Өнер • 14 Наурыз, 2022

Әлемдегі ең үздік көрменің бірі – «Ұлы дала алтыны»

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыбританияда өткен «Ұлы дала алтыны» көрмесі 2021 жылдағы әлемнің үздік бес көрмесінің бірі болып танылды. Халықаралық «Apollo» өнер журналы 2021 жылдың әлемдегі үздік көрмелерді анықтап, рейтингтің көш басына «Ұлы дала алтыны» көрмесін шығарды.

Әлемдегі ең үздік көрменің бірі –  «Ұлы дала алтыны»

Көш басында бірегей жәдігер­лерден жинақталған көрменің көрінуі заңды да еді. Неге десеңіз, Шығыс Қа­зақ­станның киелі өңірлерінен та­был­ған құнды дүниелер өнер­ді жан-тәнімен түсінетін еуропалық­тар­д­ы таңдандырмай қой­ма­ды. Кем­­­­бридж университетінің Фи­цуи­ль­ям музейіне қойылған архео­логия­­­лық алтын бұйымдар осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген сақтарға тиесілі. Көрмедегі көне заттар еуро­палықтарға ежелгі көшпенділердің ержүрек жауынгер ғана емес, темірді терідей илеген, асыл тастардан зер­герлік бұйымдар соққан хас шеберлер болғанын дәлелдеді. Айта кетерлігі, көшпенділер өркениетін әлемге та­нытқан мұндай танымдық шара Еуро­пада алғаш рет ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған заттардың ішін­де алтын әшекейлер, тері мен киіз­ден жасалған ер-тұрман, пошымы бүлінбей сақталған киім-ке­шек эле­менттері қойыл­ған. Бір сөз­бен айт­­қанда, Шығыс Қа­зақстан қорған­дарынан табылған 15 мыңнан астам біре­гей жәдігер көрме сөрелерінен орын алды.

Британиядағы «Ұлы даланың алтыны» атты көрменің жабылу рәсімі қаңтардың соңында өтті. Көрме көпші­ліктің көңілінен шықты. Шығыс Қазақстаннан табылған заттардың ар­қа­сында әлем ежелгі көшпенділердің мәдениетіне, қолөнеріне, зергерлік ісіне жаңаша көзқараспен қарады. Қазақ халқына деген көзқарастары өзгерді. Тамырымыздың тереңде екеніне көз жеткізді. Иә, шетелдік мамандар таңданысын жасырмады.

– Көрмеден көрініс тапқан жәдігер­лердің арқасында әлем тарихын қайта жазудың ерекше мүмкіндігі туып отыр. Біз үшін ең бастысы – жәдігерлердің өзін ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда қолданылған бүкіл археологиялық үдеріс пен сарапшылық білімді жан-жақты көрсету, – деді көрменің ашылу рәсімінде Фицуильям музейінің директоры Люк Сайсон.

Люк Сайсон мырзаның айтуынша, бұл көрме арқылы Ұлыбритания мен бүкіл әлемнің ерекше назары көш­пен­ділер мәдениетіне ауып, онымен жақын танысуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар шетелдік баспасөз «Бұл көрме көшпенділер туралы ойды өзгертіп, жаһан жұртшылығына сақтар­дың тарихына қатысты мүлде тың деректерді көрсетті» деп жазды.

Экспозицияда бабалар қолынан шыққан шынайы жауһарлар ұсынылды және бұл туындылар ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі жә­не металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі бар екенінен хабар береді.

е

Айтқандай, жәдігерлерді отандық археологтер өңіріміздегі біздің дәуірі­мізге дейінгі VI-VII ғасырларға тиесілі сақ қор­ған­дарынан тапқан. Бұл кезең ежел­гі қазақ тарихында «Алтын ғасыр» деп те аталады.

2016 жылдан бастап облыста археоло­гия саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағ­дарламасы жүзеге асуда, нәти­жесінде тарихи-мәдени мұраны зерттеуде ауқымды жұмыс атқарылды. Облыстық музей қоры 26 мың бірегей жәдігер­-
мен толықты, олардың бір бөлігі «Ұлы дала алтыны» экспозиция­сына қойылған.

Биыл да Шығыс Қазақстанда архео­логиялық жұмыстар жалғасын таба­ды. Мысалы, Ұлан ауданындағы Ақ­бауыр кешені, Тарбағатай ауданын­да­ғы Елеке сазы, Катонқарағай ауда­нын­­д­ағы Аққайнар қорымдары, сақ дәуіріне тиесілі Шу қорымдары зерт­теліп, Тарбағатай, Шыңғыстау, Қал­ба тауларының етегінде де қазба жұмыс­тары жүргізілмек.

 

Шығыс Қазақстан облысы