Спорт • 07 Наурыз, 2022

Тұңғыштар

453 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемдік ареналарда өнер көрсетіп жүрген қазақ қыздарының спортта қол жеткізген жетістіктері ерекше. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дербес мемлекет ретінде жерлестеріміз Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттары секілді ірі-ірі байрақты додаларда жиі бой көрсетіп, дүние жүзінің дүлдүл спортшыларымен иық тірестіріп, ел абыройын лайықты түрде қорғап жүр.

Тұңғыштар

 

«Спорт падишасы» деп аталып кеткен жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру додаларында дараланып жүрген Ольга Рыпакованың жетістігі, ке­дер­гілер арқылы жүгірудегі тұңғыш Азия чемпионы Әйгерім Шы­наз­бекованың жеңісі, бірер ай бұрын шахматтан әлем чемпиона­тында топ жарған Бибі­сара Асаубаеваның, бокс­шы Назым Қызайбайдың, ауыр атлет Жазира Жаппарқұлдың, сонымен қатар көркем гимнас­тика, күрес және басқа да спорт түрлеріндегі қыздарымыздың қазіргі таңда әлемдегі кез кел­ген спортшының басты бәсе­келесіне айналғалы қашан?! Ал бұл спорт түрлерінің елі­мізде кең таралып, бұқа­ралық сипатқа ие болуына не әсер етті деп ойлайсыз? Әри­не, бірін­шіден, мемлекеттің спорт­қа ерекше көңіл бөлуі болса, екіншіден, осы спорттың тұң­ғыш чемпиондары ерекше ық­пал етті деп нық сеніммен айта аламыз. 

Мәселен, көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының халықаралық ареналардағы бүгінгі күнге дейінгі ірі жетістіктері – Афина Олимпиадасының төртінші, Бейжің Олимпиадасының бесінші орын иегері, даңқты гимнасшы Әлия Жүсіпованың жетістіктерімен тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол қазақ қыздарының көркем гимнастикамен айналысып қана қоймай, әлем үздіктерімен жүлдеге таласа алатынын дәлелдеп берді. Әлия Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы, сонымен қатар Әлем кубогы, Азия чемпионаты, Жазғы Универсиада ойындарында жүлде алып, гимнастиканың көпсайыс түрінен әлемдегі ең үздік он спорт­шының қатарына енген алғашқы қазақ қызы.

Әлия Жүсіпованың көркем гимнастикадағы осындай тама­ша жетістігінен бастап бұл спорт түрі Қазақстанда кең қанат жая бас­­тады. Ал Әлияның өзі спорт­­тық карьерасын аяқтаған соң Шым­кентте спорт мектебін ашып, бап­керлікке бет бұрды. Кейін­нен көр­кем гимнастикадан Қазақ­стан ұлт­тық құрамасының бас жат­тық­тырушысы болып та­ғайындалды.

Қазіргі уақытта шәкірттерінің де нәтижесі көңілге қуаныш сый­лайды. Мәселен, Рио Олим­пиа­дасының қатысушысы Сәбина Әшір­­бекова – Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері, 2014 жылғы Инчхондағы Азия ойын­дарының қола жүлдегері атанса, Токио Олим­­пиадасында бақ сынаған Алина Әділ­ханова да Азия ойындары мен Азия чемпио­на­тының жеңім­пазы.

 .

Қазақстан мәнерлеп сыр­ғанау спортының жарық жұл­ды­зына айналған Элизабет Тұр­сынбаева қазақ қыздары ішінде жасөспірімдер және ересектер арасындағы Олимпия ойындарына қатысып, жүлде алған тұңғыш спортшы. 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында ол ресейлік спорт­шыларды алға жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтқан еді.

Отандасымыз ересектер дуына ауысқанда да жүлдеден шашау шығарған жоқ. Кейінгі 6-7 жылда 30-ға жуық турнирге қатысып, тең жартысында үздіктер қатарынан көрінді. 2019 жылдың наурызында Сайтамада (Жапония) өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль алып, негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементіне секірді. Ол төрт айналым элементке секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы әйел ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан бойжеткендер арасында ешкім төрт айналым элементке секірмеген. Сонымен қатар Тұрсынбаева 2019 жылы Красноярскіде (Ресей) өткен қысқы Универсиада мен Анахаймда (АҚШ) ұйым­дастырылған төрт құр­лық чемпионатында екінші орын иеленді.

.

Жазира Жаппарқұл – ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатының және Олимпия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алған тұңғыш спортшы. Сонымен қатар ол 2010 жылы Сингапурде өткен жас­өпі­рімдер арасындағы бірінші Жазғы Олимпия ойындарында да чемпион атанған алғашқы қазақ қызы саналады.

2001 жылдан бастап ауыр атлетикаға ден қойған жерлесіміз Сингапурде 63 кило салмақ дәре­жесі бойынша алтын медаль иеленсе, 2012 жылы Гватемалада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион атанды. 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында Жазира қоссайыста 232 кило зілтемірді еңсеріп, күміс медаль алды. Ал 2014 жылдан бас­тап ересектер жарысына қатыса бас­таған ол сол жылғы Алматыдағы әлем чем­пионатында күміс жүлде ен­шілеп, өз атын Қазақстан ауыр атлетика тарихына алтын әріппен жаздырды. Араға екі жыл салып отандасымыздың Рио төрінде де күміске қол жеткізгені барша жанкүйердің есінде болса керек. 

.

Шахматтан қазақ қыздары әлемдік жарыста үнемі олжа салып жүргеніне біршама уақыт бол­ды. Отандастарымыз жыл сайын жанкүйерлерін қуантып, түрлі құрлық жарыстарында үздіктер қатарынан түспей келеді. Соның бір дәлелі ретінде былтыр Польша астанасы Варшавада өткен шахматтың блиц түрінен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алған 17 жас­тағы Бибісара Асаубае­ваны ерекше атап өтуге болады. Ол осындай тамаша жетістігінің арқасында қа­зақстандық шахматшылар арасынан ересектер бә­секесінде дүниежүзілік додада топ жарған тұң­ғыш спортшы атанды. Сондай-ақ отандасымыз ересектер арасындағы əлем чемпионаттарында чемпион атанған алғашқы ең жас спортшы ретінде де тарихқа енді. 

.

Әйелдер арасындағы Қазақстан боксы тари­хында тұңғыш рет әлемдік додада олжа салған ал­ғашқы қазақ қызы – Назым Қы­зайбай. 2014 жылы Оң­түстік Кореяның Чед­жу қаласында өткен дү­бірлі додада Назым бар­лық қарсыласын ой­сыра­та ұтып, тұң­ғыш рет әйелдер арасында өткен бокс­тан әлем чем­пионатында елі­­міз­дің байрағын жел­біретіп, Әнұранын шыр­қатты. 2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан чемпионатта Назым Қы­зайбай ең бірінші 2012 жылы Қытайда өткен бокс­тан 7-ші әлем чемпионатында қола жүлде ен­шілеген болатын. Араға екі жыл салып, Оңтүстік Кореяда алтын алды.

Жерлесіміз бұл жетістігін 2016 жылы елордада ұйымдастырылған әлем біріншілігінде де қайталап, қазақ қыздары арасында екі дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар Назым былтыр Азия біріншілігінде де алдына жан салған жоқ. Барлық кездесуінде мықтылық танытқан отандасымыз сары құрлықтың теңдессіз боксшысы атанды. 

.

Қазақ қыздары ара­сындағы балуандық өнерде Эльмира Сыз­ды­қованың бағы жанып тұр. Ол 2016 жылы Риода ұйым­дастырылған Олимпия ойындарында әйелдер күресінен қола олжалап, қазақ қыздары ара­сындағы алғашқы жүлдегер ретінде қазақ спортының жылнамасына жазылды. 30 жастағы отандасымыздың бүгінге дейін бағындырған биігі аз емес. 2008 жылы жасөспірімдер арасында, 2012 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанса, 2014 жылы ересектер арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол былтыр күрестен Алма­тыдағы Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақса, 2018 жылғы Азия ойындарында қоланы қанағат тұтты.

Міне, бұл – бүгінге дейін өз спортының тұңғышы деген атаққа ие болған қазақ қыздарының тек бір бөлігі ғана. Осы спортшы­лары­мыздың жетістігі, жеткен биігі олардың ізін басып келе жатқан сіңлілерін шабыттандырары сөзсіз.