
Біріккен Ұлттар Ұйымы өткен бейсенбіде басталған шабуылдың салдарынан Украинада кем дегенде 136 бейбіт тұрғын, оның ішінде 13 бала қаза тапқанын мәлімдеді. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының өкілі Лиз Тросселл зардап шеккендердің нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді. Сонымен қатар БҰҰ шабуылдардан зардап шеккендер саны 400-ге жуық деген дерек айтты.
Ресей әскері Украинаға солтүстік, оңтүстік және шығыс бағыттан шабуылдаған. Елдің солтүстік-шығысында орналасқан Харьков қаласында ұрыс бірнеше күннен бері жүріп жатыр. Ресейдің қарулы күштері Украинаның оңтүстігінде шабуылын күшейткенге ұқсайды. Ресейдің Қорғаныс министрлігі оңтүстіктегі Херсон қаласын басып алғанын мәлімдеді. Украина астанасы Киев те – басқыншылар көздеген нысандардың бірі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинадан 700 мыңға жуық адам шекара асқанын айтады. Еуропада босқындар мәселесі тағы да көтерілді. Көршілес елдер оларды тиісті орындарға жайғастырып, күнделікті қажет заттармен қамтамасыз етіп отыр. Ал елде қалған азаматтар қару алып, Отан қорғаушылар қатарына қосылды.
Украина жерінде болып жатқан соғыс Ресей экономикасына ғана емес, әлем елдеріне де кері әсер ететіні айтылып келеді. Мәселен, Ұлыбританияда сәрсенбіде газ бен шикі мұнайдың құны күрт өсті, бұл ел нарығындағы бағаның одан әрі өсуіне алып келіп, тұрғындардың электр энергиясына төлемін арттыруы мүмкін.
Сондай-ақ Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдары бірқатары Еуропа аймағында таратылмайтын болды. Бұған қоса әлеуметтік желілерде де жалған ақпаратпен күресу мақсатында ресейлік басылымдардың аккаунты бұғатталып жатыр.
Украина аймағындағы басқыншылықты тоқтатып, екі жақты келісімге шақырғандар қатары көбейіп отыр. Қытай атысты тоқтату үшін белгілі бір қадамға баруға дайын екенін айтты. Қытайдың сыртқы істер министрі Уаң И украиналық әріптесі Дмитрий Кулебамен телефон арқылы сөйлескеннен кейінгі хабарламасында «Бейжің бейбіт тұрғындардың зардап шегуіне аса алаңдаулы» екенін жеткізген.
Бірнеше күн бұрын Ресей мен Украина өкілдері Беларусь жерінде алғашқы келіссөзге жиналғаны белгілі. Нәтижесінде, олар 5 сағат бойы өзекті мәселелерді талқылап, ел астаналарына өзара келісуге аттанған. Ресей делегациясы келіссөздің екінші раундын жалғастыруға дайын екенін және сәрсенбі күні кешке Украина тарапын күтетінін мәлімдеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесудің қалай аяқталатынына қатысты болжам жасамады. Украина президентінің кеңесшісі Олексій Арестович баспасөз мәслихатында Беларусьтегі келіссөздерге алдыңғы раундтағы делегация мүшелері қатысатынын айтты.
Ресейдің әрекетін айыптаған Батыс елдері Украинаға қолдау білдіріп, санкцияларды күшейте беретінін ашық білдіруде. Дегенмен шабуылды тоқтату мәселесі әзірге шешімін табар емес.