Аймақтар • 11 Наурыз, 2022

Қауіпті кезеңге дайындық қажет

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірдің 17 ауданындағы 125 елді мекенді қызыл судың басып қалу қаупі бар. Бұл аумақта 13 мың адам тұрады, сондай-ақ республикалық маңыздағы күре жолдың 74 телімін еріген қар суы бұзып кетуі әбден мүмкін.

Қауіпті кезеңге дайындық қажет

Қарашада қыламықтап жау­ған қар құрғақ жерге түскен. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, еріген қар суының то­пыраққа тез сіңуіне барынша қолайлы. Әйтсе де, тасқын судың тақсыретін көп тартқан өңірге күні бұрын қапысыз қамданған артық болмайды. Соңғы бес жылда әшейінде момақан болып көрінетін өзендер тасып, қаншама материалдық шығын келтірілді. Биыл да қар күрт ерісе, қауіп төнгелі тұр. Республикалық маңыздағы жолдарды былай қойғанда, облыстық маңыздағы жолдың 28, жергілікті жолдың 40 телімін еріген қар суы басып қала ма деген қауіп бар.

Көктемгі қызыл су жүретін қауіпті кезеңге дайындық өткен жылдың жазынан басталған. Күні бұрын мұқият жоспар жасалды. 53 елді мекенде қызыл судың алдын алу бағытында қыруар шаруа атқарылды. Таратып айтар болсақ, алдымен лықсып келген қар суының іркіліп қалмай өтуі ескерілді. Осы орайда 35 шақырымдық канал қоқыстан тазартылып, су еркін өтетіндей жағдай жасалды. Мұндай жұмыс бұрыннан бар. Мәселен, 2020 жылы 24,4 шақырым өзен табаны тазартылған болатын. Сондай-ақ өзен аңғарларының төмендеу тұсын көтеріп, бекіту де маңызды. 10 шақырымнан астам жерге бөгет тұрғызылды. Атбасар қаласындағы №1 ор­та мектептің жанына 0,47 ша­қы­рымдық бетон бөгет салын­ды. Осындай жұмыстарға об­лыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бө­лінген қаражаттың көлемі де аз емес. Төтенше жағдайлар орын ала қалса, оқыс оқиғалардың зардабын жоюға да қаражат қа­­растырылған. Қазір облыс аудан­дарында жанар-жағармай­дың мол қоры бар, 12,7 мың тонна инерттік материалдар да­­йындалған. Бұл орайдағы дайын­дық өткен жылдармен са­лыс­­тырғанда әлдеқайда тыңғы­лықты.

Елді мекендердегі тау-тау қасат қарды уақтылы шығару да ескерілген. Күні бүгінге дейін 424,3 мың шаршы метр қар шығарылды. Бұл орайдағы жұмыс әлі жалғасуда.

Күн біресе жадырап, біресе қабағын түкситіп тұрған бүгінгі кезеңде өңірдегі ахуалды кірпік ілмей күзеткен жөн. Қазір 92 қосымша бақылау пункті тәулік бойы жұмыс істейді. Жабай, Сілеті өзендеріндегі ахуал таразы басына тартылды. Мәселен, Жабай өзенінің үстіндегі қардың қалыңдығы 32 сантиметр шамасында. Ал Сілеті өзенінде 18 сантиметр қалыңдықта қар бар. Егер еңіс жерлерден құл­дырай ағып келетін көп судың мөлшерін жобалап есептейтін болсақ, қар аз түсті делінген биыл­­дың өзінде қауіп қалыңдай түспек. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл бір-ақ жағдайға – қасат қардың еру жылдамдығына тікелей байланысты. Күрт еритін болса, лықсыған мол су жол бойындағысын шайып, мұз­ға кептелген өзен аңғарынан өте алмай, жағалауды бұзып кет­пек. Сондықтан төтенше жағ­­дайлар қызметі 10 ауданда жал­пы көлемі 20,75 мың шаршы метр жердің мұзын жармақ. Бұл жұмысқа 60,340 млн теңге қара­жат қарастырылып отыр.

Облыста тұрғындарды ескерту жұмысы да біршама оң жолға қойылған. Арнайы айлық жарияланып, түсінік жұмыстары, қауіп-қатерден құтылудың жолдары күн сайын айтылуда, 104 мәрте 140 елді мекенді қамтыған рейд жүргізілді, 3,7 мың отбасына 8,2 ескертпе табыс етілді, 122 мәрте тұрғындармен кездесу өткізілді. Ендігісі табиғаттың тартуына байланысты.

 

Ақмола облысы