Робот техникасы дегеніміз – зияткерлік автоматтандырылған техникалық жүйелерді әзірлеу және пайдаланумен айналысатын қолданбалы ғылым. Жалпы, бұл бағдарламаның өзектілігі білім беру жүйесінде жаратылыстану ғылыми бағытында оқушылармен жұмыс істеу және оқушылардың ой-өрісін дамыта отырып, инженерлік ойлау негіздерінің алғышарттарын қалыптастыру деп ойлаймын.
2030 жылға қарай адам санасымен тепе-тең нанороботтар шығарылады деген жаңалық бар. Бұдан жасанды интеллекттің болу мүмкіндігі жоғары екенін көріп отырмыз. Себебі роботтарға кез келген мәселені талдау және шешім қабылдау қабілеті қажет. Заман ағымынан қалып қоймай роботтехниканы өзіміз де үйреніп, сонымен бірге оқушыларымызға да үйретуге де кірісіп кеттік.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің информатика пәні мұғалімдері атынан оқушыларымызға роботтехникасының базалық жиынтығын сыйладық. Осындай жабдықтамалар көбейіп, оқушыларымыздың мүмкіндіктері арта берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мен «Робот техникасы» бойынша курсты 2019 жылы сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында оқыдым. 2020 жылы қазаннан бастап оқушыларға бейнероликтерді пайдаланып, теорияны үйрете бастадым. Себебі роботтың өзі болмады. Оқушылар бұл сабаққа ынталы болып, өздері ізденіп, интернеттен роботтың түрлерімен, оның қолданылу салалары туралы мәліметтермен танысып, бір-бірімен бөлісіп отырды. Жоспардағы роботтарды жасап үйренді. Оны құрастыру онша қиын емес, оның бағдарламасын жазып, құрастырған роботты қозғалысқа келтіру сәл қиын болатынын көріп білді. Топтағы оқушылардың бірі құрастыратын робот түрін ойластырып, оған қандай бөлшектердің керек екенін анықтап келсе, басқалары сол бөлшектерді қолдануға ыңғайлы етіп басқа бөлшектерден айырып жинап береді, енді біреулері үлгі бойынша құрастыруға көмектеседі.
Роботтехника бағытының даму болашағы зор. Роботтехника негіздерін оқып-үйренуде бірқатар жалпы білім беретін пәндерден білімдерін пайдалану қажет. Роботтехника оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жастарды ғылым, технология, математика арқылы жаңашылдыққа шабыттандыратын, бүгінгі күннің мәселелерін шешу үшін өз дағдыларын қолдануға, жағдайды талдауға, шығармашылықпен ойлауға мүмкіндік беретін өте тартымды білім ортасы.
Роботтехника сабағы физика, математика, информатика пәндерінен алынған білімді қажет етеді. Бұған қоса тіл байлығы да керек. Себебі роботтан жарысқа қатысқан оқушы өз жобасын қорғап, өз ойын ашық жеткізе білу керек.
Робот техникасын оқыту балалардың қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, шынайы өмір проблемаларымен шұғылдана алатын оқу ортасын қалыптастырады. Бұл орайда «Робот техникасы» элективті курсы балалар үшін құрастырушылық оқу тәжірибесін меңгерудің таптырмас құралы бола алады.
Рахатгүл БӨКЕЙ,
Қоянды ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің информатика пәні мұғалімі,
техника ғылымдары магистрі
Ақмола облысы