Атауы өзгерген партияның алдында шынайы модернизация жүргізу міндеті тұр. Қалай іске асады, уақыт көрсетеді. Өз тарапымыздан келесі мәселеге назар аударылуы тиіс деп санаймыз.
Ең бірінші кезекте «Парламенттік мәслихат» жобасын енгізуді шұғыл түрде қолға алған жөн. Мәслихат хатшысы партия филиалының төрағасы болған ретте ғана, атқарушы биліктің тиімділігі артады. Әйтпесе облыс пен аудан әкімі жергілікті атқарушы және өкілді билікті қос тақымына қатар қысып, билікті узурпациялап, өзі ұсынған бюджетті өзі бекіткізіп отыр. Бұл Конституциямыздың 3-бабында бекітілген билік бөлінісі қағидасын өрескел бұзушылық болып табылатындығын ескертеміз.
Екіншіден, мәслихаттың бақылау функциясын жетілдіруге бағытталған заң жобаларының пакеті әзірленуі тиіс. Әсіресе, олардың жергілікті жердегі Қоғамдық кеңестермен жұмысы ынтымақтастық принципін негізге ала отырып ұйымдастырылуына баса назар аударған жөн. Бүгінде жергілікті Қоғамдық кеңестерді құру функциясын мәслихатпен қабаттасып, әкім аппараты немесе ішкі саясат басқармасы атқаруда. Бұл толық мәслихаттарға өтуге тиіс. Атқарушы билік қоржынында кеткен, бірақ табиғаты өкілдік құзыретке жататын мәселелерді сүзе мониторингтеп, мәслихатқа қайтарып беру жұмыстарын қолға алу керек.
Үшіншіден, партиялық басқарудағы номенклатура мен бюрократия элементтерін үзіліссіз әлсірету, жеке адамдардың емес, ұжымдық шешімдердің және партия жарғысының рөлін арттыру, өңірлердегі филиалдардың жұмысын жергілікті халық үнімен үйлестіру кезек күттірмейтін мәселелердің бір парасына айналғаны жөн.
«Ата-баба аманаты» ұғымы «Аманат» партиясының рухани ұстынына айналуы керек. Араб тілінен енген «аманат» сөзі «міндеттеме» деген мағынаны білдіреді. Алайда көшпелі қазақ мәдениеті оны «ата-баба культімен» астастырып тұрақты ұғымға айналдырды.
Шығыстық дүниетанымда қоғамның мәдениеті оның өліге көрсеткен құрметімен өлшенеді. Бұл өз кезегінде қазақтардың дәстүрлі дүниетанымында «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін ата-баба культін қалыптастырды. «Ата-баба» культі – Шығыс халықтарының дүниетанымында кең тараған тәжірибе. «Аманат» дегенде еске ең алдымен осы – ата-баба аманаты түсетіндігі сондықтан.
«Ата-баба аманаты» деген сөзді тарихи санасы қалыптасқан, дүниетанымына сызат түспеген көне көз қариялардың, ел билігінде жүрген азаматтардың, ғылым мен шығармашылықтағы тұлғалардың аузынан жиі естіп жатамыз. Тілімізде кеңінен қолданылып келе жатқан осы бір рухы биік ұғымды естігенде селт етпейтін қазақ кемде-кем.
Аманат императиві – бабалар алдындағы перзенттік парызға адалдықты, ой-сана биігінде құрылымданатын құрметті білдіреді. Себебі «ата-баба аманатын» алып жүру әр азамат үшін бір жағы атан түйеге артарлық ауыр жүк болса, екінші жағы – абыройлы мәртебе, ұжымдық сана сенімі. Түптеп келгенде ұлттық танымдағы «ата-бабалар аманаты» – шежірелік дәстүрге бас тіреп, әр қазаққа түбінің бір, тағдырының ортақ екенін баяндап тұратын негізгі категориялардың бірі.
Аманат жолы – қазақтың бір жолы. Аманат жолы дегеніміз – адамды аманат иесі ретінде қарастырады. Уақыт тұрғысынан келер болсақ бұл кешегі өткен ата-бабаларымыздың, ертеңгі келешек ұрпақтың және мәңгілік бар – Абсолюттің алдындағы аманат. Бүгін сәтінде осы аманаттарды арқалап адам тұр. Кеңістік тұрғысынан аманат тәннің, жердің және он сегіз мың ғаламның жүгін артады. Қазақ халқы аманаттаған Аманат ұғымының мазмұны осылай.
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,
заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы