Қазақстан • 09 Наурыз, 2022

Отанды қорғау абыройлы міндет емес пе?!

712 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында 704 жас Отан алдындағы әскери міндетін өтеуден жалтарып жүр. Олардың 111-іне іздеу жарияланған. Ал 593 адам тұрақты мекенжайын өзгертіп, белгісіз жаққа көшіп кеткенімен, жаңа мекенжайы бойынша әскери есепке тұруды қажет деп таппаған.

Отанды қорғау абыройлы міндет емес пе?!

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжі­лісінің отырысында сөйлеген сөзінде. Президенттің осы сөзі соңғы күндері болып жатқан халық­аралық ахуал аясында бұ­рынғыдан да өзекті бола түскен­дей. Мемлекетіміздің сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтайтын әскери күшін, қорғаныс қабілетін қайткен күнде де арттыру керек.

Елдегі жағдайды өңірдегі мына бір көріністен байқауға болады: Батыс Қазақстан облысындағы Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылары дабыл қағып жатыр – соңғы кезде жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшынысы азайып кеткен. Өңірлік Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұханов жергілікті телеарна эфирінен әскерден жалтарған жастарды намысқа шақыра сөз сөйледі.

«Батыс Қазақстанда Отан қорғай­­тын азаматтар азайып кет­кені ме? Біз Сырым батырдың, Исатай мен Махам­бет­тің, ке­шегі Күнбатыс Алашор­да қайрат­керлерінің ұрпағы емес пе едік?! Тарихқа қарасақ, Екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезінде Қазақстан Республикасы аумағында соғыс қасіретін көрген жалғыз облыс – Батыс Қазақстан. Біз­дің туған жеріміз – қасиетті мекен! Неге ендеше әскери борышын өтеуден жалтарған азаматтар саны жыл­дан-жылға артып келеді?! Әлде, ұрпақ тәр­биесінде рухани бай­лықтан гөрі ма­териалдық құнды­лықты жо­ға­ры қоя бастадық па?» –  Альберт Бек­мұ­хановтың аузы­нан шыққан осы жа­най­қай талай жанды, әсіресе идеология мен білім саласындағы жауапты тұл­ғаларды ойландырса керек. Нау­рыз айы­нан бастап еліміз бойынша әскери қызметке шақырудың кезекті – көктемгі науқаны бас­талды. Жоспар бойынша Батыс Қазақстан облысынан 600-ден аса адам шақырылуы керек. Оның 250-і – Орал қаласынан.

– 2021 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында 1994-2003 жылы туған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы қиын жүрді. Қарулы Күштерге, басқа да әскери құралымдарға жоспар бойынша 225 адам жіберуіміз қажет болатын. Жіберілгені 196 адам болды. Яғни жоспар 87,1% ғана орындалды, – дейді Орал қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы, подполковник Руслан Балтеміров.

Руслан Махмутұлының айтуынша, қа­зіргі таңда қорғаныс істері жөніндегі қа­ла­лық бас­қарманың алдында бір­не­­ше мәселе шешімін күтіп тұр. «Әс­керге шақырылушы жастар қо­сым­ша меди­ци­налық тексерістен өту кезінде қиын­дыққа кездеседі. Өйткені көп жастың ай сайынғы міндетті меди­циналық сақ­тандыру жарнасы тө­лен­беген. Сон­дықтан емдеу меке­ме­­­лері әскерге ша­қы­рылушыларды қа­был­да­майды. Бұл қаржыны жастар төлей алмайды, өйт­кені емдеу меке­ме­ле­ріне кем дегенде бір жылдық төлем болу керек, ол шамамен 20 мың теңге», дейді Р.Балтеміров.

Әскерге шақырылушылардың тір­кел­ген мекенжай бойынша тұрмай­ты­ны да – үлкен мәселе. Орал қаласы бойынша осындай 593 адамның дерегі табылмай тұр. Бұл тұрақты баспанасы жоқ, «ұшарын жел, қонарын сай білген» жастардың үлкен әлеуметтік проблемасы екені түсінікті.

Қорғаныс істері жөніндегі бас­қар­ма басшысы мерзімді әскери қыз­мет­тен жалтарған және бас тартқан адамды қылмыстық жауап­кер­шілікке тартуға мүмкіндік жоқты­ғы­на да наразы. «Тіпті дөрекі түрде әскерден бас тарт­қан адамдар да кездеседі» дейді ол. Сондай-ақ кей­бір заңды тұлғалар, жұ­мыс беруші мекемелер ұжымында әс­кер­ге шақырылушылардың жұмыс іс­тей­тінін жасырып қалады екен. Ондай мекеме басшыларын әкімшілік жа­уап­­кершілікке тарту мүмкіндігі де қа­рас­ты­рыл­ма­ған.

Елімізде «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қа­ғи­да­ларына» сәйкес қор­ғаныс істері жөнін­де­гі мекемелерде әс­кери есеп жүргізу үшін 2 500 әскерге ша­қырылушыға 1 есеп қызметкері тағайындалуы керек екен. Осы есеп бойынша Орал қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасында 23 есепші болуға тиіс. Алайда бұл қыз­мет­пен 19 адам ғана айналысады. Бұл да әскерге шақырушылар жөнін­дегі есеп-қисапты өз деңгейінде жүргізуге кедергі.

А.Бекмұханов жас жігіттерді әс­кери қыз­ме­тін өтеуге ынталандыру үшін Қорғаныс ми­­нистрлігі тарапынан бірнеше ұсыныс әзір­лен­генін айтады. Мәселен, азаматтың несиесі болса, әскери қызметін өткеру кезеңінде кре­дит­тік каникул берілмек. Сондай-ақ жауынгерге әскери қызметтің бел­гі­ленген мерзімін өткерген кезде бір жолғы ақшалай сыйақы төлеу, білім беру секторында және отбасы мү­ше­­ле­ріне коммуналдық қызмет ақысын тө­леу кезінде жеңілдіктер беру секілді ұсы­ныс­тар қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр екен.

– Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында көптеген жастарымыздың әскери боры­шын өтеуден қашуы маңызды проблема екенін атап өтті. Біздің маңызды міндетіміз – жастарды әскери қызмет өткеруге, ерекше миссия әскери бо­ры­шын орындауға ынталандыру. Пат­риот­тық тәрбие әр баланың бойына отба­сынан, ата-ана тәрбиесінен сіңуі керек. Сондай-ақ мектепте оқытылатын ал­ғашқы әс­ке­ри дайындық сабағының сапа­сы­на көңіл бөлінсе дейміз, – дейді Р.Балтеміров.

– Соңғы кезде алыс-жақын шетелде қару­лы қақтығыс көбейді. Елдің бере­­ке­сін іштен кетіріп тұрған теріс діни ағымдар, экстре­мис­тік және терро­рис­тік ұйымдар да бар. Егер елі­міз­ге  қауіп төніп, қару­лы күш қолданылса, отбасымызды кім қор­ғай­ды? Отан қорғау – әр азаматтың қа­сиетті борышы және парызы еке­нін ұмытпайық! Ден­сау­лық жағдайымыз жа­рам­­ды болса, бар болғаны бір жылға, яғни 12 айға созылған әскери борышымызды өтеуден бас тартпайық! – дейді подполковник А. Бекмұханов.

 

Батыс Қазақстан облысы