Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Жаңа Қазақстан жалаң ұран болмауға тиіс

2216 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Қасіретті қаңтар» ауыр да азапты, қайғылы да қаралы болуымен қатар ол ұшқыр уақыттың таза парағы ретінде бізді мүлде тың көзқарастарға жетелей жеткен жаңа дәуірдің басы еді. Самарқау жұрттың санасына сілкініс әкелген бұл оқиға біздің жаңа қадамдарымыз ретінде тарих таспасына анық таңбаланды. Ол өзінің қар үстіне тамған қанды жасымен бірге біздің көкірегімізде «Жаңа Қазақстан» деген жасампаз идеяны тудырып кетті.

Жаңа Қазақстан жалаң ұран болмауға тиіс

 

«Жаңа Қазақстан» – ұлттық идеяға айналуға тиіс. Ол бізді бірік­­тіретін, биік мақсаттары­мызды айқындайтын және соған толық жауап беретін арна болуы керек. Жалпы, замана өзі тудыр­ған, уақыт өзі айқындап берген бұл идея ұлттық идея ретін­де бүгін­гі Қазақстан дамуы­ның ішкі қа­жеттігінен, рухани сұ­раны­сынан, мемлекеттің тұтас­тығын сақ­тап қалуға деген шын құштар­лықтан туындады. Кез келген идея мемлекет алдында тұрған ең негізгі сұрақтарға жа­уап бе­ріп, ұлттың болашақтағы да­муы­на оң әсер етуге тиіс. «Жаңа Қазақ­стан» әлі де толық­қан­ды идея деп аталмағанымен, ол біздің өзі­міз жаққан жарық шам­шыра­ғымыз ретінде Қазақ­стан халқын бі­рік­тіретін, елдің бас­ты мақсаттарын айқындайтын, үдеден шығатын және халық кө­кейін­де­гі көп түйт­кілді сұрақ­тарға соны жауап бе­ре­тін идея ретінде өрістеуі керек.

Жалпы идеяның жоспарлы жүзеге асуына әрине халық, бірақ одан да бұрын мемлекеттік басқару жүйесі, яғни жоғарғы билік ынталы, құлықты болуға тиіс. Әуелі қоғамдағы жылдар бойы қордаланып келген мәселелердің түп төркініне шынайы үңіліп, олардың шешілу жолдары жоспарлануы керек. Әйтпесе, басында бүтін баспанасы жоқ, жалақысы мардымсыз, қарызы шаш етектен орта шаруа (дені жас­тар) ондай үлкен идеяларды жылдам жүзеге асыра алмайды. Қазақша айтқанда, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды». Марксше айтсақ, сананы тұрмыс билейді. Сонымен қатар біз мұндай идеялардың ең алдымен, мемлекет құраушы ұлт үшін керек екендігін ерекше ескеруге тиіспіз. Өзге ұлттардың алдында қазақ мүддесі тапталмауы керек. Әрине, ең алдымен қазақ тілінің қанаты қасақана қырқылмауы тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, Жаңа Қазақ­стан тілі – ол қазақ тілі болуы шарт.

Тіл – құрал. Тіл – келешек. Тіл – ті­рек. Біз «Жаңа Қазақстан» тарихын ата-бабамыздан аманатқа қал­ған ең бай мұрамыз, құнды да қа­сиетті тірі жәдігеріміз – қазақ тілінде жа­зу­ға тиіспіз. Қастерлі тілдің аясын ай­рықша кеңейтуіміз керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезеңге де келіп жетті. Алайда ол үшін бә­ріміз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Кез келген ұлттың, кез келген мем­лекеттің биік мақсаттарға жетуі ол – өзара қарым-қатынас тілінің қан­ша­лықты өміршең екендігіне тікелей байланысты.

