Қоғам • 07 Наурыз, 2022

Қаңтар оятқан қайсарлық

433 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қаңтардағы қорқыныш құрсауындағы үш күнде кеудесін танкке төсемей-ақ, ұлттың рухани байлығын қазақ әйеліне тән кішіпейіл мінезімен, аналық мейірімімен қорғап, жанығып келген жау пиғылды жанкештілердің бетін қайтарған Орталық мемлекеттік музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы бірер күннің ішінде бүкіл Қазақстан халқы танитын батыр қызға айналды.

Қаңтар оятқан қайсарлық

 

Әр адамның өмірінде мәңгілік із қалдыратын маңызды бір сәттің болуы тіршілік заңдылығы іспетті. Ешқандай сөз де, дүние де алмастыра алмайтын ол сәулелі сәт жанартау секілді ойламаған жерден бұрқ етіп, тереңде бұйығып жатқан өзіне де белгісіз бойдағы ең ірі мінезді оятады. Жаппай тәртіпсіздік басталған кезде Орталық музей дүрбелең ошағында қалды. Көшенің қарсы бетіндегі Президент резиденциясы, оның жанындағы Алматы қаласының әкімдігіне от қойылып, қара түтін қанды қырғынды үдете түскен.

Қасіретті күндердің қайғысы­на ортақ­тасқандай қабағын түй­ген аспанды қою тұман басып, оған жарылған газ, оқ-дәрінің улы түті­ні қосылып, тұншықтырса да, тас, ­арматура ұстағандар му­зейдің алдына төселген кір­піш­­терге дейін аударып алып, ат­қыласып, алаңның аумағы аласапыран болып жатты. Ауада ары-бері ұшқан қаңғыған оқтың әлденешеуі музейдің терезелері­не тиіп, үңірейтіп кетті. Әкімшілік отқа оранған бетте ке­зек­шілікте қалған он шақты музей қыз­мет­кері бүлікшілердің көрші тұр­ған ғима­раттағы өздерін де айналып өтпей­ті­нін білді. Бірақ Бибігүлдің өз өмірі, отбасы туралы ойлауға уақыты болған жоқ. Жағдай ушығып тұрған 5 қаңтарда жұмыс күні аяқталса да, «бүгін осында болуым керек» деп жылдам шешім қабылдап, 7-8 қызметкермен бірге екі ғасырдан аса тарихы бар, 300 000-нан артық жәдігерді жинақ­тап отырған музейдің есігін іштен құлыптап, терезеден сырттағы жағдайды бақылап отырған еді.

Дәстүрлі дінді мансұқ етіп, арғы ата-бабасының тарихи тізбегі­нен ажы­раған, музейдің не екенін білмейтін көр­кеу­де адамдардың Алтын адамды іздеп, биіктігі үш метрге жуық есікті тал­қандап, ішке басып кіргенде, Бибігүл олар­дың алдынан жүгіріп шықты. Заты әйел ғой, қорқаулардан қорықпады емес, қорқынышы болды. Бірақ үрей билеген бойын тез жинап, тонап, таптап, қиратудан тайсалмай тұрғандармен тіл табысуды ғана ойлады. Бір-бірінің қолтығына су бүркіп, күшпен күйреткісі келетіндер алаңға жа­қын ғимараттарды шетінен жай­пап жүріп, бір шо­ғы­ры музейді бетке алып шұ­бырып келе бас­та­ған­нан бар ойы шеру­ші­лердің жолын бөгеу болды. Сондағы тапқан амалы – жан алатындай болып жеткендердің қабағын жіті бағып, қарсы келмей, сыпайы сөйлеу, алқына кіргендердің ашу-ызасын тудырып алмауға тырысып, қойған сұрақтарына жұмсақ дауыспен жауап беру. Бар тілегі: «құнды дүние қолды болып кетпесе екен».

