Аталған сот азаматтар мен лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың арасында туындаған дау-дамайдың ақ-қарасын тексеріп, заң аясында әділ шешім шығаруды көздейді. «Соттың міндеті – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, мемлекеттік басқарудың тиімді және ашық болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жария-құқықтық саладағы заң үстемдігін қамтамасыз ету. Біздегі сот отырыстарында судья «Сіз қателесесіз» деген сөзді айтуы мүмкін. Яғни біз азаматтардың құқықтық мүддесіне қайшы келетін шешім қабылдаған лауазымды тұлғаны немесе мемлекеттік органды жазаға тартпай тұрып, оларға қатесін мойындап, өзі шығарған орынсыз шешімді өзінің жоюына мүмкіндік береміз», дейді сот төрағасы Ибрагим Дезиев.
Сот уәжіне көнгісі келмеген мемлекеттік органдар заң күшімен жауапкершілікке тартылады. Мысалы, мамандандырылған әкімшілік сот дәл осындай жолмен азаматтардың мүддесіне қайшы келетін шешім қабылдаған мемлекеттік қызметшілерді әкімшілік жазаға тарту туралы 14 жеке қаулы шығарған. Осылайша, шешімнің қате екені сот арқылы дәлелденіп, шенеуніктер тиісті жазасын алды. Ал осы шешімдерден құқығына нұқсан келген азаматтардың мүддесі заңмен қорғалды.
Жарты жыл ішінде сотта қаралған мемлекеттік сатып алу саласындағы дауларға қатысты 22 істің төртеуінде шағымданушы тараптың талабы қанағаттандырылған. Сондай-ақ сот жер дауына қатысты қаралған 20 істің төртеуінде, ал салық дауына қатысты 13 істің сегізінде арыз айтушының құқығын қорғап қалған.
Мамандандырылған әкімшілік сотқа келіп түскен арыз құжаттардың ішінде, әсіресе сот орындаушыларының әрекетіне қатысты шағымдар көп кездеседі. Мұндай шағымдардың негізінде ұзын саны 82 іс қаралыпты, сот 22 істі шағымданушының пайдасына шешіп берген. Бұл істердің дені сот орындаушылары шығарған борышкердің мүлкін аукционға шығару, тыйым салынған мүлікті бағалау, алимент мөлшерін анықтау туралы қаулылардың күшін жоюға қатысты қаралған. «Заң бойынша сот орындаушы, қажет болған жағдайда ғана, тыйым салынған мүлікті нысан құнының 50%-нан төмен бағаға сата алады. Мұндай қатаң шара іс әбден насырға шауып бара жатқанда ғана қолданылуға тиіс. Алайда сот орындаушылары өз жұмысын жеңілдету үшін осындай шешімдерді негізсіз көбейтіп жіберген. Мысалы, пәтердің құны 50 млн теңге делік, сот орындаушысы оны 15 млн теңгеге сатып жібереді. Осылайша, азамат әрі баспанасынан айырылып, әрі қарызға батқан күйінде қалады. Ең қызығы, тыйым салынған мүліктің бағасын иесі тайға таңба басқандай етіп анық көрсеткеніне қарамастан, сот орындаушылар бәрібір өздеріне ыңғайлы бағаны қойып отырған», дейді сот төрағасы.
Мәселен, былтыр қыркүйек айындағы сот отырысында қаралған иесінің ықтиярынан тыс саудаға салынған мүлікке қатысты істі алайық. Борышкердің үйінің нарықтағы бағасы 18,9 млн теңге бола тұра, жеке сот орындаушысы Ж.Қорғанбеков оны 13 млн теңгеге сатуға қойған. Борышкер сотқа жүгініп, электронды сауданы тоқтатуды өтінгенімен, сот орындаушысы мүлікті сатып үлгерген. Бұл істі қарап шыққаннан кейін сот электронды сауданы заңсыз деп тапты. Нәтижесінде, үйді сатушы да, сатып алушы да, тіпті сот орындаушысының өзі де жапа шегіп отыр. Судьяның айтуынша, электронды сауда арқылы тыйым салынған мүлікті сатып алудың қашанда тәуекелі көп болады. Арзан мүлік сатып алуға ұмтылғандар осыны есте ұстауға тиіс.
Тағы бір мысал, былтыр жеке сот орындаушысы Азамат Жылқайдаров «Даму» қоры мен «Еуразиялық банк» арқылы несие алып, пандемияға байланысты несие қарызын уақтылы жаба алмаған жеке кәсіпкер Валерий Киценконың жылжымалы-жылжымайтын мүліктерін электронды саудаға шығарады. Жеке кәсіпкердің борышы 70 млн теңге бола тұра, аукцион арқылы сатуға шығарылған мүліктердің құны 150 млн теңгеден асып кеткен. Сот, әрине, В.Киценконың құқығын қорғап қалды.
Бұған дейін, әсіресе банктер мен тұрғындардың арасында туындаған дауларда білікті заңгері бар банктердің қашанда дегені болып жататыны белгілі. Алайда мамандандырылған әкімшілік соттар құрылғалы, істі біржақты қарамайтын сот алқасы мен тұрғындардың мүддесін қорғайтын әділ шешімдер де көбейді. Мысалы, таяудағы сот отырыстарының бірінде сот орындаушысы Бақытгүл Бегділдинаның тыйым салынған мүлікті бағалауға маман қатыстыру туралы қаулысы жойылды. «Форте банк» АҚ мен борышкер азаматтың арасында туындаған дауда сот орындаушы банктің мүддесін қорғаған. «Бұл іс бітімгерлік жолмен жабылды. Мұндай жағдайларда кінәсін мойнына алған адамға айыппұл салынбайды. Егер біздің сот шығарған шешімде көрсетілген талаптар кейін орындалмай жатса, бірінші 10 АЕК, екіншісінде 20 АЕК айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері, тіпті 100 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Біз мұндай дауларды қарау барысында іске кез келген уақытта үшінші тұлғаны тарта аламыз. Біздің сотта өз іс-әрекетінің дұрыс немесе қате екенін жеке азамат емес, мемлекеттік орган дәлелдеуі керек», деді Ибрагим Дезиев.
Б.Майлин ауданы әкімінен қысастық көрген азамат өз құқығын мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот арқылы қорғап қалғанын айта кеткен жөн. 2013 жылы аудан әкімі жергілікті тұрғын Марат Көпжасаровқа ауылдық округтердің бірінен жер телімін пайдалануға береді. Жерді жалға алу шарты 2016 жылдың 3 наурызына дейін, үш жылға жасалады. Құжатын жоғалтып алған азамат 2021 жылдың шілде айында келісімшарттың көшірмесі мен жерді уақытша пайдалануға құқық беретін актіні жасап беруді сұраған. Алайда әкімдіктегілер «Аудан әкімінің 2013 жылғы жерді жалға беру туралы қаулысы 2016 жылы жойылып кеткен» дегенді желеу етіп азаматтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартады. Сот отырысы барысында әкімдік өкілдері әкім әрекетінің заңсыз екенін мойындап, заң үстемдігі орнады.
Қостанай облысы