Мәселен, Береке ауылында бір ауысымда 25 адамға медициналық қызмет көрсететін амбулаторияға 3 044 адам тіркелген. Тіркелгендердің арасында 800 жасөспірім, оның ішінде бір жасқа дейінгі 160 бала бар. Қазір амбулаторияда екі жалпы практикалық дәрігері мен акушер, бес мейірбике жұмыс істейді. Амбулаторияның жалпы практикалық дәрігері Серік Құлғазиевтің айтуынша, ауылда диспансерлік есепке алынған науқастардың саны көп. Бала туу көрсеткіші артып отыр. Ал Алмалы ауылындағы осындай амбулаторияда 3 700 тұрғын тіркеуге алынған.
– Ауылдардағы емдеу мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасын шешуге ерекше назар аударған жөн. Әсіресе жас мамандардың ауылда жұмыс істеуге құлшынысын арттыратындай бірнеше жайтты ұсынамыз. Біріншіден, оларды жергілікті бюджет қаржысына оқыту, баспанамен қамту және басқа әлеуметтік қолдау тетіктерін қарастырған жөн. Екіншіден, медициналық қызметкерлер үшін сараланған жалақы жүйесін енгізу қажет. Яғни жалақы бәріне бірдей мөлшерде емес, білімі мен біліктілігіне қарай төленуі керек. Мемлекет басшысының қойып отырған бүгінгі талабы – халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру, тұрғындардың денсаулығын жақсарту қажет, – дейді А.Ғиният.
Министр жалпы практикалық дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, терапевтік бейіндегі әртүрлі патологиясы бар науқастарға көмек көрсетуге бет бұрғанын қалайды. Бұл пациенттердің арнайы мамандардың қабылдауына кіру кезегінің уақытын азайтар еді. Аспаптық диагностиканың қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендерді сатып алу мәселесі шешімін табуға тиіс. Ауыл тұрғындары үшін чекап түрінде кәсіби тексерулер тізбесі кеңейтіледі. Скринингтердің қолжетімділігін, ауылдардағы медицина қызметіне бірқатар тарифті арттыру жоспарланып отыр.
А.Ғиният Атырау қаласындағы акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық көмектің толық спектрі көрсетілетін 100 орындық перзентхана мен 250 төсектік облыстық перинаталдық орталықтың жұмысына назар аударды.
– Республикалық комиссия тексеруі кезінде ауылдарда талапқа сай медицина нысандарының жоқтығы байқалды. Медицина қызметкерлеріне, әсіресе дәрігерлерге, тұрғындарға да қолайлы жағдайдың жасалмағанына көз жетті. Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, медицина нысандарын салу үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр, – деді министр.
Атырау облысы