Қазақстан • 24 Ақпан, 2022

Батырхановтың батырлығы

1515 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Интернационалдық борышын өтеп жүріп, оққа ұшқан сарбаздардың ерлігі есімізде ме? Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон І дәрежелі «Спитамен» орденімен марапаттаған жерлесіміз Раджан Батырхановтай батырдың бағасына біз жете алып жүрміз бе?

Батырхановтың батырлығы

Ана көңілі алаңдаулы 

Таяуда тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан катонқарағайлық Раджан Батырхановтың анасымен аз-кем әңгімелескеніміз бар. Ол кісі Семейде, кіші ұлының қолында тұрады екен. Кенжесі Самат та ағасының жолын қуып, әскери қызметті таңдаған...

Ақжаулықты ана Қизат Батырха­но­ва айдың, күннің аманында ұлынан айырылып қаламын деп ойлады ма?! Әскерде жүрген Раджан 1994 жылы тәжік-ауған шекарасына кетіп бара жатқаны туралы анасына тіс жарып айтпаған да. Ана көңілі алаңдамасын дегені ғой... Содан бері сыныптай сырғып, отыз жылға жуық уақыт өтіпті.

– Мектепті бітіре сала әскерге аттан­ды. Ұлым Катонқарағайда, Е.Ры­ков атындағы мектепте оқыды. Са­ба­ғы да, тәртібі де жақсы еді. Сы­нып­­тастары арасында да сыйлы болды. Әдеби кітаптардан бас алмай­тын. Ағалары «әлгі оқымысты қайда?» деп іздейтін де жүретін. Сурет салатын, волейболға баратын. Бірақ тұйықтау еді. Есімде, 11-сыныпты бітірген жылы бір баланың өмі­рін құтқарып қалды. Қалай дейсің ғой, кешкісін ауруханада жатқан ағасына тамақ апарып келе жатып, сая­бақ ішінен қашып шыққан бала­ла­рды көреді. Сөйтсе, сол жерде бі­реуді пышақтап кетіпті. Кімдер еке­нін ұмытыппын. Раджанымның қам­қорлығы ғой, топпен бірге ілесе қашпай, жанындағы досы екеуі әлгі жараланған баланы көтеріп алып, жолай кездескен көлікпен ауруханаға жеткізген. Ол әскери борышын өтеуге іргедегі Күршімге барды. Жақын жер деп қуандық. Алты айдан соң үл­кен ұлыммен бірге барып қайт­тым. Бір күн қасымда болды. Бұл соңғы көруім екен. Күршімнен анау Тәжік­станға кетіп қалады деп кім ойла­ған?! Ағаларымен ақылдасып, маған айтпаған. Тәжікстанға кеткенін білген де жоқпын. Бір сөйлескенімде, «телефонмен сөйлесуге шақырмаңыз, хат жазбаңыз, Алматыға волейбол­дан жарысқа кетіп барамын. Сол жақта кідіретін болуым керек», деді. Аға­ла­рына «барлық тактикалық жат­ты­ғулардан өттім, уайымдамаңдар. Келген соң жоғары оқу орнына құжат тап­сырамын», депті. Мен үйге сүйек­ті әкелгенде ғана баламның Тәжік­стан­да болғанын білдім, – деп әжім­ден­ген қолдарымен анасы Тәжікстан президентінен келген марапатты ұс­тат­ты. – Міне, тәжік еліне рахмет! Неше жыл өтсе де, ұмытпай ұлық­тап жатыр ұлымды. Оның үстіне, Тәжік­стан­да Раджан Батырханов атында бір мектеп, бір көше бар екен. Шетел құрлы болмады өз еліміз деп қоямын.

Бізде ше? Катонқарағай ауылында Р.Батырханов атында көше және түк­пірдегі Шындығатайда застава бар. «Халық Қаһарманы» атағын беру тура­­лы ұсыныстар айтылғанмен, нәти­же жоқ әлі. Ал батырдың сыныптас­тары өзі оқыған Е.Рыков мектебіне Рад­жанның есімін беру керек деп есеп­тейді.

– Біз ғана емес, қазақ елі Рад­жан­дай батырымен мақтануы керек. Р.Батырханов атында дәстүрлі жарыс­тар ұйымдастырылып тұрса дейміз. Ал өзі оқыған мектепке атын берсе, өте орынды болар еді. Бұл ұсынысты Катонқарағай халқы қолдайды деп ойлаймын, – дейді сыныптасы Айқын Залемұратов.

Иә, білім ордасына атын беріп, ауы­лына кеуде мүсінін орнатып қойса, ер есімі мәңгі ел есінде жүрер еді. Қарулас достарының айтқан әңгі­ме­ле­рі­не құлақ түрсек, қарша бораған оққа төтеп беріп, ондаған содырды жер жас­тандырған Раджанның ерлігіне қайран қаласың.

