Өнер • 27 Ақпан, 2022

Терең ізденісті қажетсінетін театр

631 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өнердің қай саласына болсын шығармашылық ізденіс тән.

Терең ізденісті қажетсінетін театр

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Ал театр өнері үшін сол ізденістің үздіксіз болуы аса маңызды. Өйткені бұл – қоғамның бүгінгі үні мен тынысын көркемдікпен баяндайтын ерекше өнер. Сол қоғамның көшіне ілесе алмайтын, адамзат проблемасын әр уақыттың өз тілімен ашық түрде насихаттауға ниетсіз, сол арқылы болашаққа бағдар жасауға мүмкіндігі жоқ сахналық өнерде мәннің де, сәннің де болмайтыны ақиқат. Осы тұста қазақ театрларының бүгінгі тынысы қандай, сахналық-көркемдік ізденісі қай бағытта, қандай деңгейде деген сауалдың тұруы заңдылық.

Елімізде дәл қазіргі таңдағы сахна­лық өнердің аса қарқынды дамып келе жатқандығы белгілі. Яғни жаңа форма, жаңа көзқарастың қалыптасып үлгер­геніне біршама уақыт болды. Сол негізде әсіресе жас режиссерлер арасынан айтулы есімдердің танылғанына да куә болып жүрміз. Демек бүгінгі шығармашылық ұжымдардың ішінде сан жағынан аз болса да әлемдік сахна өнерінің даму үдерісімен санасып, соған ілесуге мүмкіндігін бай­қатып жүрген ұжымдар жоқ емес. Әрине, мұндай мүмкіндіктердің еліміздегі барлық дерлік театрда орын алып отырмағаны анық.

Жалпы, елімізде ресми түрде біле­тініміздей, алпыстан аса театр бар. Соның ішінде тарихы өткен ғасырдың алғашқы жартысында қалыптасып, дамудың түрлі сатысынан өткен, тәжірибелі ұжым­дар сан жағынан едәуір. Алайда олар­дың бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл алаң­датарлық деңгейде. Бұған дәлел Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының шығармашылық әлем­нен алшақ жатқандығы. Анығын айтар болсақ, өткен жылдың соңғы ай­ла­рының бірінде аталған театрдың ре­пертуарындағы спектакльдерін көру үшін Семей қаласына баруға мүмкіндік туды. Ұлттық театр өнерінің қайнар көзі, бастауы саналғанымен, мәдени орта­лықтан шалғай жатқан ұжымның қазір­гі шығармашылық ізденісі кімнің де болмасын қызығушылығын тудырмай қоймайды, әрине.

М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Ай­ман – Шолпан», «Абай», «Бәйбіше – тоқал», Б.Майлиннің «Майдан», «Шұға», «Жалбыр», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тәрізді кесек шығармаларын сахналаудан бастаған ұжымның тарихында А.Александровтың «Малиновкадағы той», А.Корнейчуктың «Платон кречет», Н.В.Гогольдің «Үйле­ну», «Ревизор», Ү.Ғаджыбековтің «Ар­шын – мал алан», К.Гольдонидің «Екі мыр­заға бір қызметші», Н.Островскийдің «Жарлылық ұят емес», Н.Хикметтің «Ма­хаббат туралы аңыз», Ш.Айтматовтың «Жәмила», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», т.б. айтар ойы салмақты, режиссердің де, актердің де кеңінен һәм тереңнен ізденуіне ықпал ететін, әрбір өнерпаздың көсіліп ойын көрсетуіне мүмкіндік беретін сом шығармалардың қойылғанына аталған театрдың тарихы куә. Осындай шығармалар арқылы өздерінің қарым-қабілетін, қиял байлығын танытқан Бәйтен Омаров, Есмұхан Обаев, Шопан Кәрібаев сынды білікті режиссерлермен біте қайнасып қызмет еткен Нұритдин Атаханов, Әбілқасым Жаң­бырбаев, Гүлсім Әбдірахманова, сек­сенінде сахнадан түспеген Күләш Сә­киева сынды нар актерлердің көзін көрген, ізін басқан бүгінгі буынның өнерге деген салқынқандылығы көз де, көңіл де қуантпады. Біз көрген спектакльдердің көркемдік деңгейінің тым төмендігіне заманауи көзқарастың жоқтығы, қаражат тапшылығынан арзан (немесе тегін) драматург пен режиссерге жәутеңдеуге мәжбүрлік себеп болған.

Театр басшысының айтуына қарағанда, бір кездері ортақ шаңырақтың астында отырған үш театрдың әрқайсысына облыс­тық әкімдік тарапынан бөлінетін қомақты қаражаттың көлемі соңғы кездері тым қысқарып кеткен. Әрине, пьеса авторы мен режиссер қаламақысының, бір спектакльге қажетті компоненттердің: декорация, костюм, ән жазу, афиша, жарнама, т.б. қазіргі күнде арзан тұрмайтынын ескерсек, тым аз қаржының қандай театрдың болмасын адымын аштырмайтыны белгілі. Ұжымның көбінде тегін драматургке, арзан режиссерге жүгінуге мәжбүр болып отырғаны осыдан. Демек бұл – арзанның сорпасы татымайды деген сөз.

Әрине, қаражат мәселесі, оның жыл сайынғы бөліну процесіндегі олқы­лықтар – бір Абай театрына ғана емес, жалпы облыстық әкімдіктерге қа­рас­ты ұжымдардың көпшілігіне ор­тақ мәселе. Алайда Алматы, Нұр-Сұл­тан қа­лаларындағы өнер ошақтарын айт­пағанда, кейде көріп қалған облыс­тық ұжамдардың гастрольдік қойы­лымдарының, халықаралық, респуб­ликалық театр фестивальдерінде көріп жүрген басқа да спектакльдер мен Семей театры репертуарындағы шығармалардың көркемдік деңгейінің арасы жер мен көктей. Фестиваль демекші, гастрольдерде, халықаралық, республикалық теат­р фестивальдерінде бір емес, бірнеше мәрте көрсеткен Иран-Ғайыптың пьеса­сы негізіндегі сахналанған «Кері­кет­кен» («Адасқан бақ құсы») спектак­лі­нің театрдың ізденісіне салмақ қо­сып, репертуарлық жыртығына жамау бола алмасы анық еді. Бір кездері Ал­маты қаласының жұртшылығына ұсын­ған «Махаббат қызық, мол жылдар» спектаклінің де бұл театрға табыс алып келмегенін білеміз.

Осы тұста әрбір спектакль үшін арнайы тігілуге тиісті кейіпкерлер костюм­дерінің жұпынылығының да көзге бірден түскенін айтқымыз келеді. Орысша айт­қанда «подбор» киімдердің тым ес­кілігі, кейіпкерге де, рөл орындаушыға да сәйкес келмейтіні көрініп тұр. Бұдан кейін грим мәселесін сөз етудің өзі артық сияқты. Театр әртістері сахналық грим мен күнделікті бояудың (макияж) аражігін ажырата алмайтын сыңайлы. Тақырыбы айтып тұрғандай, жасы жиырмада болғанымен мәңгілік баланың күйін кешкен Ләйләнің рөліндегі Сұлушаш Төлекованың тұрпайы бет бояуы кейіпкердің әлеуметтік, психологиялық-потологиялық ахуалына мүлдем қарама-қайшы. Сол сияқты тұрмысы тым аянышты беріліп, спектакльде өте жұпыны күн кешетін, тұрғылықты үйі тым бейшара күйде безендірілген Қатираның сәнді, таза киімі де сол қарама-қайшылықты одан әрі тереңдеткен. Бұлардың барлығы – «Мәңгілік бала бейне», «Кешір» («Лифт»), ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап қойылған «Бес нәрсе» және балаларға арналған «Ойыншықтар» спектакльдерінен байқалған олқылықтар. Алғашқы спектакльдегі өте жұпыны декорация, сахна төріндегі Тамғалы шатқа­лындағы тастарға қашалып салынған Күн басты құдайдың бейнесі мен түтінге оранған қаланың қатар тұрған сәтсіз әрі түсініксіз плакаты («Бес нәрсе»), «Кешір» қойылымындағы актерлер әрекет ететін тар лифтінің формасы мен сахна төріндегі LED экраннан бейне-жазбамен берілетін лифтінің төмен-жоғары теңселген жү­рісінің қатар берілуі театрдың ізденісін аңғартпады. Түпнұсқа атауы «Кешір» деп өзгертілген шығармада рөл орындау­шы­лар тар шеңберде (лифтіде) өнер көр­сеткендіктен, сол лифтінің ішінде то­ғыс­қан түрлі тағдырдың драмалық ха­лін, сон­­дай-ақ актерлердің сәтті ойындарын бай­­қаудың қиынға соққанын жасырмаймыз.

Сол сияқты актерлердің барлығында дерлік дауыс-дикцияның жоқтығы, олардың барлық қойылымда да бір орында тұрып сөйлеуі, рөлмен, кейіпкермен жұмыс жасауға деген енжарлық, ең бас­тысы, режиссердің жоқтығы, жалпы қоғам өміріне, өнерге қазіргі көзқараспен қарайтын, заманауи шешімдер жасауға бейім жастармен жұмыс жасауға нем­құ­райдылықтың басымдығы анық бай­қалады. Тағы бір айта кетерлігі – бұл театр­да кәсіби білімі бар әртістердің саны тым аз. Көбінде музыкалық, педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары мен колледждерді тәмамдаған мамандармен, яғни сахнаның сырын сонау іргетасынан бастап меңгермеген жастармен алға жылжимын деп ойлау – абсурд. Осы тұста театр өнерін түсінетін, түсінгісі келетін жастардың барын жоққа шығара алмаймыз, тікелей актерлік мамандықты иеленбесе де репертуардағы қойылымдардың басым көпшілігінде өнер көрсететін солар. Керісінше, сондай ынталы жас буынға жол көрсететін тәжірибелі әртістердің немқұрайдылығы басым деп айтар едік. Осындай мәселелермен қатар жарық бе­руші маманның шығармашылық ізде­ніске мойын бұра бермейтіндігін аңғаруға болады. Жарық беруші сол жарықтың спектакль үшін аса қажетті әрі маңызды компонент екендігін түсінбейтін болуы керек немесе өз ісіне немқұрайды қарау орын алған.

