Қоғам • 02 Наурыз, 2022

Министр зейнетақы жүйесінде өзгерістер болатынын айтты

905 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында 2021 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарлар бойынша ведомство басшысы Серік Шапкенов Қазақстанның зейнетақы жүйесі одан әрі қалай дамитынын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр зейнетақы жүйесінде өзгерістер болатынын айтты

Серік Шапкенов өз сөзінде азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету болашақ зейнеткерлердің жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін батыл шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті.

Министр бүгінгі таңда елімізде 2,2 млн зейнеткер бар екенін еске салды.

2021 жылы қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу үшін пайдалану құқығына ие болды. 2022 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша 2,79 трлн теңгеге жуық сомаға барлығы 1 млн-нан астам өтініш мақұлданды.

Сонымен қатар, министр атап өткендей, жоғалған табысты зейнетақымен алмастыру коэффициенті ынтымақты зейнетақыдан жинақтаушы зейнетақыға көшуді ескере отырып, жыл сайын төмендейді.

«БЖЗҚ-ның есептеріне сәйкес, 2028 жылы зейнетақы орташа айлық жалақының шамамен 47,4%-ын ғана алмастыратын болады. 2040 жылы - 39,2%, ал 2060 жылы - барлығы 29,5%. Сондықтан зейнетақы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың қолданыстағы тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді Еңбек Министрлігінің басшысы Серік Шапкенов.