Саяси реформалардың маңызы жоғары. Мәселен, Мемлекет басшысы бір сөзінде ел байлығының жартысына жуығы 162 адамның иелігінде екенін айтты. Ал олардың қарамағында ықпалды ондаған, жүздеген компания мен банк бар және бұлар экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да үлкен күшке ие. Белгілі бір деңгейде Үкіметке де ықпалын жүргізе алатыны белгілі. Парламентте солардың мүддесін қорғайтын адамдар бар. Сондықтан қазіргі Үкіметтің Президент атаған ықпалды топтың экономикалық, қаржылық мүддесіне қарсы жұмыс істеуі қиындау. Олигополиялық, монополиялық жағдайымен күресуге пәрмені жетпейді.
Біріншіден, Үкіметтің саяси ерік-жігері төмен. Оларды халық сайлаған жоқ. Екіншіден, қазіргі Үкіметтің 70-80 пайызы бұрынғы жүйеде жүрген адамдар. Ал ескі адамдармен Жаңа Қазақстан құра алмаймыз.
Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында Президент осы мәселеге тоқталды. Кадр тапшы деген ой айтты. Бұрынғы кадрларды бірден алып тастауға тағы болмайтынын жеткізді. Шындығында солай. Дегенмен олардың ішінде де мемлекетшіл, халықшыл қызметкерлер бар. Соларға мүмкіндік берілуі керек.
Меніңше, бір-бірімен тең әрі бір-бірін қадағалап отыратын саяси басқару жүйесі құрылуы керек. Ол үшін Сайлау туралы заңды қайта қарау керек. Сайлау әділ өтуі керек. Бұған дейінгі саяси шараның қалай өтіп келгені баршаға мәлім. Халықтың сайлау жүйесіне деген сенімін көтеру маңызды. Халық өз өкілдерін Мәжілістен бастап облыстық, аудандық мәслихатқа дейін сайлау құқығына ие болуы қажет.
Бұдан соң партияларды тіркеуді жеңілдету керек. Кейбір шектеулер ақылға сыймайды. Меніңше, партиялардан қорқудың қажеті шамалы. Қазір қоғамда төрт-бес топтың партия құруға талпынып жүргенін байқап отырмыз. Соларға мүмкіндік берілуі керек. Қолдан жасалған оппозициялық партиялардан гөрі, жаңадан құрылған кішігірім партиялардың ықпалы мықты болмақ. Оларға Парламенттен мандат тиюі керек.
Бұдан қорқудың қажеті жоқ, негізгі билік бәрібір Nur Otan-ның қолында болады. Халықтың біршама бөлігі онсыз да Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайды. Өйткені ел қазіргі Президентке зор сенім артып отыр. Тұрақтылықты қалайтындардың барлығы дерлік Nur Otan-ға дауыс береді. Сондықтан өзге партиялар билік партиясын ығыстырып тастайды дегеннен үрейленудің қажеті жоқ.
Сондай-ақ Парламент палаталары жөнінде де ойлану керек. Себебі елдегі халықтың саны аз.
Сот жүйесіне де реформа керек. Өңірлердегі судьяларды жергілікті мәслихат депутаттары, Жоғарғы сот судьяларын Мәжіліс сайлауға тиіс. Қазіргі жағдай байқатқандай, оларды тағайындау оңды қадам емес. Судьялар да Парламенттің, мәслихаттың алдында есеп беруі керек.
Міне, осындай іргелі саяси реформалар жүзеге асырылғанда ғана экономикалық реформалар оң нәтиже береді.
Талғат ДЕМЕСІНОВ,
экономист