Қазақстан • 14 Наурыз, 2022

Діни экстремизм қаупін қалай сейілтуге болады?

1345 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қоғамымызда діни экстремистердің қапы қалдырып, талмау тұстан ұрып, есеңгіретіп кетіп жүрген кездері аз кездескен жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда діни экстремизм қауіп-қатерінің астында өмір сүріп жатырмыз деп айтуымызға толық негіз бар. Егер бұл тұжырымымыз дәлелсіз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген кезде «Діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру қажет екеніне ерекше тоқтала келіп, «Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек», деп алаңдаушылық білдірмеген болар еді.

Діни экстремизм қаупін қалай сейілтуге болады?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Елімізде қоғамды дүрліктіріп, халықтың ашу-ызасына тиген, талай жазықсыз жанның өмірін жалмаған лаңкестік әрекеттердің басым бөлігі діни экстремистердің қолымен жасалғанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ күні кеше елімізді есеңгіретіп кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында да діни өткір мәселелер желкесін күдірейтіп, айқын көрінгені белгілі. Сондықтан Президент діни экстремизмге қарсы іс-қимылды күшейтуге баса назар аудару керектігін қадап айтты.

Қоғам – баршамызға ортақ. Ендеше, ондағы ауқымды мәселелерді еңсеру – тек биліктің немесе қандай да бір салалық құрылымның ғана емес, жалпыхалықтық міндет. Бұл тұста халықтың негізгі міндеттерінің бірі – кез келген орынсыз жағдаяттар мен қалыптасқан жағымсыз ахуалдарға қатысты өзінің пікірін, жанайқайын білдіріп, атқарушы биліктен мәселені оңтайлы шешуді талап ету әрі оған көмектесу. Меніңше, халық өзінің жоғарыда аталған міндетін орындап келеді. Нақтылай айтқанда, жұрт қоғамдағы қалыптасқан келеңсіздіктерге қатысты жанайқайын жеткізуде үнсіз қалған кезі жоқ, шетін жайттардың шешімін табуды талап етуден де кенде емес. Ал халықтың атқарушы билікке қандай мәселені болсын еңсеруге көмектесуіне мүмкіндік немесе қолайлы жағдай туғызылмағандықтан ел-жұрт өзінің тиісті орындарға көмектесу міндетін орындай алмай келеді. Яғни атқарушы биліктің азаматтық қоғамға, жалпы халыққа жүгінуіне, олардың әлеуетін пайдалануына мүмкіндік беретін тетік жөнді орнықпаған. Осы тетіктің жүйеленбеуі Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының толыққанды жүзеге асырылуына негізгі кедергі болып отырғанын түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен.

Міне, біз жоғарыда сөзімізге арқау ет­кен діни экстремистік күштердің қоға­мы­мызда түрленіп, көзге көріне қоймас ішкі жауға айналғаны, бір саусағын бү­гіп, қабағын түкситіп, ортамызға қау­­пін төндіруі, еркінсуі дәл осы меха­низм­нің қалыптаспағанынан болып отыр. Дәлірегі, діни экстремизмнің қаупін айтқан халықтың жанайқайына ешкім құлақ аспай келеді, естісе де атал­ған түйткілді тұншықтыруға батыл қадамдар жасалар емес. Неге? Бұл сұ­раққа атқарушы билік тарапынан нақты, сенімді жауап берілуін халық күтіп отыр. Осы арада діни жат ағымдарды, діни экстре­мистерді қолдап-қуаттаушы немесе оның жете­гіндегі белгілі, ық­палды аза­­маттар мен лауазымды, жауапты оры­н­дарда отырған тұлғаларды сондай-ақ бүлдіргі эле­мент­тердің бастау көзін анықтап, олар туралы деректерді ашық ақпарат кеңіс­тігіне жариялап, әлгілердің іс-әре­ке­тіне мүлде тыйым салынса ғана жо­ға­рыдағы «Неге?» деген сауалға нақ­ты әрі сенімді жауап берілген болып есеп­теле­тінін айтқымыз келеді. Бұлай болмайынша ел-жұрттың күдігі де, діни экст­ре­мизмнің қаупі де сейілмейді.

Біздің қоғамда діни жат ағымдармен кү­ресу міндеті тек ҚМДБ-ға, оған қарас­ты имамдар мен ұстаздарға ғана жүк­теліп қойған секілді көрінеді. Иә, бұл мәселеден ҚМДБ бойын аулақ салмай­ды, ол өзінің құзыреті шеңберінде жұ­мы­сын шама-шарқынша атқарып жатыр. Бірақ бұдан іс өне ме?

Бүгінде «Экстремистік, радикалдық ұйым­дармен күрес елімізде тұрақ­ты түрде жүргізіліп келеді. Оңалту ор­та­лық­­­тарының өкілдері жат ағым­ның же­те­гінде жүргендермен жеке кездесіп, дә­ріс пішінінде жұмыстар жүргізуде, со­ның арқасында пәлен­бай азамат радикал­ды бағыттан бетін бұрды, түгенбай адам жат ағым­ның шырмауы­нан құтылды», деген сыңайлы мәліметтер жиі айтылады. Бұл мәліметтер халықтың күдігін се­йіл­те ала ма? Әрине, жоқ. Атқарушы би­лік­тің халықтың көкейін тескен сұ­ра­ғына берер жауабы әзірге осындай мардымсыз болып тұр. Егер әлгі жұ­мыс­тармен жағдай жақсарар болса, қазір біз діни экстремизмнің қаупі тура­­лы сөз қозғамаған да болар едік. Бұ­­дан мемлекеттің, азаматтардың қауіп­сіз­дігіне жауапты орындардың бұл са­ла­дағы шарасыздығын осындай тиім­ді­лігі жоқ, мардымсыз жұмыс­тарымен бүр­к­е­ме­леуден аса алмай отырғаны анық байқалады.

Сондай-ақ мемлекеттің діни экстре­мизм­­нің, жат ағымдардың «бастау көз­дерін» бақылаудан шығарып алғаны не­месе оларды бас білдіруге батылы жет­пей отырғаны аңғарылады. Халық бәрін, яғни «шарасыздық синдромын» көріп отыр. Мұндайда халық сенімі туралы айту қиын.

Біздің қоғамда Ислам дінінің қандай да бір мәселесі жоқ, дін атын жамылған қаскөйлер тарапынан туындап отырған ұлттық қауіпсіздік түйткілі бар.

Рухани-ағарту ісімен айналысуы тиіс ҚМДБ-ны жат ағымдарға қатысты ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешуші орган ретінде қарастырып, осы саладағы күресте аталған құрылымның есебіне жүгіну байқалып отырған қазіргі жағ­дайда негізгі түйінді тарқатуда алдың­ғы шепте болуға тиісті күштік органдар тасада қалып қоятын секілді көрінеді. Бұл да назар аударарлық мәселе.

Жалпы, қоғамымызда діни экстремизм қаупін қайтсек төмендетеміз деген сұраққа лайықты жауап берілмей тұр­ғаны рас. Осы орайда мамандардың, қо­ғам мүшелерінің ұсыныс-пікірлері маңызды. Олардың ойлары атқарушы билік тарапынан ескеріліп жатса, діни экстремизм қаупін сейілтуге белгілі бір деңгейде әсер етеді деп үміттенеміз.

