Бейресми форматтағы кездесуге мұрындық болған Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев Катонқарағайдан басталған іс-шара өзге өңірлерде де жалғасын табатынын айтты.
– Шығармашылық-ақпараттық кездесуді қайдан бастаймыз дегенде, бірден Катонқарағайдан бастау керек дедім. Неге дегенде, руханияттың ұйысқан бір жері осы – Катонқарағай. Өздеріңіз біліп отырсыздар, қаңтар оқиғасы күллі қазақ халқына оңай болған жоқ. Оны жуып-шайып, қайта айтатын емес. Бұл оқиғадан кейін Президент үндеуін жолдады. Сондағы айтқаны, шынайы «Жаңа Қазақстан» құру. Тыңдасаңыздар, Мемлекет басшысы көкейімізде жүрген көптеген мәселені, жүйедегі кемшіліктерді ашып айтып берді. Қазір Президенттің мойнында өте ауыр міндет тұр. Елдігімізді сақтап қалайық десек, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтамыз десек, Қ.Тоқаевты қолдауымыз керек, – деді Әлібек Қаңтарбаев.
Өз кезектерінде сөз алған қатысушылар да Президенттің жүргізіп отырған саясатына қолдау білдіретіндерін жеткізді. Қолдап қана отырған жоқ, шынайы жаңа Қазақстаннан үміт күтіп отыр. Шекара шебіндегі ауданнан табан аудармай отырған ақын, журналист Жәнібек Қызыр Мемлекет басшысының жұмысына ризашылығын білдіре келе, тұрғындардың саны екі-үш есе азайып кеткен аудандардың жағдайын ерекше назарға алса екен деген тілегін де айтып қалды.
– Президент – руханият уызына тойған адам. Әмбе, белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы. Осы уақыт ішінде халықтың сенімінен шықты. Енді Қазақстанды жаңартады, кемшін тұстарын түзейді деп сенеміз. Жалпы, катонқарағайлықтар – жақсылықтан үміт күтіп келе жатқан ел, – деді ақын Жәнібек Қызыр.
Иә, шекара аудандарындағы елдің тұрмысы, халық санының азаюы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл тақырып қозғала қалса, шекарада жатқан әр ауылдың азаматы пікір білдіруге әзір. Айта кетсек, Президент бұл проблеманы да өз назарына алып, үкіметке тапсырма берген-тұғын. Журналистер тарапынан да бірнеше рет қозғалған.
– 1997 жылы әйтіп-бүйтіп жатқан кезде Катонқарағай құрыққа ілініп кетті. Өздеріңіз білесіздер, сол 1997 жылдан кейін халықтың жаппай қалаға андыздауы басталды. Оған дейін халықтың қопарыла көшуі болған жоқ. Бірақ сол кезден бері Үкіметке де, Президентке де жазылып келеді. Байқаймын, сең сөгіле бастаған сияқты, – деп өз ойын айтқан Әлібек Қаңтарбаев әңгіме ауанын шығармашылыққа бұрды.
Рухани кездесуде белгілі ақын Серік Құсанбаев ән салып, ақын Ермек Дайырбаев өлең оқыды. Мынау пандемияның кесірінен өлең-жырға сусап қалған халық ақын-жазушыларға, журналистерге құрмет-қошемет көрсетті. Іс-шараға көрермен ретінде қатысқан Көкбастау негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Медет Әділханов өзімен бірге ерте келген ақын шәкіртін таныстырып, ел ағалары алдында жас ақын жауқазын жырларын оқыды, үлкендердің ақ батасын алды. Кездесу соңында аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов зиялы қауым өкілдерінің ауыл жұртшылығымен өткізген тағлымды жүздесулері үшін аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы