Қоғам • 03 Наурыз, 2022

Мектептер мен жатақханалар салынады

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы кәсіпкерлеріне алдағы 8 жылда студенттік жатақханалар салуға инвестиция қарастыру туралы ұсыныс жасалды. Биыл елімізде 11 057 орынға арналған 32 жатақхана салу көзделіп отыр. Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында бизнес өкілдерінің инвестиция салу және өтемақы алу механизмдерін түсіндірді.

Мектептер мен жатақханалар салынады

Бұл үрдіс мемлекеттік тапсырыс жағдайында жүзеге асады. А.Сатыбалдиннің айтуынша, әлеуметтік нысандар салу тұрақты әрі болашағы бар бизнес жобаға айналмақ. Ал кәсіпкерге өтемақы жатақхана құрылысы немесе жөндеу жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін төленетін болады. Мемлекеттік тапсырыстың басты талабы жан басына қаржыланатындығында. Ал студент осы салынған жатақханада міндетті түрде тұруы қажет. Құрылыс жұмыстарына мемлекеттік емес ұйымдар қатыса алады. Мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері құрылыс салынған жағдайда бір студентке 122 АЕК (Алматыда – 144 АЕК), қайта жөндеу кезінде – 47 АЕК (Нұр-Сұлтан және Алматыда 92 АЕК) қарастырылған. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 152 млрд теңге бөлінеді.

А.Сатыбалдин студенттердің ай сайынғы төлемдері мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейтіндігін атап өтті. Оның мөлшерін жатақхана иесі реттейді және белгілі бір аймақтың тұрғын үй нарығының жағдайымен анықталады. Сондай-ақ кәсіпкер тұрмыстық қызмет көрсету үшін асхана, шаштараз, тренажер залы сияқты коммерциялық қызмет алаңдарын да жасақтау құқығына ие. Бүгінде 30 630 орынды 124 жатақхана пайдалануға берілген.

А.Сатыбалдин сонымен қатар жекеменшік мектептерді салудың тиімділігіне тоқталды. Спикер атап өткендей, еліміздегі оқушылар саны жыл сайын артып келеді, ал мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайту уақыт күттірмейтін мәселе. Айта кетсек, Қазақстанда 2019-2021 жылдары 94 696 орынды 287 жекеменшік мектеп ашылса, оның 41-і Алматыда орналасқан.

Ал 2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілген. Жаңадан іске қосылатын жекеменшік мектептер үшін ағымдағы жылға норматив орта есеппен 532 мың теңгені, жылына жаңадан енгізілген әрбір оқушы орны үшін ғимараттың амортизациясына арналған шығыстар: құрылыс кезінде – 96 АЕК (294 мың теңге), реконструкция кезінде – 47 АЕК (143 мың теңге) құрайды. Қаржы орталығының өкілі қазіргі уақытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жатақханаларды да, жекеменшік мектептерді салу және реконструкциялау бойынша банктік қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Салынған құрылыстар мемлекеттен төлеу мерзімі өткеннен кейін құрылыс салушының меншігінде қалады.

 

АЛМАТЫ