Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Іргелі және қолданбалы зерттеулермен қатар жерді қашықтықтан барлау, ғарыштық мониторинг, геоақпараттық модельдеу, ғарыштық материалтану салаларына қатысты көптеген маңызды жобаны жүзеге асырып отырған «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, сондай-ақ «Eurasian Spase Ventures» ЖШС және «Қазақстандық жобаларды басқару институты» ғарыштық техника және технологиялар саласында Kazakhstan Smart Space халықаралық байқауын жариялады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орайластырылған байқау ғарыштық техника және технологиялар саласында ғылыми шығармашылықты дамытуды мақсат етеді.
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы – техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Нұрғожин байқау шартымен таныстыра келіп, «Мамандарсыз экономика да, ғылым мен білім де дамымайды. Сондықтан да балалар мен жастардың білімге, кәсіпке деген қызығушылығын арттыра отырып, өз саласында жылдам мамандануға мүмкіндік бере аламыз. Шығармашылық ізденіске, жаңалық ашуға деген ұмтылысын қолдау, талпынысы мен таланттарын жүзеге асыруға ықпал ету де аса маңызды. Ал жастардың білімге, ғылымда, заманауи үдесрістер мен инновацияда табысқа жетуге толық мүмкіндігі бар», деп атап өтті.
Сонымен қатар еліміздің ғарышты зерттеудегі жобаларына тоқталып өтіп, адамзат үшін шексіз кеңістікті зерттеудің экономиканы дамыту, экологияны жақсарту бағытындағы мүмкіншіліктеріне тоқталды. Ал оған еліміздің ғарыш саласында жүзеге асқан бағдарламалар дәлел бола алады. Ал Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, А.Айымбетов сынды ғарышкерлеріміздің ғарышты зерттеу бағдарламаларына қатысуы бүгінде өз нәтижесін беріп келеді.
«Eurasian SpaseVentures» компаниясының бас директоры, Еуразиялық банк директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов кез келген саланың дамуы білікті мамандарға байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіби мамандармен ғана бизнестің болашағын болжауға болады. Технологиялық үдеріс, ғарыш индустриясы қарқын алған кезеңде білікті мамандарға сұраныс арта түсуде. Бүгінде ғарышты зерттеу жобалары көптеген компания үшін экономикалық тұрғыда тиімді. Ал Қазақстан жерінің ғарышты зерттеудегі рөлі айрықша.
«Аэроғарыштық технологияларды дамыту мақсатында ESV ғарыштық хаб-инкубаторына халықаралық стартаптар шақырылуда. Бүгінде цифрландыру қарқын алып, ғарыш индустриясы жылдам дамып келеді. Kazakhstan Smart Space байқауы ғарышты зерттеуге бағытталған тың жобаларға жол ашып, Қазақстанның мүмкіндіктерін әлемге паш ететін болады», деді Ш.Ибрагимов.
Қазақстан жобаларды басқару институтының президенті және Elite кадрлық холдингінің бас директоры Олег Парахин көп жылғы әріптестік және қазақстандық студенттерді қолдауға бағытталған жобаларды іске асыру, оның ішінде мектептегі және жоғары оқу орнындағы технологиялық кәсіпкерлік барысына тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің жарқын болашағы жастардың келешегімен байланысты, сондықтан олардың өмірдегі мақсатын ерте жастан анықтауға, талпынысын қолдап, шығармашылық мүмкіндіктерге жол ашуға қолдау көрсету керек.
Байқауға 7-22 жас аралығындағы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері, оқытушылар, сондай-ақ ата-аналар қатыса алады. Қазіргі кезде 50 оқу орнынан өтінімдер қабылданған. Олардың ішінде қазақстандық командалармен қатар Қырғызстан және Ресей елдерінің өкілдері бар. Өтінімдер 15 наурызға дейін қабылданады. Ал байқаудың ақтық кезеңі осы жылдың 8-10 сәуірі аралығында өтеді. Қатысушылар тақырыптық аталымдар тізімі және байқау шарттарымен www.kzsmart.space сайтынан таныса алады. Байқаудың жеңімпаздарына дипломдар, ақшалай сыйлықтар мен сертификаттар беріледі.
АЛМАТЫ