Осы ретте «Біріншіден, жат ағым ре­тінде элементтері бар радикалды ұйым­дардың қызметіне тыйым салатын нақты, талабы қатал заң қабылдау қа­жет. Сонда ділімізге, дінімізге қайшы келе­тін көріністерге заңмен тосқауыл қойы­лады. Сондай-ақ, экстремистік ұйым­дарды жат ағым ретінде нақты тану мүмкіндігі кеңейеді», дейді Аты­рау об­лы­сының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

А.Ұтысханұлының айтуынша, ради­калдық ұйымдар кез келген уақыт­та жиһад жариялап, елдің шырқын бұзуы әбден мүмкін. Сондай-ақ олар қазақ­тың шариғатқа қайшы келмейтін дәс­түрлерін жоққа шығаруы, намаз оқы­мағанды кәпір деуі және басқа да мәсе­ле бойынша ел ішінде бүлік шы­ғаруы ықтимал. Сирияға кеткендер – радикалды ұйымдардың «жеміс­ті ең­бек­тері­нің» көрінісі. Кезін­де еліміздің батыс өлкесінде ойран шығарғандар да осы радикалдар. «Жат ағымның жетегіне шырмалған кейбір адамдар әлеуметтік жағдайының төмен­дігінен, жұмыстың жоқтығынан жат ниеттілердің жетегінде жүргенін айтады. Осындай жандардың жағдайын жасап, жұмыспен қамтамасыз ету оларды бұрыс жолдан қайтарудың жақсы амалы», дейді бас имам.

А.Ұтысханұлының сөзіне қара­ғанда, имам­дарды қаржылай қолдау – жат ағым­ға ерушілердің санын азайтатын тиімді жол­дардың бірі. «Мешіт мемлекет тара­пы­нан қаржыландырылмайды. Қала ау­мағынан бөлек, аудан, алыс ауыл­дар­да мешіттеріміз бар. Аудан, ауыл мешіт­тері­нің барлығында бірдей жалақы мәсе­лесі толық шешілді дей алмаймыз. Сон­дықтан, аудан, ауыл­дық жерлерге сауат­ты дін мамандарын тарту мәселесі өзек­ті болып тұр. Егер имамдарға мем­лекет­тік тұрғы­да қолдау көрсетіп, жалақы таға­­йын­дайтын болсақ, ауылдар­ды дін атын жамылған жат идеоло­гия­дан сақ­тан­ды­ру мүмкіндігі кеңейер еді. Себебі бі­лік­ті кадр іс тетігін шешеді», дейді ол.

р

Сонымен қатар, ол ҚМДБ-ға қарасты имамдар, мешіт ұстаздары университет, колледж, мектеп, оқу орындарында дәріс оқып, шәкірттермен кездесу мүмкіндігін алуы қажет деп есептейді. Себебі осылайша, жастардың бойында рухани иммунитет қалыптастыру ма­ңызды. Бұл – рухани қуатты, білімді ұр­пақ қалыптастырады әрі экстремизм мен терроризмнің алдын алатын бірден-бір жол. «Сайып келгенде, жат ағымдармен күрес – белгілі бір ұйымның ғана жұмысы емес. Бұл жерде қоғамның бірлігі, мемлекеттің тікелей қолдауы кезек күттірмейтін іс», дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

Қозғалып отырған мәселеде дінтану­шы-сарапшы Тұрар Әбуовтің де айтары көп. «Діни экстремизм» ұғымын жан-жақ­ты талқылап, түсіндіру мақсатын­да жалпы экстремизм ұғымы туралы жақсы білгеніміз жөн. Әлемде, соның ішінде Қазақстанда діни экстремизмге қатысты нақты түсінік қалыптаспағанын аңғаруға болады. Оның да бірнеше себебі бар. «Діни экстремизм» ұғымы екі негізден, бірі экстремизмнің өзінен, ал екіншісі, діннің кейбір қағида­ларын басшылыққа алу арқылы пайда бол­ған құбылыс. Экстремизм саяси режімге көңіл толмаушылықтан, әлеу­меттік теңсіздіктен, қоғамдағы кей­бір күрделенген мәселелерге көңіл тол­маушылықтан туындауы мүм­кін. Діни экстремизм – қоғамда орнық­қан мо­ралдық нормаларға, салт-дәс­түр­лерге, дәстүрлі діндерге қайшы іс-әрекеттер. Басты сипаты – дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздырады және зорлық-зомбылыққа шақырады, сон­дай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген әрекет. Ал дін­нің атын жамылып, саяси мақсатқа қол жеткізу үшін бағытталған әрекеттер діни-саяси экстремизм болып саналады. Діни-саяси экстремизм – дін атын жамылып, саяси мақсаттарды басшылыққа алып мемлекеттік құрылымды күштеп өзгертуге және билікті жаулап алуға, мем­лекеттің аумақтың тұтастығы мен еге­мендігін бұзуға бағытталған қыл­мыс», дейді Т.Әбуов.

Оның айтуынша, жалпы мұндай теріс әрекеттер ұлттық, мемлекеттік идеологияның әлсіздігі немесе болмауынан туындайды деуге болады. Бұған кейбір сарапшыларымыз келіспеуі де мүмкін. «Жоғарыда келтірілген мәселелердің алдын алу немесе қауіпті сейілту үшін біріншіден, бақылауды күшейтуіміз керек. Бақылау болмаған жерде берекетсіздік орын алады, тіпті шек­тен тыс еркінсу пайда болады. Сон­дықтан ата-ана өз баласын, мемлекет өз азаматтарын бақылауға алуы керек. Яғни бала дінге бет бұрса, оны тыймау керек, керісінше оған дұрыс бағдар беру керек. Мемлекет те осы бағытта машықтану қажет. Яғни азаматтарды жалған діни ұрандардан қорғай білу ләзім. Бұл еліміздің, болашағымыздың бейбіт, ұрпағымыздың амандығы үшін қажет», дейді сарапшы.

Т.Әбуовтің сөзіне қарағанда, соңғы жылдары елімізде жастардың дінге негізделген радикалдану үдерісі қарқын алуда. Оны әлеуметтік желіде отырған жастарымыздың түрлі пікірлерінен білуге болады. Шын мәнінде радикализм көбінесе ол діни құндылықтардан және өсиеттерден емес, сол құндылықтарды, өсиеттерді жекелеген азаматтардың (діни ағым өкілдері) түсіндіру тәсілінің кем­шілігінен пайда болуда. Осыдан барып бақылаусыз кеткен жастарымыз жылдам радикалданады және тез теріс сөзге еріп, иланғыш болады. Оны кешегі қаңтар оқиғасынан аңғаруға болады. Яғни олар сырттан келген аран­дату­шылардың ықпалына тез түсіп қалған­дығын көре аламыз. Сондықтан жастарды бақылаусыз жіберу ради­кал­дану­дың артуына айтарлықтай әсер етеді. «Мемлекет радикалдану­ға қар­­сы және экстремизмнің алдын алу жұ­мысын үйлестірудің мәнін арттыру қажет секілді. Сонымен бірге радикалдануға кімдердің бейім тұ­ра­тынын анықтап алу керек. Мы­салы, жеке сенімі мен көзқарасын тықпа­лау­шылардың кесірінен отбасында ауыр проблемалары барлардың, қиын жағ­дайлы оқиғаларды басынан өт­кер­­гендердің, кемсітушіліктен зардап шек­­кендердің, әлеуметтік қарым-қаты­наста түйткілдері барлардың, біреуден ақысын ала алмағандардың, өзін өзі бағалай алмайтындардың радикалды, экстремистік көзқарастарға тез ілесіп кету ықтималдылығы бар. Кезінде Дін істері комитетіне қарасты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығында қызметте жүр­генімде 2015 жылы еліміздің діни ахуалын зерделеу мақсатында жұмыс­тар жүргізілді. Зерделеу барысында жүргізілген сауалдама студенттер арасында діни құндылық бірінші орында, ұлттық құндылық – екінші, азаматтық – үшінші, зайырлылық төртінші орында тұрғаны байқалды. Ал студенттердің аз бөлігі өзіне қай құндылықтың қымбат екені жөніндегі сұраққа жауап беруге қиналған. Бұл жастар арасында рухани негізі жоқ жалаң діншілдіктің өршіп бара жатқанын, мемлекеттілік негізі әрі қоғамдық тұрақтылық тірегі болып табылатын ұлттық, отансүйгіштік, зайырлылық құндылықтардың маңызы мүлде төмендеп кеткенін, сонымен қатар жалпы құндылықтық тәрбиенің дұрыс жолға қойылмай отырғанын көрсеткен еді», дейді Т.Әбуов.

Сарапшы осы ретте жастар арасында ұлттық, мемлекетшілдік, отан­сүй­гіштік тәрбиені күшейту, дәстүр­лі рухани құндылықтарды насихат­тау ша­ра­­ларын қарқынды түрде жүр­гізу қажет деп есептейтінін айтады. «Та­ғы бар айта кететін жайт, еліміз­де идео­логиялық тұрғыдан жүйелі жұмыстар күшейтілгені жөн. Әсіресе, мемлекеттің дін саласындағы саясаты жүйелі негізде қарқынды жүргізілуі қажет. Өңірлердегі діни ахуалды зерттеп-зерделеуге, оны қадағалауға, шынайы көрінісін айқындауға, тұрғын халықпен және түрлі діни ағым өкілдерімен белсенді жұмыс атқаруға маңыз берілуі керек. Дін саласындағы қызметкерлердің, әсіресе тәжірибесі аз мамандардың бі­лік­тілігін жетілдіру шараларын қолға алу да маңызды. Сондай-ақ радикал­ды идеология ықпалына түскен аза­мат­тардың дәстүрлі дінге өткенін анық­тайтын индикаторлар әлі де толық реттелмеген және дерадикализациялау үдерісі үнемі дәстүрлі дінге өткендердің санымен ғана бағалануда. Сондықтан осы бағытта кешенді зерттеулер жүр­гізі­ліп, нәтижесінде, мамандарға тиісті әдістемелек материалдар әзірлеу қажет. Сана-сезімі радикалданған азаматтармен жұмыс істеу әрине оңай емес», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, БАҚ-тағы дін мәселелерін көтеретін жарияланым­дар­да, діни мазмұндағы ақпаратпен шек­телмей, ұлттық, мемлекетшіл­дік, отансүйгіштік құндылықтарды насихаттайтын, зайырлылық қағидат­тарын талдап-түсіндіретін рухани-таным­дық және ғылыми-көпшілік тұрғыдағы материалдарға басымдық берілгені жөн.

Иә, ел ішінде діни экстремизм қаупін төмендетуге қатысты ұсыныс-пікірлер өте көп. Мұның барлығына атқарушы билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында назар аударып, ең бастысы елдің тынышты­ғын қашыратын, татулығымызға сына қағатын, тәуелсіздігіміз мен қарапайым халықты қауіпте ұстайтын кесірлі, кесапатты идеологиядан сақтану ісіне ел-жұртты жұмылдыруға тиіс.

Бұл бағытта қандай тиімді жұмыс­тар­ды қолға алу керектігін атқарушы билік өз әлеуетін көрсете отырып анық­тап, оны халықпен талқылап, нақты қадам­дар жасаудың уақыты келді. 

Діни экстремизмнің зорлық-зомбы­лы­­ғынан, терроризм қауіптерінен адам­ның, қоғамның және мемлекеттің қауіп­сіздігін сақтау, қамтамасыз ету өзекті­лігі күн тәртібінде тұрған бүгінгі таңда атқарушы билікке артылар салмақ, жүк, жауапкершілік жеңіл емес. Мұның үдесінен лайықты шыға білу билікке деген халықтың сенімін едеуір нығайтатыны сөзсіз.

Ал әзірге жат діни ағым мүшелерінің сенімін өзгерту бағытындағы іске ғана ден қойғансып, дәстүрлі дінімізге бет бұрғандардың санына малданып, ал олардың орнына басқа пиғылдылардың топ-тобымен құйылып келіп жатқанына сырттай кіжініп жүре тұрудан басқа амал жоқ. Жат ағымдағылардың бірінің бетін бері қаратқанымен, оның орнын екінші біреуге бастыру көрінісі – «бас­тау көздерді» бұғаттамасақ әрі қарай жалғаса береді.