Ахмет Байтұрсынұлы • 06 Наурыз, 2022

Ахмет Байтұрсынұлының пассионарлық тұлғасы

2528 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлы – көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының, журналистикасының негізін салушы, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы әліппенің авторы, қазақ ғылымы мен білім беру жүйесін ұйымдастырушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессорларының бірі (1928), (РК, фонд 1142, офис 1, дело 1), ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, өнертанушы, XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі.

 

Ахмет Байтұрсынұлының пассионарлық тұлғасы

Ғалымның ұшан-теңіз еңбегі ұлт жүрегінен орын тапқандықтан, туған халқы «Ұлт ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі» деп ардақтап ат берді. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы мен мемлекет тұтастығы, ұлт тұтастығы – егіз ұғым. Ұлт ұстазы – Тәуелсіз Қазақстанның әлем халықтары алдындағы бет-беделі. Ұстаз есімін ұлықтау Ел тәуелсіздігі мен дамуының, ұлттық құндылықтар мен ұлт мұратының жүзеге асып жатқанының белгісі. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО, әлемдік деңгейде тойлау Еліміздің әлемдік аренадағы бет-беделін асыратыны сөзсіз.

Ахмет Байтұрсынұлының біз көрсет­пей кеткен атқарған игі істері мен өнері жетерлік, сонда бір басына осынша қасиет пен қайраткерлік дарыған тұлғаның қоз­ғау­шы күші не болды, мұндай тұлғаны қалай атауға болады деп іздендік. Ізденіс қорытындысында Ахмет Байтұрсынұлын «пассионарлық тұлға» деп атау дұрыс деп санадық.

Пассионарлық идеясының авторы әйгілі тарихшы ғалым Л.Н.Гумилев. Оның этногенезге қатысты пассионарлық тео­риясы туралы ғылыми пікір әртүр­лі. Академик Д.С.Лихачев бастаған ғалым­дардың бір тобы Л.Н.Гумилевтің пас­сионарлық ілімін жер бетіндегі этнос­тар эволюциясы қозғаушы күші­н­ің биос­фералық, географиялық, астро­физи­калық негіздерін көрсеткен әрі нәсіл­шілдік ілімге негіз болған біра­луан тео­­рия­ларға қарсы қоятын, этногенезге қатысты гуманитарлық және жара­ты­лыстанушылық білімдерді ұштас­ты­р­ған ғылыми жаңалық деп жоғары баға­ласа [2; 3], енді бір тобы ғылыми дәйегі әлсіз, қиялшыл, т.б. себептер айтып, жоққа шығарып, сынайды. Бір қы­зығы, сынаушыларының көптігіне қара­мастан, Л.Н.Гумилев теориясының басты ұғымы «пассионарлық» басқа да ғылым салаларындағы құбылыстарды сипаттауда пайдаланылып, оны тарихшылар ғана емес, психологтер, педагогтер, тұлғатанушылар да белсенді қолданып жүр. Демек пассионарлық идеясынан басқа идеямен түсіндіруге келмейтін құбылыстардың бары ақиқат. Сондай ақиқаттың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы.

Сонымен бүгінгі ғылыми айналымда «пассионарлық тұлға» деген ұғымға әртүрлі анықтама беріліп жүр, бірақ олардың барлығына ортақ белгілер мынадай:

– үнемі қозғалыс үстінде жүретін, ізденістен ләззат алатын жасампаз әрекетшілдік иесі;

– қалыпты жағдайды, дәстүрді, бәріне үйреншікті «комфортты» бұзатын тасқын энергия иесі;

– күллі бір қоғамды, тұтас этносты жаңа сападағы деңгейге шығаратын қуатты идея иесі;

– өз ісіне деген орасан махаббат мен жанкештілік иесі, ісіне деген адалдығы соншалық зор, мақсатына жету жолында жеке басын, тіпті отбасы мен айналасындағы жақындарын да құрбан ете алатын тұлға;

– тұтас бір қауымның, қоғамның, ұлттың мүддесін және бір қызығы, сол ұлттың болашақтағы мүддесін проекция­лап, оны да әрдайым бір өзінің немесе аз ғана топтың мүддесінен биік қойып, соған қызмет ететін тұлға.

Аталған қасиеттердің Ахмет Байтұр­сын­ұлы тұлғасына тән екенін ахметтану бағытында ізденген өз замандастары М.Әуезов, М.Дулатов, И.Омаров, С.Сей­фуллин, Т.Шонанұлы, Е.Омаров, орыс ғалымдары А.Самойлович, Е.Поливанов, Н.Яковлев, А.Кононовтан бастап, заманы­мыздың ғалым зерттеушілері Ә. Кекілбаев, Р.Сыздық, Ә.Қайдар, М.Жүсіпов, Н.Уә­ли, Д.Қамзабек, К.Хұсайын, Ғ.Әнес, Б.Момынова, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Сәт­баева, Ү.Субханбердина, Қ.Мұхамед­ханов, З.Ахметов, Ғ.Ахмедов, М.Қозы­баев, К.Нұрпейіс, Р.Нұрғали, Т.Қордабаев, С.Өзбеков, М.Қойгелдиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішұлы, Ж.Ысмағұлов, К.Сағадиев, Ш.Елеукенов, Б.Әбілқасымов, Е.Жан­пейісов, Н.Уәлиұлы, С.Дәуітұлы, Т.Жұрт­бай, А.Ісімақова, Ө.Әбдиманұлы, Д.Қам­забекұлы, Ш.Құрманбайұлы, А.Қы­дыршаев, Қ.Сақ, А.Мектептегі, Ж.Байті­лесова, Ұ.Еркінбаев, Р.Имаханбет, О.Жұбаева, түрік ғалымдары Ахмет Би­жан Ерджиласун, Нергис Бирай, қыр­ғыз ғалымы К.Дыйканов және басқа да көптеген зерттеушілердің бәрі де көрсет­кен десек артық емес.

«Репрессияланған ғылым» терминін ғылыми айналымға енгізген, тұлғатанудың (персонология) психологиялық негіздерін, ғылым психологиясын зерттеген ғалым М.Ярошевский (өзі де қудаланып Л.Н.Гуми­левпен ГУЛАК-та бірге азап шеккен) зерттеуші тұлғасының параметрлерін былай анықтайды: идеялардың даму жолы (идеогенез); бұрыннан белгілі таным жүйесі (категориялды апперцепция); ішкі уәждеме; қарсылас орта; дара танымдық стиль; санадан жоғары дүние.

Осы шамалар бойынша Ахмет Байтұр­сынұлының тұлғасы өзімізше талдап көрдік.

Идеялардың даму жолы (идеогенез). Ғалым еңбектеріндегі тарихи маңызды нәтижелерге әкелетін идеялардың туындауы мен жетілуі. Бұл оның есімін тарих үкімімен ғылым жадында сақталған адамдар тізіміне енгізеді. Ахмет Байтұрсын­ұлының идеогенезі 1882-1884 жж. ауыл молдасынан алған діни білімдері мен 1886-1891 жж. Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінен алған дүнияуи білімдерінен бастау алады, 1895 ж. Орын­бор мұғалімдер мектебіндегі бастауыш училищенің оқытушысы ретінде игерген білімімен жалғасып, өмір бойына толығып отырды. Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасының идеогенезіне әсер еткен бастапқы екі факторды өз замандастары атап кетті. Біріншісі, М.Дулатұлының «...В раннем детстве он кое-как научился мусульманской грамоте у аульного муллы. Этим закончилось бы его образование, и он остался бы на всю жизнь полуграмотным.., если бы, по поговорке «не помогло не счастье», – деп әкесі Байтұрсынның Патшалық Ресейдің отарлаушы шендісі, оязды сабап, жер айдалып итжеккенге кеткендегі хәлін, ағасының оны дүниеәуи оқуға бергенін айтып тұр. Екіншісі, М.Әуезовтің: «…1896-шы жылы Омбыға барған. Қазақ жеріндегі мектептерді басқарып тұрған инспектор Алекторовпен кездесіп, кеңесуі Ахметтің ойының оянуына үлкен әсер етті» деген пікірі, содан бері Ахметтің отаршылдық саясатқа қарсы бағытталған идеясы жетекші орын алды. Александр Ефимович Алекторов (1861-1918 немесе 1919) – Қазақ және башқұрт халықтарының тарихын, мәдениеті мен этнографиясын зерттеген орыс тарихшысы, этнограф, шығыстанушы, миссионер. Орынбор және Астрахань губерниялық Мұрағат комиссиясының мүшесі.

Осылай бастау алған ұлтын отарлық­­тан аман алып қалу идеясы ағартушы­лықпен ұштасты. Бұған әсер еткен алып тұлғалардың басында Абай тұрды, Абайды қазақ даласына танытқан «Қазақтың бас ақыны» мақаласы Ахметтің өзін де танытты. Ахмет Байтұрсынұлы алдымен халқын Абайдай оятпақ болып, дәл ұстазындай халыққа түсінікті мысал жанрындағы А.Крыловтың шығармаларын аударды, сол кезде өз миссиясын аллегориямен халқына «Масамын» деп жеткізді. Бұдан кейінгі кезеңде оның идеогенезінде проактивті ағартушылық идеясы орнықты десе де болады, бұл кезеңде Ахмет Ыбы­рай Алтынсариннің ізімен оқулық жазу, халықтың сауатын ашу идеясына көп қызмет етті. Осылайша әр салада, арнада атқарған қызметі кеңейе түсті, сан салалық білімдері синкреттеліп, ұлы синергияға ұласты. Ахмет Байтұрсынұлы ғалымдық тұлғасының бір параметрі ретіндегі идеогенезі әлі де терең зерттеулерді қажет етеді. Біз тек оның бастауын ғана көрсетіп, болашақ зерттеулерге қажет проблеманы алға тартып отырмыз.

Бұрыннан белгілі таным жүйесі (категориялды апперцепция). Априорлық ғылыми-философиялық категориялар: ғылыми танымның алдыңғы тарихи тип санаттарының торы, ғылымда жаңадан танылатын кез келген мазмұн соның призмасы арқылы қабылданады. Ахмет Байтұрсынұлы ғалымдық тұлғасы­ның қалыптасу, жетілуіне әсер еткен оның ғылыми таным кеңістігінің жүйе­ле­нуіне себеп болған контент мыналар­дан құралады: бала кезінен отбасы мен ортасы тәрбиесінен сусындаған дәстүр­лі жалпыхалықтық білімдер жүйесі, алғашқы білім алған мектептеріндегі ді­ни және дүнияуи білімдер жүйесі, Абай, Ыбы­рай және орыс миссионерлері мен зия­лыларының ағартушылығы, XIX ға­сыр­дың аяғы мен XX ғасырдың басын­дағы Еуропадағы және Ресейдегі ғылы­ми ілімдер, Ысмайыл Гаспаралы баста­ған сол кезде ерекше қуат алған түркі өрке­ние­тіндегі жадидшілдік ағым, Алаш идеясы.

Ішкі уәждеме. Бұл шама тұлғаның ақиқатты іздеуге деген сүйіспеншілік, ғылыммен айналысуға итермелейтін құндылықтар жүйесін білдіреді. Ғылыми қызмет психологиясын зерттеген ғалым­дар әдетте ғалым тұлғасының ішкі уәж­де­­­месіне ақиқатты тануға деген сүйіс­пен­шілік пен атақты болуға деген талпы­ныс­ты басты ретінде көрсетеді, алайда Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік деректері мен оның ғылыми мұрасы мәтіндерінің ішкі интенциясы оның бүкіл қызметінің қозғаушы күші ерекше асқақ екенін дәлелдейді. Сондықтын Ахмет Байтұрсынұлының ішкі уәждемесіне жоғарыда көрсетіп кеткен пассионарлық қасиетін, ұлтын сүюді жатқызуға болады.

Қарсылас орта. Ғалым шығармашы­лы­­ғы­ның жолында қарсылық көрсеткен ортасы, қарсы пікір білдірген оппонент­тері. Әдетте бұл шама бойынша нақты тұлғаларды көрсетеді, ал Ахмет Бай­тұрсынұлына келгенде, біздіңше, бұлар жеке тұлғадан гөрі тұтас бір жүйе деген орындырақ болар еді, сонымен ғалымның оппоненттік ортасы ретінде Отаршыл Патшалық Ресей, Кеңестік репрессия, алауыздық пен надандық, сауатсыздық көріністерін атауға болады.

Дара танымдық стиль. Бұл шама ғалымның ойлау желісі, әдістері, таным ерекшелігін көрсетеді. Аталған шаманың Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасындағы ерекшелігін анықтау үшін, біздің ойымызша, ең алдымен оның жасаған терминдер жүйесінің негіздеріне, өміршеңдігінің сырына тоқталу аса маңызды. Әрине, А.Байтұрсынұлы еңбектерінің әдістері мен ойлау желісі, таным ерекшелігі тек осы мәселемен ғана анықталып ашылмайды. Біздің ойымызша, мұның сыры Ахмет Байтұрсынұлы авторлық прагматикасының мықтылығында.

Прагматика дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, мәтін жасаушының сол мәтінді тұтынушыны үнемі ойлап отыруы, мәтінді тыңдаушы немесе мәтінді оқушы бірден түсіне кететіндей, ойын жеткізуде тілдің сол тұтынушыға таныс, соған етене жақын тіл бірліктері мен құралдары арқылы безендіру. А.Байтұрсынұлының кез келген туындысы тек салалық кәсіби аудитория, ғылыми ортаға емес, бұқара халыққа арналған. Сонымен бірге бір қызығы, қандай да бір салалық ғылыми ақпарат та жүйелі әрі ғылыми стильдің талаптарына үйлес берілген. Осыны академик Р.Сыздық «басқа ұлттың ғалымдары (орыс ғалымдары): «Қалайша мектеп оқулықтарын ғылымның басы дейсіз?», – деп таңғалады. Әрине, бұрыннан оқу-жазуы бар, ғылымы бар, университеттері осыдан үш жүз, төрт жүз жыл бұрын ашылған халықтар үшін ғылымның бас­тауын мектептен бастау оғаш көрінетін шығар. Шындығында, қазақтың ұлттық ғылымы – қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы. Физика – қазақтың ұлттың ғылымы емес, биология – ұлттық ғылым емес. Әрине, ондай ғылым салалары қазақ үшін керек, қазақтар зерттеп жатқан ғылымдар. Бірақ қазақтың нағыз ұлттық ғылымы – қазақ тілі туралы ғылым, қазақтың әдебиеті, қазақтың тарихы туралы ғылым», – деп түсіндіреді.

Ғалым Ш.Жалмаханов Ахмет Байтұр­сын­ұлының ғылыми айналымға енгізген тілтанымдық терминдерінің жалпы саны 310 болса, оның 38,5%, яғни 118-і бүгінгі күні де белсенді қолданыста екенін анықтады. Бұл үлкен жетістік, тіпті әлемдік ғылымда мұндай тұлғалар саусақпен санарлық десе де болады. Әйгілі орыс ғалымы В.Виноградов ғылыми айналымға үш терминді енгізіп, сол термин білдіретін ұғымды жалпақ жұрттың операциялық санасының құралдарына айналдырған ғалым – ұлы ғалым деген пікірін профессор Ербол Жанпейісов дәрістерінде мысалға жиі келтіретін. Олай болса, Ахмет Байтұрсынұлы термин­дерінің феномені неде деген сұрақ талай тілтанушының зерттеуіне арқау болып келе жатқаны бекер емес. Мәселен, Ш.Құрманбайұлы «Терминделуші ұғым мен терминденуші сөзді сәйкестендіру үшін ұғымдар жүйесіне де, терминдер жүйесіне де бірдей мән беру термин жасаушыға аса қажет. А.Байтұрсынұлы жасаған терминдердің түгелге жуық сәтті шығуының сыры – оның нағыз терминші ретінде терминге лексикология тұрғысынан да, концептология тұрғысынан да қарай білуінде жатса керек», деген қорытынды жасайды.

Соңғы пікірдегі соңғы ой бойынша Ахмет Байтұрсынұлы бірер терминінің концептологиялық, лингвоког­нитология­лық негіздеріне тоқтала кеткен жөн бол­мақ. Ғалымдар дүниенің ұлттық ког­ни­тивтік бейнесі деп халықтың жекелеген өкілдері санасындағы жалпы, тұ­рақ­ты әрі қайталана беретін дүние бейнесін айту керек деп көрсетеді. Дүниенің ұлттық бейнесі, бір жағынан, абстракциялық құбылыс болса, екінші жағынан, когнитивтік-психологиялық ақиқат, ол халықтың ойлау, таным әрекеттерінен, физикалық және вербалды мінез-құлқы мен әдебінен анықталады; дүниенің ұлттық бейнесін стереотипті жағдаяттардағы халықтың бірізді, біртекті жүріс-тұрысы мен әдеп-қылығынан, ақи­қат дүние туралы санасындағы ор­тақ түсініктерден, «ортақ пікірден», пайым­дау­ларынан, мақал, мәтел, нақыл сөз­дер­ден «ұстап алуға» болады. Біздің ойымыз­ша, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған тер­миндері өміршеңдігінің бір сыры осында жатыр. Оның термин ретінде алған сөздері мен сөз тіркестері, тіпті мәтіндерінде қолданған бейнелі орамдары мен тұтас синтаксистік құрылымдары қазақ халқы санасындағы дүниенің ұлттық когнитивтік бейнесіне негізделеді.

Жоғарыда келтірілгендер соңғы жиыр­­ма-отыз жылда анықталған тіл мен сананың, тіл мен танымның ара­қа­ты­насын зерттейтін лингвокогнитология саласындағы тың ғылыми білім­дер. Ал Ахмет Байтұрсынұлының терминжасамының негізінде осы білім­дер жатқанын ойласақ, ғалымның дара танымының сол кездегі ұлттық ғылыми танымнан қаншалықты озық екені айқын білінеді. Осы озықтығының арқасында, ұлттық санадағы дүниенің когнитивтік және тілдік бейнелерін жақсы білгендіктен әрі соларды терминжасамы мен жалпы мәтіндерін құруда тиімді пайдаланғандықтан, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің өміршеңдігі бүгінгі күні де қуатты.

Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының көсемше терминінің де лингвокогнитивтік негізі халықтың тұрмыстық мәдениетіне тән көсем ат деген реалиймен байланысты дүниенің ұлттық бейнесіне, оның тілдегі көрінісіне құрылады. Жоғарыда аталған этнографиялық еңбекте көсем ат ұғымы «озыңқы жүретін жылқыны білдіретін атау. Бұл ұғым әртүрлі жағдайларда қолда­нылады. Топ аттылардың ішінде өзге аттардың озуына жол бермей, озық жүретін жүйрік, белді аттарды көсем ат деп атау кездеседі» деп сипатталған. Біртомдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінде» көсем ат «тіркестіре жеккен аттың алдыңғысы, жол бастайтыны, түпкі аттың алдына жегілетін ат» деп анықталды. Ал екі компоненті сабақтаса байланысқан тілдік құрылымдағы басыңқы компонент алдынан келетін бағыныңқы компоненттің ерекше формасын атау үшін оның басқа қасиеттерінен бұрын осы «алдында тұратын» қасиетін арбаға жегілген аттардың ішіндегі «алдында жүретін аттың» атауынан жасап, негізгі уәж ретінде алға шығаруы бұл терминнің де халық қабылдауына жеңіл тиюінің бірден-бір себебі болды. Сөзіміз көрнекі болу үшін төмендегі сурет аталған энциклопедиядан беріліп отыр.

Санадан жоғары жүйе. Зияткерлік-уәждемелік шығармашылық белсенділік­тің шартты түрде алған формасы, ол арқылы субъект білім нысанын дамытуда осы нысанды жетілдірудің бұрын-соңды болмаған әртүрлі жобала­рын жасайды. Бұл тұрғыда айтылатын, зерттелетін мәселе көп, себебі ах­мет­танушылардың дені ғалымның практи­калық еңбектеріне негіз болған теориялық тұжырымдар оның өзі өмір сүрген кезеңі үшін тың жаңалық екенін алға тартады. Біз солардың біріне ғана тоқтала кетпекпіз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі тілдің ең төменгі дыбыстық қабатына сәйкес санадағы бірліктері – фонемаларға қатысты мәселе. Ғалым М.Жүсіпов Ахмет Байтұрсынұлының сингармофонологиялық ілімін терең талдай келе, А.Байтұрсынұлының фонема ұғымы ол туралы ұғым әлемдік тілтанымда әлі бұлыңғыр болған кезде анық қалыптасқанын дәлелдейді.

Осы ойды өз еңбегінде академик З.Базарбаева да келтіреді. З.Базарбаева жаратылыстанудағы дүниенің ең кіші бірліктері, мәселен, физикадағы атом тео­риясы, химиядағы химиялық элемент теориясының тілтанушыларға да қатты әсер еткенін айтады, дүниенің ең кіші, әрі қарай бөлшектенбейтін іргелі бірлігі болатыны туралы ілім тілдің де іргелі ең кіші бірлігін іздеуге ынталандырды. Әлемдік және орыс тілтанымында Н.Трубецкой, Р.Якобсон, В.Малмберг, А.Мартине және т.б. ғалымдар бастаған фонологиялық ізденістер үдеген кезден біраз бұрын Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтарында олар туралы терең де жүйелі түсінік бе­рілген болатын. З.Базарбаева «Ахаң фо­нема терминін қолданбаған, бірақ қазақ тілінің фонетикалық жүйесін фо­но­ло­гиялық тұрғыдан қарастырды. А.Бай­­тұр­сынұлында фонемалар (Ахмет Бай­тұрсынұлы фонемаларды «тіл дыбыстары» деп атаған – А.Ф.) әріпке байланыстыра зерттелген», – деп көрсетеді. Бұл деректер әлемдік тілтанымда фонема ұғымын, яғни тілдің ең кішкене іргелі бірлігі туралы түсінікті алғаш қалыптастырған ғалым Ахмет Байтұрсынұлы екенін айғақтайды.

Осы тұрғыда адамзат өркениетінде Бай­тұрсынұлына ұқсас ағартушы-тұлға іздесек, М.Ломоносовты мысалға кел­тіруге болады деп ойлаймыз. Ахмет Бай­тұр­сынұлының тұлғасы мен ағартушы­лығы М.Ломоносовтан артық болмаса кем емес, себебі алғашқы сөз болған тұлға орыс тілін ғылым тіліне айналдыруға күшін салса, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін жалпыхалықтық сипат алуына, халықтың жаппай сауаттануына жол салды. Қазіргі кезде мәдениеттануда «орыс феномені» деген ұғым қалыптасқан. Оны қарапайым тілмен түсіндірсек, мәні мынадай: егер М.Ломоносов, ғылымның жара­тылыстану саласында да мықты бола тұра, алдымен «Русская грамматика­ны» жазбағанда, сол арқылы орыс тілі «холоптың» қарабайыр тілі емес, терең ғылыми таным қалтарыстарын жеткізе алатын зияткерлік тіл болу қуатын көрсетпегенде, адамзаттан ғарышқа тұңғыш болып орыстар ұшпас еді.

Ахмет Байтұрсынұлының ағартушы­лық феномені алдымен «Әліппені», «Тіл-құралын» жазуы арқылы қазақ тілін барлық ортадағы, әсіресе білім алу, ғылым саласындағы коммуникация құралына айналдыруда, қоғамды азғантай уақыт ішінде сауаттандырып қана қоймай, жаңа бір рухани деңгейге көтеруінде жатыр. Егер Ахмет Бмйтұрсынұлының бұл қызметі болмағанда, Қазақстанда бодан сана бұғауын бұзатын бостан сана негіздері қалыптасу мүмкін бе еді?!

 

Анар ФАЗЫЛЖАН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

 Тіл білімі институтының директоры