Қарулы қақтығыс

ТМД аумағына үлкен қауіп төн­генін байқаған мемлекет басшылары 1993 жыл­дың қаңтарында шұғыл жиналыс өткізеді. Кеңесе келе, шекараны бірге қорғау туралы шешім шығарып, сар­баз­­дарды сапқа тұрғызған. Тәжік-ауған шекарасында болған ардагер­лер­дің айтуынша, «Қазбатқа» жауын­герлік дайындықтан өткен кіл мық­тыл­ар топтастырылған. Өйткені ба­­қай­шықтарына дейін қаруланған әккі содырлармен соғысуға аттанып жат­ты олар. Сол уақытта шекарадан ірі көлемде есірткі заттар өткізіліп, заңсыз әрекеттер жиілеп бара жатқан. Тәжікстанның оңтүстік шекарасында оқтын-оқтын оқ атылып, қарулы қақтығыстар болып тұратын.

1994 жылдың 28 қыркүйегі. Гаю­ра мен Қарақол лаңкестері елді дүр­лік­тіріп тұрған кезі. Үкіметтің 30 шақты әскерін тұтқынға алған лаң­кес­тер кешкі сағат бестер шамасында Р.Батырхановтар бекінген елді мекеннің маңынан өтіп бара жатып, комендатураға оқ атады. Олар Киврон шекара заставасына бет алып, Ауғанстан асып кетпек болған. Оны сезген комендант Анатолий Михеев жеке құрамды көтеріп, содырлардың соңына түскен. Қосымша күш жеткенше лаңкестерді кідіртпек болғандары ғой. Бірақ бұл кезде кезекшілікке шығып кеткен заставаның сарбаздары Хакимнің содырларымен бетпе-бет келіп қалған. Күштің басымдығын байқаған лаңкестер жолда көлденең тұр­ған шекарашылардың БТР-ын ал­мақ болады. Застава бастығы лей­тенант К.Селюк қолға қару алмас бұрын ымыраға келгісі келген. Жа­нына кіші сержант Р.Батыр­ха­нов­ты алып, банда басшысымен сөй­лесіп көреді. Көнгісі келмеген содырлар К.Селюкке жұдырық жұм­сай­ды. Жағдайдың күрделеніп бара жатқандығын БТР-дың үстінен бай­қап тұрған Асқар Қаңтарбаев «до­ғар­масаңдар, пулеметтен оқ боратамын» дегендей содырларға ишарат жасайды. Содырлар көнген сыңай танытып, алыстай бере Р.Батырханов пен К.Селюкке оқ ата бастаған. Рад­жан сол сәтте-ақ бесеуін жер жас­тан­дырған. Енді бірін сарбаздарға қа­рай гранат лақтырғалы тұрған же­рінде сұлатып түсірген. Застава бастығының автоматы істен шығып, аңтарылып қалған сәтте лаңкестердің бірі оны таяп барып атып тастамақ болады. Оны байқаған Раджан автоматты соған кезейді. Қарсылас та қарап тұрсын ба, атқан оғы Раджанның жамбасына тиіп, күре тамырды үзіп өтеді. Жа­раланып жатқанымен, атысты тоқ­тат­пайды. Тоқтаса, жоғарғы жаққа бекінген сарбаздарды лаңкестер жайратып тастауы әбден мүмкін екен. Дұшпандар әлсіреген кезде К.Селюк өмірін құтқарып қалған қаруласын арқалап, майдан даласынан алып шы­ғады. Тікұшаққа жеткенімен, 19 жастағы кіші сержант Р.Батырханов көз жұмады.

– Сол сұрапыл күндерді еске ала бергім келмейді. Әйтеуір 1993 жылы Күршім шекара отрядынан ша­қы­рылып, Алматы облысында жас жауынгердің курсынан өттім. Катонқарағай ауданындағы коменда­ту­рада қызмет атқарып жүріп, 1994 жылы өз еркіммен тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттандым. Сол жылдың 28 қыркүйегіндегі соғыс әлі күнге көз алдымызда. Мен жоғарғы жақ­тағы қаруластарыма оқ-дәрі жет­кі­зіп тұрдым. Сондағы Раджанның көзсіз ерлігіне шын риза болдық. Оққа ұша­ды деп ойламаған едік. Соңғы демі қалғанша лаңкестерге оқ жаудырды, – дейді қарулас досы Нұржан Атишев.

Бұл қақтығыста қырық шақты дұш­­пан жер жастанып, елуі жара­ла­ныпты. Қашып үлгергендері де қолға түсіп, тұтқындағы сарбаздар құтқарылған. Ресми деректерге сү­йен­сек, 1991-1999 жылдар ара­лы­ғын­да алты мемлекеттің бі­рік­кен күш­тері 3 мыңнан астам қыл­мыс­тық топ­ты талқандаған. 30 тонна есірткі жо­йылған. Жүздеген оқ-дәрі, қару-жарақ тәркіленген. Мінеки, «Қаз­бат­тың» қайсар да қырағы әскер­ле­рі­нің арқасында тәжік елінде бей­біт­ші­лік орнады. Оның ішінде Раджан Ба­тыр­ха­новтың жанкешті ерлігі ерекше еді. Ойлап қарасақ, Р. Ба­тыр­ха­новқа «Халық Қаһарманы» ата­ғы берілсе де, қоладан мүсіні құ­йыл­са да артық емес еді.

 

Шығыс Қазақстан облысы