Аймақтар • 11 Наурыз, 2022

Семейде су басу қаупі бар

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Наурыз айы бастала сала жер-жерлерде қарғын су қаупінің алдын алу шаралары қолға алынды. Жауапты мамандар өзендердің арнасын ашып, бұлақ көздерін тазалауға кірісті. Тасқынға тосқын жұмыстары әсіресе Семей қаласында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені, қала аумағында су басу қаупі төніп тұрған 15 учаске бар. Су басуға бейім жерлерде 2 364 тұрғыны бар 631 үй тұр.

Семейде су басу қаупі бар

Бобровка кенті мен Бейбіт­шілік аралынан басқа 13 учаскеде, яғни Шығыс кенті, Восход, Жоламан, Мирный, Степной, Лодочная ауданы, Затон, 1-ші шағын аудан, Дальний, Юность, Новостройка, Көкентау және Мұқыр ауылдарында арналарды тазарту, су өткізу құбырларының диаметрін ұлғайту, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Су арнасынан шығып кететін тұстарға бөгеттер қойылып, су басу қаупі барынша азайтылды.

Наурыз айының басындағы жағдай бойынша Ертіс суының деңгейі 293 сантиметрді құра­ды. Ертіс өзеніндегі мұздың қа­лыңдығы 44 сантиметр болса, қар қабаты 16 сантиметрді құ­ра­ған. Тоңның қатуы – 107 сан­тиметр. Бұл көрсеткіштерді Тө­тенше жағдай департаментінің мамандары үнемі назарларында ұстап отыр. Айтқандай, Ертіс­тегі су деңгейі 4 метрден асса ғана қа­уіп бар. Ал Шүлбі гидро­элек­тр­стансасынан су жі­беру 550 м/с құрайды.

Су тасқынына қарсы іс-ша­ралар кезінде қар суы басуы мүм­кін қаланың 57 көшесі анық­талды. Сол үшін де белгілі болған көшелердің қары шығарылып жатыр. Соңғы дерек бойынша қала көшелерінен 23 408,5 текше метр қар қала сыртына төгілді.

Семей қаласының аумағында 31 автомобиль көпірі, 483 су өт­кізу құбырлары болса, темір жол­дардағы көпірлер саны – 178, су өткізу құбырлары – 41. Бұл нысандар да көктем кезінде жіті ба­қылауда тұрады. Ол үшін ауыл­дық әкімдіктерге және тиісті ұйым­дарға аталған су өткізу құ­быр­ларын, сондай-ақ арық жүйе­сін, өзен арналарын қар мен мұздан тазарту жөнінде хаттар жіберілген. Жергілікті жерлерде тәулік бойы кезекшілік жүргізетін жұмыс бригадалары құ­рылды. Қаланың арық жүйе­лерін күн сайын 25 адам және 5 бірлік арнайы техника тазалайды.

ТЖМ әскери қызметшілерді тарта отырып, Мирный кенті, Подхозная көшесі, Дальний ауда­нындағы саяжай массивінде арық жүйесінің мұзын тазарту жұмыстары жүргізілді. Шығыс кентінің «Пожарная Согра» сая­жай массиві ауданындағы қамыс пен өсімдіктерді кесу, су құ­бырлары мен бұлақтар тазартылды. Сондай-ақ бұл аумақта тұрғын үйлерді су басудан сақтау үшін жоласты құбырлары ауыс­тырылды. Су өткізгіштігі ана­ғұрлым жоғары құбырлар орнатылды.

Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүр­гізу үшін 2022 жылға «Аудан (облыстық маңызы бар қа­ла) ауқы­мындағы төтенше жағ­дай­лардың алдын алу және оларды жою» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 20 077,8 мың теңге қаражат бөлінді. Олар жару жұмыстары мен үгінді материалдарын дайындауға, жанар-жағармайға, қаптар сатып алуға және инертті материалдар алу үшін бөлінген.

Жалпы, Ертіс өзені жаға­лауын­дағы учаскелерді су ша­йы­п кетуден сақтау үшін Мир­ный, Шығыс кенттерінде және Пристань ауданында жағалау нығайтылып жатыр. Ұзындығы 2 566 метр болатындай нығайту жұмыстары тасқын судан төнуі мүмкін қауіпті едәуір азайтады. Бұл жобаны іске асыру 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде көз­делген. Алайда шарт бойынша жұ­­мыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзар­тылды.

Баса айта кетерлігі, көктем­гі маусымға Семей қаласы­ның Төтенше жағдайлар басқарма­сының мамандары мен құрал-саймандары сақадай сай. Атап айтсақ, жеке құрамда 417 адам, 269 бірлік техника (оның ішінде 25 автобус), 40 бірлік мотопомпа, 5 бірлік жүзу құралы дайын.

Семей қаласы әкімдігі мер­дігерлік ұйымдарының күші­мен Красный кордон, Затон, Дальний шағын аудандарында, Татимов, Огородная, Паровозная, Садовая, Макаренко, Аккульская, Дөнен­таев, Белібаев, Мичурин, Фес­тивальная көшелерінде арық­­тар тазартылды. Дәл осындай жұмыстар облыстың өзге аудан­да­рында да жүргізіліп жатыр. Иә, көктемде келуі мүмкін тілсіз жауға қашанда дайын болуымыз керек.

 

СЕМЕЙ