Қазақстан • 24 Ақпан, 2022

Бағдат Мусин Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездесті

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағдат Мусин Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездесті

Бағдат Мусиннің айтуынша, Президенттің кадрлық резерв жасақтау туралы бастамасы - мықты мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

«Баршамыз «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз. Сол «Жаңа Қазақстанды» құруға қандай септігімді тигізе аламын деп ойлану керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай. Бұл үшін өздеріңіз де ынталы болу керексіздер. Кадрлық резерв - жас әрі ынталы мамандар үшін керемет мүмкіндік. Әрі қарай қалай жұмыс істейсіздер, қай бағытта ат салысасыздар - өздеріңізге байланысты. Ең бастысы, мақсатты айқындап, жауапкершілікті сезіну қажет», деді министр.

Сондай-ақ, Бағдат Мусин бірінші құрамдағы резервистермен ЦДИАӨМ-де қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндап берді. Оларға басқарма басшысы, департамент директоры және директордың орынбасары, аймақаралық инспекция басшысы ваканттық лауазымдары ұсынылған болатын.

Қазіргі уақытта ЦДИАӨМ мен соған қарасты ұйымдарда Президенттік жастар кадрлық резервінің 14 мүшесі жұмыс істеп жүр. Оның үстіне 2022 жылғы іріктеу нәтижесі бойынша ЦДИАӨМ қарасты ұйымдардың 2 қызметкері Президенттік жастар кадрлық резервіне енді.