Салыстырмалы түрде айтқанда, бір­неше жыл бойы осы ғимаратта Абай атындағы және «Дариға-ай» жастар театрларымен бірге қызмет етіп келе жатқан орыс ұжымының шығармашылық ізденісі өте жоғары деңгейде екен. Мұны үнемі Ресейден режиссерлер мен әртістерді шақырып, көршілес елмен шығармашылық бірлестікте жұмыс істеп отырған театрдың бір ғана қойылымынан байқауға болады. В.Шукшиннің бірнеше әңгімесінің желісінде сахналанған А.Глуш­ковтың «Жить... Жить... Жить» спектакліндегі қарапайым әрі сауатты сценография мен киім үлгілері, рөл­дегілердің шынайы ойыны труппаның бүгінгі көрерменнің рухани-эстетикалық талғамына сай жұмыстар атқарып жат­қан­дығын айқындайды. Бір ауылдағы тұрғындардың күнделікті тұрмысын баяндайтын қойылымдағы актерлердің әр көрініс сайын костюмдері мен декорацияны жарықты өшірмей, көрерменнің көз алдында-ақ ауыстырып отыруының өзінде сахналық үлкен мәдениет бар. Ал қазақ театры үшін бірнеше секунд (әрине сахналық өнер үшін 2-3 секундтың өзі тым ұзақ) бойы сахна қараңғы болып тұруы керек екен. Жалпы айтқанда, Ф.Достоевский театры қомақты қаражатты та, дарынды режиссерді де, таланатты өнерпаздарды да табудың жолын тапқан. Демек барлық мәселені қаражатқа тіреп, қол қусырып қарап отырмай, ұжымның бүгінгі заманауи технологияларды қолдануға деген ниетін арттырып, үлкен дүниелер жасауға болады екен. Әрі дәл осы жерде ұлттық намыстың да бой көтергені дұрыс-ақ.

Ал «сен тимесең, мен тиме» қағи­дасын ұстанған Абай театрында ілгері дамудың жолына әлдеқашан түсіп, адам қиялының шексіздігін байқатып жатқан әлемдік театр үдерісіне ілесуден бұрын, сол ілесуге деген ой да жоқ сияқты. Ұжым мүшелерінің көпшілігінде өнерге деген фанатизмнің жоқтығы табудың көп­теген көздері мен мүмкіндіктері бар қара­жатты да, заманауи көзқарастағы репер­туарлық саясатты да жоқ еткен. Жалпы, соңғы он-он бес жылдың ішінде халық­тың рухани-эстетикалық талғамын арттыратын, бүгінгі күнге ХХІ ғасырдың көзқарасымен қарауға мүмкіндік беретін драмалық шығармалардың болмауы, тіпті музыкалық театр мәртебесіне сай спек­такльдердің жоқтығы (болса да тым аздығы) аталған театрдың шығармашылық ізденісінің төмен деңгейін танытып-ақ тұр. Аталған ұжымның заман көшіне ілесуге, әлдеқашан техникалық-технологиялық құралдардың қажетті әрі маңызды әдіс­терін меңгеруге бет бұрған қазіргі кейбір қазақ театрларының шаңына да ілесе алмай отырғаны ойлантады. Абайдың есімін сол ұлы ақын туып-өскен топырақта иеленіп отырған ұжымның осындай мә­селелерде селт етпеуі өкінішті-ақ.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жан­ғалиұлының өткен жылдың қараша айында жарық көрген «Халің қалай, театрым?» деген мақаласында театр өнерінің төңірегіндегі НЕГЕ деген сұрақтарды ортаға салуы осындай ұжымдардың жұмыстарын көріп-білгендіктен туындап отыр. Бұл көп сауалды қойып алып, соған жауап таппай дағдарған басшының осындай алға жылжудың орнына керікеткен театрларға жан ашудан туындаған жан айқайы болатын. Негізінен қазіргі театр, кино мен теледидардың Facebook, Instagram, Twitter сияқты басқа да әлеуметтік желілермен бәсекелестікке түсіп отырған уақытта сахналық өнер үшін атқаруға тиісті істер өте көп. Ал аталған театрға ұжым тарапынан іс пен ізденістің, басшы тара­пынан іскерліктің қажеттілігі қатты байқалады.

 

Зухра ИСЛАМБАЕВА,

өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры