Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Министрлік басшысының мәліметіне назар аударсақ, 2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тестілеуден өткізілген. Өйткені жаңа ережеге сәйкес түлектер мектепке жұмысқа орналасу үшін педагогикалық дипломының болуы жеткіліксіз болатыны және қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндеттілігі айтылған. Жаңа ереже талаптары бойынша білімі мен қабілеті оқушыларды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайтын болды. Яғни тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер оқушылармен жұмыс істеу құқығынан айырылады деген сөз.
«Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан, түлектердің 46 пайызы ғана кажетті балл жинай алғанын айта кеткен жөн. Бұл – тест тапсырған 32 мың түлектін 15 мыңы ғана», деген министрдің мәліметіндегі мән-жайға терең үңіліп, толығырақ тоқталуды жөн көрдік.
Біріншіден, елімізде жоғары білімді кадрлар даярлау мәселесін күн тәртібіне қойып, оған терең талдау жүргізілу керек деп естептейміз. Жоғары оқу орындарының білім беру қызметіндегі кемшіліктерге сараптамалар жасалуға тиіс. Білім беру бағдарламаларын зерттеп, зерделеу керек. Сонымен қатар түлектері біліктілік тестілеуден өтпей, мектепке қабылданбай, далада қалған жоғары оқу орындарын жедел түрде анықтап, тиісті іс-шаралар қабылдауды қолға алу керек. Сапасыз білім берген ондай жоғары білім беру мекемелерін жоғары білім беру қызметін көрсетуге құқық беретін лицензиялардан айыру мәселесі төтесінен қойылуы тиіс. Жоғары білімі бар түлектердің жартысына жуығы тестілеуден өте алмай, мектепке қабылданбауы төтенше жағдаймен теңестіріліп, шұғыл шешім қабылдау мақсатында тиісті жоғары білім қызметін көрсете алмаған жоғары оқу орындары ректорларының жеке жауапкершілігін алқалы жиында, білім сапасы бойынша эксперттік қоғамдастық пен Жоғары оқу орындары қауымдастық өкілдерінің қатысуымен талқылап, түпкілікті шешім қабылдануы қажет деп санаймыз. Сондай-ақ сапалы білім беруді қамтамасыз ету комитетінің де профилактикалық бақылау кезінде назардан тыс қалдырып, сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне берілетін лицензия талаптарын орындауын қадағалауды өз дәрежесінде жүргізуге немқұрайдылықпен қарағанын да ескерген абзал.
Екіншіден, тәуелсіздік жылдары бойынша демей-ақ қояйық, соңғы бес жылда мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішіне мониторинг жүргізілуі керек. Өйткені «Атамекен» ұлттық палатасы мен Білім министрлігі бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, түлектердің 70 пайызы ғана жұмысқа орналасады екен. «Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп даярланған түлектердің жартысынан астамы ғана жұмысқа орналасатын болса, біз кім үшін кадр даярлап жатырмыз?» деген сұраққа жауап беруіміз керек. Әлде жұмыссыздардың қатарын көбейту үшін бе? Өте қүрделі мәселе. Күрмеуі қиын көкейкесті мәселенің түйінін дер кезінде тарқатпасақ, бәрі кеш болуы мүмкін. Реті келгенде айта кетейік, министрлік соңғы кезде Президент тапсырмасына сәйкес, қазақтың технарь жастарын қалыптастыру мақсатында техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар көлемін өткен жылғы 40 пайыздан 60 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бірақ жоғары білім бойынша Тәуелсіз эксперттер тобының мүшелері грант санын арттырғанымен, сапа көтеріліп кетпейді деген ұстанымдарын жариялаған болатын. Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай, педагог кадрлар сияқты техникалық мамандықтарды игерген жоғары білімді кадрлардың да мамандығы бойынша соңғы бес жылда жұмысқа орналасуына байланысты мониторинг жүргізіліп, нақты қанша кадрға сұраныс бар екенін анықтап алып, грант бөлу мәселесін қолға алған жөн.
Үшіншіден, жоғары білім бойынша кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс орналастыру тетіктерін түпкілікті қайтадан қарау керек. Бөлінетін әрбір грантқа тапсырыс берген орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару билік өкілдерінің жауапкершілігі қағидада нақты қарастырылуы қажет. Сонда жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Жалпы, біліктілік тестілеуден өту арқылы ғана мектепке жұмысқа қабылдайтын жаңа Ереже білім сапасына байланысты көп нәрсенің көкейкесті мәселелерін ашып бергені анық. Енді диплом үшін оқитындар саны азайып, біліктілікке мән беру керектігін түсінген түлектер қарасы көбейеді. Әйтеуір университетке түссем болды деген ниеттегі студент те, балам диплом алса болды, бір мәнісі болар дейтін ата-аналар да азаятын сияқты.
Біліктілік тестілеуден өту білім сапасының көрсеткішіне айналатынын терең түсінетін кездің келіп жеткеніне мықтап мән беруіміз керек. Білімі мен білігі келіскен Жаңа Қазақстанның жаңа құрылысшылары біз көтерген мәселелердің оң шешім табуына атсалысарына сеніміміз мол.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор