Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Қазпошта» АҚ клиенттері еліміздегі барлық бөлімшелерде сәлемдемелерді қабылдау және жөнелту кезінде цифрлы жеке куәліктерді пайдалана алады. Жоба Қазпоштаның пошта қызметтері үшін қанатқақты режімде іске қосылды.
Жаңа қызметті пайдалану үшін eGov mobile мобильдік қосымшасында авторизациядан өту; «Қызметтер» бөліміндегі «Цифрлы құжаттарды таңдау»; Қажет құжатты таңдау; Құжатқа «Қол жеткізуді ашу» түймесін басу; «Қазпошта» АҚ операторына алты таңбалы қысқа кодты хабарлау қажет.
Операторлар өздерінің деректер базасына бірегей қысқа кодты және жүйе клиенттің жеке басын куәландыратын құжатты автоматты түрде жүктейді. Клиентті сәйкестендірудің бұл механизмі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тараптардан түскен алаяқтықтың алдын алады.
«Цифрлы құжаттар» сервисі азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі таңда пайдаланушылар саны 6,4 млн адамды құрайды. Бұл сан күн сайын өсіп келеді және біз бұл қызметті өмірдің барлық саласына енгізуге тырысамыз. Енді Қазпошта клиенттерінің де осы ыңғайлы сервисті пайдалану мүмкіндігі бар. Цифрлы трансформация азаматтар үшін де, бизнес үшін де көптеген бизнес-процестерді жақсартып, жеңілдеткеніне қуаныштымыз», деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Цифрлы құжаттарды пайдалану Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Қазпошта» АҚ ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың нәтижесінде мүмкін болды.
«Сервис нәтижесінде Қазпошта клиенттерінің бөлімшелерінде жеке деректерді растау үшін eGov mobile қосымшасы арқылы жеке басын куәландыратын цифрлы құжатты көрсету мүмкіндігі пайда болады. Бұл біздің клиенттерімізге сәлемдемелерді қабылдауды және беруді айтарлықтай жеңілдетеді. Өйткені көбінесе барлық клиенттер бөлімшеге жеке куәліктің түпнұсқасымен келмейді, ал смартфон әрқашан «қол астында» болады. Сонымен қатар цифрлы құжаттарды пайдалану мүмкіндігін енгізумен Қазпоштаға жеке куәліктердің көшірмелерін алудың және сақтаудың қажеті жоқ. Бұл қағаз материалдарының шығынын айтарлықтай оңтайландырады», деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.
Атап өткен жөн, қазіргі уақытта eGov mobile мобильдік қосымшасындағы «Цифрлы құжаттар» сервисі 18 құжаттан тұрады, олардың ішіндегі ең танымалдары: жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцинация паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік. Бүгінгі таңда цифрлы құжаттарды еліміздің барлық әуежайларында, «ҚТЖ» АҚ теміржол вокзалдарында вагондарға отырғызу кезінде, «Отбасы банк» АҚ, Beeline бөлімшелерінде, сондай-ақ ЕДБ мен нотариустардан қызмет алу кезінде пайдалануға болады.
Айта кетелік, цифрлы құжат – цифрлы құжаттар сервисі қалыптастыратын, мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді электронды нысанда алу үшін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде қажетті электронды құжат. «Цифрлы құжаттар» сервисі жеке басты куәландыратын құжат түпнұсқасының электронды нұсқасын тікелей пайдалануды көздейді. Бұл азаматтарға басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қандай да бір қызметтер көрсету үшін (мысалы, әуе және т/ж билеттерін сатып алу кезінде және т.б.) электронды құжатты ұсынуға мүмкіндік береді, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасы.