400 беттен тұратын ауқымды еңбек Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия елдерінің ғалымдары қатысқан «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық ғылыми конференция аясында таныстырылды.
«Ұлт ұстазы» атты ахметтанудағы іргелі кітаптың авторы, филология ғылымдарының кандидаты, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Серікбай Оспанұлы да А.Байтұрсынұлы дүниеге келген ауылда туып-өскен. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ көп дүниені көкейіне түйіп өскен ғалым ұлт ағартушысының өмірін зерттей жүріп, қалың оқырманға арнап бұған дейін 56 мақала жариялаған болатын.
– Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен оның шығармашылығы жайында халық әлі де толық білмейді. Мысалы, ұлтының сауатын ашу мақсатында төте жазуды тапқан осы кісі. Ахаң жайында айтылар сөз көп. Сондықтан әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан 150 жылдық мерейтойына орай, «Ұлт ұстазы» деген кітабымды дайындадым. Бұл еңбек – менің өмірлік ізденісімнің жемісі, – дейді кітап авторы, ақын, профессор Серікбай Оспанов.
Жинақта ағартушы ғалымның өмірі мен шығармашылығынан бөлек, ақындығы, сыншылығы және өміріне ықпал еткен тұлғалар жайы сөз қозғалады. Сондай-ақ екі тараудан тұратын кітапқа Байтұрсынұлы туралы шетелдік ғалымдардың ой-пікірі мен ахметтанушылардың еңбегі де топтастырылып отыр.
Аталған кітаптың жарыққа шығуына Алматы қаласы әкімдігі мен «Түркі мәдениеті» халықаралық ұйымы тікелей қолдау білдірген.