Тілдің тұтастығы – ұлттың тұ­тас­тығы. Осындайда есімізге ежелгі дү­ние тарихынан белгілі «Вавилон мұ­нарасы» аңызы еске түседі. «Ва­ви­лон мұнарасы» – «Құдайға барар қақпа» деген мағынаны білдіреді. Вавилондықтар аталған қақпаны яки мұнараны Қосөзеннің ортасындағы әйгілі қаланың қақ ортасына құдіретті Мардук деген құдайларына арнайды. Аңыз бойынша ғаламат мұнара көкке жетуге аз қалғандықтан, құдай өзінің пенделері жасаған күпірлікке қаһарланып, мұнара салушылардың тілін сапырылыстырып, бір-бірін тү­сінбес үшін араластырып жіберген делінеді. Шынында да, бұл мұнараны түрлі ұлт өкілдері: мысырлықтар, иудейлер, ассириялықтар және т.б. салған деседі. Олардың көбін басқа жақтан осындай құрылыстарды салу үшін айдап әкелген. Ғалымдар зерттегендей, вавилондық бақылаушылардың таяғының астында ауыр халде жұмыс істеген құрылысшылар бір-бірінің тілін түсінбей, ығы-жығы, бей-берекет тіршілік кешкен. Жұмыс өнбеген. Осыдан «Вавилон сапырылысы» тура­лы аңыз қалады. Адамзат қашанда өзінің өрлеу кезеңін тарихи санамен сабақтастырып отыратынын ескерсек, біз де ана тіліміздің ертеңгі болашағына алаңдаған тұста осындай тарихтарды жас ұрпаққа жаңаша оқытуымыз керек.

Біздің Жаңа Қазақстан идеямыз – ол болашақ жолы. Осы жолда бір-бі­рімізді еркін ұғыстыратын, берік тұ­тастыратын, бір-бірімізді терең тү­сі­ністіріп тізе қостыртатын тіл саясаты үнемі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Ал бір-бірімізді түсінуге тырыспай, әр­түрлі тілде шүлдірлесетін болсақ, жо­ға­рыдағы аңыздай ойға алған ісіміз орта жолда тоқтайды.

Біз көп жағдайда «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөзді тереңіне үңілмей бетінен қалқып қолданып жатамыз. Отан – жеке тұлға. Сіздің ел мұраты үшін жасаған әрбір ізгі іс-әрекетіңіз ол – Отанға қызмет. Біз ана тілімізді қазан-ошақтың қасында ғана қолданбауымыз керек. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі  бұлжымайтын қағидаға айналған кезде ғана тілдің тамыры тереңдейді, сабағы жеміс береді.

Қазақ тілі – бұған дейін де ұлт­ара­лық тіл болған, тіпті ұлы-ұлы им­периялардың қарым-қатынас тілі ретінде осы күнге дейін өлмей, том-том кітап болып, құнарлы да бай қазы­насымен біздің еншімізге жазулы тұр. Тек қанымыздағы тіл рухын түнекте тұмшаламай, жарқыратып жарыққа шығаруымыз керек.

Жас буын – қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдырғаны жөн. Құнарлы да қасиетті, қазыналы да қарапайым қазақ тілі бүгінде ұлтымызды бүкіл дүниежүзіне әйгілі етіп жатқан Димаш Құдайбергеннің, Самал Еслямованың, Иманбектің, т.б. тілі ретінде шын мақ­танарлық, шын сүйсінерлік, шын қорғарлық тілге айналуы қажет.

Жаңа Қазақстан – жалпы идеал мем­лекет моделі болуы керек. Егер атал­ған идеяны философиялық, тарихи-танымдық тұрғыдан негіздеу керек болса, ойланбастан «Әлемнің екін­ші ұстазы» атанған ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Қайы­рымды қала тұрғындары» трактатын темірқазық етуіміз керек. Аталған еңбек билік пен халықтың жалпы сипаты туралы ережелерден бастап, ел басшысының қандай болуы керектігін жан-жақты саралап, халықтың мемлекет өркендеуіндегі рөлі, т.б. жайлы терең талдау жасайды. Бұл ең­бекпен қатар грек философтары Платон, Аристотельдің ізгі қоғам құру ту­ра­сындағы еңбектерін, Томас Мор­дың «Утопиясын», Тао Юаньмидің «Шаб­далы қайнары», т.б. еңбектерді «Жаңа Қазақстан» идеясына арқау ету қажет.

Жаңа Қазақстан идеясы ой-са­на­мызға оңтайлы орнығып, білі­мі­мізбен бекіп, ілімімізбен іргеленіп, рухани құн­дылықтарымызбен қатар қабысып, тұтас­тай алғанда өмір сүру философия­мыздың өзегіне айналғанда ғана өміршең идеяға айналады. Мә­селен, «Алаш» идея­сы.

