Руханият • 25 Ақпан, 2022

Біз Алаш қайраткерлерінің жолын ұстанамыз – Ерлан Қарин

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,  ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеудің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Біз Алаш қайраткерлерінің жолын ұстанамыз – Ерлан Қарин

Мерейтойдың салтанатты ашылу рәсімі «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт қайраткеріне құрмет көрсетуден басталды.

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік хатшысы  Ерлан Қарин қатысып, сөз сөйледі.

– Біз Алаш қайраткерлерінің дара жолынан өнеге алып қана қоймай, оны әрдайым басты бағдар етіп ұстанамыз. Өйткені Ахаң сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» демейтін бе еді Ахаңның өзі. Біз – сол Ахаң дәл жеткізіп айтқан ертеңде өмір сүріп жатқан және оны болашаққа жалғайтын ұрпақпыз, – деді Мемлекеттік хатшы.

Конференцияда сөз алған ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының басшысы Криста Пиккат Ахмет Байтұрсынұлын әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде атап өтті.

Жиынға Парламент депутаттары, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, отандық және шетелдік алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Ғалымдар М. Қойгелдиев, А. Ісмақова, Ш. Құрманбайұлы, Д. Қамзабекұлы, А. Фазылжанова және Насими атындағы Әзербайжан ұлттық ғылыми академиясы Тіл білімі институтының доценті Э. Ибрагимов баяндама жасады.

«Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» тақырыптарында өткен секциялық отырыстарда 20-дан астам отандық және шетелдік ғалымдар ұлт ұстазы туралы жан-жақты баяндама жасады.