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің тү­­легі, тарихшы Бибігүл Дәнді­қара­қызы Орталық мемлекет­тік музейінде жиырма жылға жуық қызмет істеп келеді. Уақытша директор міндетін атқарушы бо­лып қалғаннан кейін бар жауап­кершілік өзінде екенін Бибігүл жан-жүрегімен түсінді. Сөзді қайдан суырып алып сөйлеп жатқанын өзі де білмейді, ғайып­тан тайып қонған шешендік бо­йын буып тұрғандай, музейде тұрған экспонаттардың бағалы екенін, басқаны қойғанда, бір қыш құмырада халқымыздың пәлен ғасырлық тарихы жатқа­нын тоқтаусыз айтып, ұғындыру­ға тырысып бақты. Жүрегінің жылуы жүзінен төгілген музей директорының орынбасарына әйел адам деп қарады ма, әлде кісіліктің үлгісін көріп тұрып, кикілжің шығаруды теріс көрді ме, миллионнан да есепсіз мол қазына-бай­лықтың ортасында тұрса да, өресі төмен жастар қара бақыр құрлы құны жоқ деп өлшегені болар, басқыншылық әрекетке бармады. Музейді кеңес құрып, ақылдасатын орынға айналдырып, ара­ның ұясындай гуілдеп, кіріп-шығып, үсті-үстіне толығып жатқан адамдардың басқа залдарға өтіп кетпегенін қадағалап, алты сағатқа жуық кіреберіс холлдан ұзатпай ұс­таудың бар амалын жасады. Тап сол мезет ата-бабадан қалған жәдігердің бәріне жан бітіп, араша сұрап, аруақты тегіс шақыр­ғандай, бір құдіретті күштің же­беуімен сеңдей соғылысып жүр­ген шерушілер біртіндеп му­зейді тастап шығып жатқанда, сенер-сенбесін білмеді. «Біздің аэропортқа баруымыз керек, біз қайтып ораламыз, есік ашық тұр­сын, жаппаңыз!» деп ескертті шы­ғып бара жатқандардың бірі. Алты сағат бойы музейді айналып жүргенде, артқы есіктен кіргізіліп, жертөледе жаға-жеңі жыртылып, қол-аяғы сынып, қан­­­сыраған полицейлердің жат­қа­нын сезген де жоқ. Олардың жа­расын таңып, үстіне киім тауып кигізіп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен музейдің қыз­меткерлері сездірген жоқ...

Музей – мыңдаған тауар тұрған сауда үйі емес. Бибігүл­дің пайымдауынша, «Қылыш бар ма? Найза қайда?» деп келген 150 қаралы қарақшы музей дегеннің не екенін, онда не сақталатынын білмейді де. Музейдің аман қалуының бір се­бебі, тонаудан тайынбай келген жастардың білімсіздігі. Бүгінде Бибігүлге ең жиі қойылатын сұ­рақ: «жан-жақты өртеп келе жат­қан бүлікшілер музейге жетіп, ұлт құндылықтарының жоқ болып кету қаупі туғанда, қайсарлық сізге қайдан келді?».

Бибігүл Дәндіқарақызы шыр етіп дүниеге келгенде, мойнына бұршақ салып, құдайдан күндіз-түні бала сұрап, бір сәбиге зар болған атасының Ақжамал деген қарындасы перзентхана ішінен етегіне салып, асырап алады. Қошмамбеттегі №9 әйел­дер ко­ло­ниясының коман­­ди­рі бол­ған Ақжамал апасының ­жүзі­не қа­рауға анау-мынаудың жүрегі дауаламайтын қатал кісі еді. Барын Бибігүлдің аузына тосып, үлде мен бүлдеге орап, төбесінен құс ұшырмай өсірсе де, тәрбиесіне қатал қарады. Мұрнының астынан міңгірлеп, төмен қарап сөйлегенін естісе, тас-талқан болып ашуланатын апасы Бибігүлді өзі секілді бірбеткей, талапшыл, намысқой етіп өсірді.

Бала күнінен алдына мақ­сат қоя­тын. Бір істі бастаса, нә­ти­желі аяқтамай тын­байтын маза­сыздығын сол мақсат­шылдығы орнықтырған. Себебі мақсатсыз адам қанатсыз құс сияқты, арманы болса да, аспанға ұша алмайды. Ақжамал апасы сіңірген өткір, өжет мінезін үлкен өмір алдында бейсаналы түрде өзі шың­дап жетілдіргенін кейін түсінді. Әр күнін жоспарлап, мақсат қо­йып жұмыс істегені же­тістікке жол ашты. Сондықтан бүгінде қызметінде абырой мен беделге бөленген, дос-жаран­ның ортасында сыйлы, ағайын-туыс ішінде инабатты келін, тілеулес қыз, қамқор әпке, отбасына береке үйірген аяулы ана, бақытты әже деген бірнеше мәртебені иеленіп, мерейі үстем болып отырған Бибігүл Дәнді­қарақызынан көпшілікке керекті бір кеңес: ең үлкен құн­дылық өмір болғандықтан, оны дұрыс ұйым­дастырып, әр сәтін тиімді жос­парлауды үйрену керек. Алланың берген нығ­метінің, яғни уақыттың қаншалықты құн­ды екенін білген адамның төрт құбыласы қашанда тең. Уақыт­ты ұтымды жоспарлау – денсау­лықты, сұлулықты, махаббат пен байлықты сақтаудың кепілі.

Жүрегінде арманы, кеудесін­де күйігі жоқ адам бар ма, сірә. Бірі Іленің оң жаға­сында, бірі сол жағасында туып, Теміртау­да­ғы Металлургия институтын бітірген бойда тұрмысқа шығып, отыз жыл отасқан ері Мұхит Ержановтың мезгілсіз дүние салып, өкініші өзегін өртегені болмаса, екеуі мәпелеп өсірген екі қыз – асылының көзі, тіршілігінің шуағы. Орталық музейдің Қазақстан тарихы бө­ліміне ғылыми қызметкер болып қабылданып, он жылдан бері музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары болып атқарып келе жатқан жұмысы – азамат, маман ретінде қабілет-қарымын шыңдап, мүмкіндігін жүзеге асыратын сүйікті кәсібі.

Мерекелік медальдармен, өзі қызмет істейтін сала бо­йын­ша Мәдениет минис­трлі­гі­нің бірнеше Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарымен мара­пат­­тал­ған, жұмысын табысты атқа­­рып келе жатқан білікті маман Орталық музейдің көрме қыз­метін, мәдени, рухани шара­ларын ұйымдастырып, музей әкім­шілігінің кадр бөліміне жетек­шілік етеді.

Ауыр күндер артта қалса да, оңаша ой иіріміне түскенде, кейде түнгі ұйқысы­нан оқыс оянып кеткенде, Бибігүлді әлі күнге дейін іштей мазасыздық билейді. «Жұмыста неге жалғыз өзім қалмадым? Әр сәттің қа­уіпті еке­нін біле тұра, қыз­мет­тес­терімді қалайша жұмыста қал­дырдым? Қаңғыған оқ жазатайым біре­уіне тиіп, жантәсілім болса, балаларына, жолдасына, ата-анасына не деп жауап берер едім?» деген ой келгенде, ішіне дейін қалтырап, жанын қоярға жер таппайды. Бірақ күпірліктен гөрі шүкірші­лігі басым Бибігүл соғыстан кейінгі сұм­дықтың еле­сіндей астан-кестен алаң айна­ласындағы шала жан­ған кешегі әсем ғимараттардың бүгінгі жүрек шымырлатар сұрқай кеспіріне қамығып қарайды да, ортасында күллі Алаштың абыройын кө­теріп тұрғандай, көк күмбезі күнге шағылысып, көк байрағы желбіреп, бір кірпішіне нұқсан келмей, жалғыз өзі аман қалған музейінің асқақ бейнесін көрген­де, осында сақталған көне жәді­герлер қазақ көшінің үзілмей мың­жылдықтарға жалғасатынын тұспалдап тұрғандай, кешегі үрейі үмітпен алмасады.

 

АЛМАТЫ