«Алаш» та аз қазақтың басын азғантай ғана уақыт ішінде бір арнаға бүтін тоғыстыра алған тұтастық идея­сы. Біз ендігі жерде қандай қадамға барсақ та тек ұлттық мүддеге жұмыс істейтін, ұлттық санасы ояу ұрпақтың ғана жұмылып жұдырық болар бірлігін бекемдеуіміз шарт. Алаш арыстары да осы идеяны сонау ғасырдың басында аса көрегендікпен бізге шамшырақ қылып жаға білді. «Алаш» ол – бағзы мен бүгінді, кешегі мен келешекті сабақ­тастыра білген саяси да рухани қыз­мет. Біз Жаңа Қазақстанды сол алаш­тық­тардың ел ертеңі үшін аянбай кү­рескен ерен еңбектеріне арқа сүйейтін ілгері қадамына куә боламыз.

Түп қайнарымызды Түрік қағанаты­на, арғы бастауымызды Алтын Ордаға апарғанда ғана, оны жас ұрпақтың санасына толықтай сіңіре білгенде барып біздің шын мәніндегі өршіл рухымыз оянады.

Жалпы, Жаңа Қазақстан идеясы «Алаш» идеясына, «Алаш» идеясы Қазақ хандығы, Алтын Орда, одан әрі Түркі дәуірі, сақ, ғұн заманына қарай тереңдеп кете беретін кемел тарихпен керегелескенде ғана жаңа сипатқа ие болады. Жаңа Қазақстан – ендігі жерде жалаң ұран емес, жасампаз идеяға айналуы керек.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары өз идеяларын сол тар кезеңнің өзінде тәуелсіз қазақ мемлекетін құру үшін халықтың сана-сезімін оята жүріп, экономикалық, саяси сауатты арттыра отырып жүзеге асырды. Бір сөзбен айтқанда, қыспақта жүріп-ақ қазақ топырағында тың идеяның дәнін екті. Біз бүгінгі таңда сол бағдарламаны өзек ете келіп жаңа сипаттағы «Алашты» жаңғырта білсек жеткілікті. Жаңа Қа­зақстан – ол батыр да баһадүр ата-бабаларымыздан қалған аманат, жастарға аманат идея.

Жаңа Қазақстан идеясы айтылған кезеңде оны жүзеге асыратын негізгі күш жастар екені біз айтпасақ та түсінікті. Жалынды жаңа ұрпақтың жігер-кү­шін қандай мемлекет болсын дұрыс пайдаланғаны жөн. Нағыз дер шағындағы намысты қыз-жі­гіттердің жігерін жасытпауымыз керек. Тасқыны тау қопарар талантты өрен­деріміз өнерлері мен білімдерін өз ұлтының ұпайын түгендеуге жұмсауға тиіс.

Бүгінгі Жаңа Қазақстанның жа­лынды жастары жоқ жерден өніп шық­қан жоқ. Олар кешегі көк түрік за­манындағы жас Күлтегін мен То­ныкөктің, жиырма-ақ жасында Жоңғар сардары Шарыштың басын найзаға шаншыған Абылай ханның, 14 жасында-ақ қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің алдында қаймықпай сөз алған қаздауысты Қазыбек бидің, «Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға» деп Сұлтанмахмұт баға бергендей, Лениннің алдында баяндама жасап, қазіргі Қазақстан территориясының негізін қалап кеткенде отызға да тол­маған Әлімхан Ермековтің ұрпақтары.

Осындайда ақын Мұхтар Шаханов­тың «12-3=?» деген поэмасы еске түседі. Мазмұны естеріңізде болар, қартайған хан еліндегі қылшылдаған күллі жастың орнын қаусаған шал-шауқанмен алмастырып, онысымен қоймай көрші хандыққа соғыс ашып, артынан оңбай опық жеуші еді ғой. Жеңген елдiң әкiмi тұтқындап, шартпен қойған оңай сұрағының өзіне ойланып жауап бере алмаған бейшараны сонда жап-жас атқосшысы құтқарып қалатын.

«Не қалады он екiден үштi алса?» деген сұрақтың жауабы – тоғыз айдың тағдыры байлаулы жас көктем, жасыл көктем болатын.

«Көктем деген – табиғаттың

таңғажайып ерлiгi.

Ол ерлiктiң даңқын ешкiм қаға

алмайды шeткepi,

Ал жастық шақ – адамзаттың

көктемi.

Сондықтан да он екiден ешқашан

Yштi алуға болмайды,

Алған адам мына бiздiң

ханымыздай сорлайды!»,

деуші еді сонда бұла жас.

Өкінгенмен не пайда, артқа шегінер жолы қалмаған, елінің барлық жас өренін өрелеп, қыспақта ұстаған ақыл­сыз хан басын тоқпақтап қала береді.

Қол бастайтын жiгiттердi қорада

ұстап келiппiн.

Сорлаппын-ау, қанаттыға

болыппын-ау тар мекен,

Әттең-әттең, қорлаппын-ау

жiгiттердi нарға тең...

Tым кеш келген игiлiктi ойлардың

Қайғысынан артық азап

бар ма екен?!

Біз кейде шынымен жастардың орнына асарын асаған, жасарын жаса­ған кәрілерді жағаластырып, тықпалай беретініміз бар. Иә, тәжірибесі толыс­қан, көрген-білгені жетерлік, біз айтып отырған көп жастан көш ілгері мық­ты мамандар жоқ емес. Бірақ жал­пылай алғанда келешек ұрпақты ке­лелі істердің басына тура керек ке­зінде келтірмей, жігерлерін жасытып жіберетініміз өтірік емес. Біз олар­ға (жастарға) қашанда сеніммен, тәуе­келмен қарауымыз керек. Бетін қақ­пай, белін буғанымыз жөн.

Жоғарыдағы поэмада да: «Ба­лаусаға тас атқанды жек көрем» деген сөз бар.

Жаңа Қазақстан – қалай десек те жастардың жасампаз жолы. Ертеңгі келешекке бүгін берешек болмауымыз үшін де жалынды жас толқынның батыл қадамдарына баспалдақ бола білуіміз керек.

Әрине, осылармен қатар Жаңа Қазақстан жолы дегенде ол жолдың жемқорлықсыз жол болуы керек екен­дігін естен шығармаумыз қажет.

Біз бұдан былайғы уақытта сонау ықылым заманнан бері жең ұшынан жалғасып келе жатқан жегі құрттай жемқорлыққа жол бермегенде ғана жаңарамыз. Олай етпеген жағдайда, бәрі де әурешілік. Абай айтқан:

«Мәз болады болысың

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейтіп орысың

Шенді шекпен жапқанға...» дейтін парықсыз парақорлыққа жол бермейтін жаңа түсінікті тұғырға көтеруіміз қажет.

Бұдан былайғы уақытта:

«Халыққа емес сыйымды,

Парақор баспақ биіңді,

Ел бүлдіргіш бегіңді,

Улы тілмен улаттым», дейтін Дулат­тың сөздері сөрелерде тұруы керек.

Біз әдетте жемқорлықты, көпке түсінікті тілмен айтқанда коррупция­ны тек біреуді ақшамен сатып алу деп келте түсініп жатамыз. Коррупция ол – адамды ақысыз жұмсау, біреудің хақысын жеу, асқынған рушылдық, үлкеннің кішіні, әлдінің әлсізді басынуы. Тіпті өзінен лауазымы жоғары немесе байлығы көп жуанға жағыну, жалбақтау, ақиқатты бүркемелеп, шындықтың жүзін жасыру, өтірік айту, жауырды жаба тоқудың өзі коррупция. Біз Жаңа Қазақстанда осы дерттерден айығуымыз керек. Әйтпесе, бұл дерт көрші елдердің кезеген көк мылтықтарынан да қауіпті, дұшпаның атқан жебесінен де жылдам дерт.

Қорыта айтқанда, Жаңа Қазақстан адамы ол – жұмысқа епті, қабілетті, жемқорлықтан ада, тіл білуге құштар, оқып-үйренуге бейіл, өмір сүруге деген құлшынысы биік, енжар емес ерек, зиянкес емес зерек адам болуы керек.

Өз тарихын өзегіне сіңіріп өс­кен, саяси сауаты жоғары, отбасы құн­дылы­ғын бірінші орынға қоя білетін, саламатты өмірге жақын адам – ол Жаңа Қазақстан адамы. Бір сөзбен айтқанда, дені сау, креативті, шығармашылық сипатта ойлайтын мәдениетті тұлғаны қалыптастыруымыз керек.

Әрине, оның бәріне адам жақсы бі­лім ала алғанда ғана, жеке тұрғын пәтері мен тұрақты жұмысы, жоғары жалақысы болған жағдайда ғана жетеді. Егер бұ­лардың бірде-біреуі Жаңа Қазақстан азаматының басында болмайтын болса, онда жоғарыда өзіміз атап кеткендей кезекті жаңа ұран кезекті жалаң ұран күйінде қала береді.