Конституциясының жобасын жасау жөнінде де арнайы комиссия құрылады. Әділет халық комиссары Ш.Бекмұхамедовке республикалық заң орындарының қызметін түбегейлі қайта құру міндеті жүктеледі. Соған сәйкес «Прокуратура туралы» және «Адвокатура туралы» ережелердің жобасы әзірленеді. Прокуратура туралы ережеде: «Юстиция комиссары республика прокуроры қызметін қоса атқарады», деп көрсетіледі. Ережеге сәйкес 1922 жылдың 1 тамызынан Республика прокуроры міндетін Шафхат Бекмұхамедов атқарады. Қазаткомға өткізген бір айлық жұмысының есебінде өз бұйрығымен губерния прокурорлары етіп, Орынборға Е.А.Башиловты, Ақмолаға Ф.И.Ковалевті, Бөкей Ордасына А.Галкинді тағайындағанын, басқа губернияларға мамандар табылмағанын, адвокатура туралы тек нұсқау бергенін хабарлаған.
Еңбек демалысын алып, туған жері Бөкейлікке кеткенінде уақытша міндетін атқаруды орынбасары С.С.Пилявскийге жүктейді. Алайда демалыста жүргенінде Қазатком шешімімен Әділет халық комиссары мен республика прокуроры болып М.Атаниязов тағайындалады. Демалыстан оралған Шафхатқа Қостанай губерниялық прокуроры қызметі ұсынылады. Өзінің себепсіз қызметтен босатылуы заңсыз деп таныған Ш.Бекмұхамедов қызметтен бас тартады. Көп кешікпей үкімет берген қызметтен бас тартты, тәртіпке бағынбады деген желеумен партия қатарынан шығарады. Соған қарамастан, 1930 жылдарға дейін Әділет комиссариатында тергеуші, заңгер-кеңесші болып жұмыс жасаған. Кейін қызметтен біржола кетіп, шығармашылықпен айналысады. 1937 жылдың зобалаңы да айналып өтпейді. Негізсіз айыптар тағылып, түрлі тергеп-тексеруден өтеді. Шафхат Мұхамеджанұлы 1958 жылы Алматы қаласында дүниеден өтеді.
Жұбайы Хадиша да Кеңес өкіметі орнаған тұстағы белсенді қазақ әйелінің бірі болатын. Өзі шебер, білімді Хадиша Әзербаева-Бекмұхамедова Рәзия Меңдешевамен бірге аштыққа ұшырағандарға жәрдем беру үшін Орынборда қойылымдар ұйымдастырып, қайырымдылықтан түскен қаражатпен көмек көрсетті.
Шафхаттың Кәміл (1922 жылы туған), Баязит (1924 жылы туған) есімді екі ұлы болған. Екеуі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Кәміл І дәрежелі, Баязит ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары Кәміл Ұлттық кітапханада жұмыс істеген. Баязит Тіл білімі институтын бітіріп, сонда қызмет еткен.
«Нарында туыпты асылдар, дарындар» деп, Қадыр ақын жырлағандай, асылдың сынығы, әкеден көрген тәлім-тәрбиесімен еліне адал қызмет еткен Шафхат Бекмұхамедовтің туғанына биыл 130 жыл, ал Шафхат негізін қалаған республикамыздың прокуратура қызметіне 100 жыл толып отыр.
Гүлмәру МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық- этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы