Әлем • 28 Ақпан, 2022

Украинадан барлық азаматтарымызды алып шығамыз – ҚР СІМ ресми өкілі

2675 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстары қалай жүріп жатқандығы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Украинадан барлық азаматтарымызды алып шығамыз – ҚР СІМ ресми өкілі

«Украинада әскери әрекеттер жүріп жатыр. Және елден тек Қазақстан азаматтары ғана емес, басқа ел азаматтары да өз елдеріне оралғысы келеді. Біз қазақстандықтар үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Киевте 8  дипломатымыз бар. Қазақстандықтарды Польша шекарасына жеткізуде елшілік өкілдері бірге баруда. Бірақ, мамандарымыз жетпейді, елшілікте де біреу қалу керек. Отандастарымызды шекараға жеткізген соң, елшілік өкілдері қайтып келіп, келесі топ адамдарды жолға алып шығуда», деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Украина мен Польша шекарасында қазақстандықтарды елшіліктің өкілдері күтіп тұр.

«Олар тізім бойынша біздің азаматтарды тексеріп, одан әрі шығарып салады. Шекарада 2 елдің де кеден қызметі шұғыл әрі төтенше режимде жұмыс істеуде. Бастысы олар түсіністікпен қарауда. Біздің дипломаттар Украина қалалары мен Польша шекарасы арасында жанталасып жүр. Сондай-ақ жедел желі жұмыс істеп тұрғанын еске саламыз. Украина шекарасындағы ұзынсонар кептеліс 20-40 шақырымға дейін созылған. Біз ешкімді қалдырмаймыз, барлық азаматтарды алып шығамыз», дейді ол.