Өнер • 15 Наурыз, 2022

«Туған өлкенің палитрасы»

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сырмақ сыру, алаша тоқу сынды ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан өнерін жаңаша стильде қайта жаңғыртып, төрімізге шығарып жүрген суретшілердің қолдарына Құдай қуат берсін дейміз. Күні кеше Өскемендегі облыстық өнер музейінде «Туған өлкенің палитрасы» атты кескіндеме және сәндік қолданбалы өнердің көрмесі ашылды.

«Туған өлкенің палитрасы»

Сонау Алатаудан Алтайға ат арытып, суретшілер Гүл­жамал Тагенова мен Гүл­жанат Қабижановалар ерекше көрме әкелді. Екеуі де Шығыстың тумалары бол­ғандықтан, көрме атауын «Туған жердің палитра­сы» деп қойған екен. Өнер музейіндегі екі залға ілін­ген туындылардан туған жер­дің, ауылдың иісі аңқып тұр­ды. Бояулары ойнақы, қанық әрі мағыналы деп өнер­тану­шылар, көрермендер өз ба­ғаларын беріп жатты. Әсіресе, ортадағы дастарқанда жатқан қызылды-жасылды жіптен тоқылған алмалар көптің көңілін аударды. Шынайы алмадан айырмашылығы жоқ. Өнердің қасиетін түсіне­тіндер асқан шеберлікпен жасалғанын бірден аңғарады.

Қазіргі таңда туған жер­леріне келіп көрме өткізіп жатқан екі суретші де өнер ордасы – Алматыда тұрады, сонда қызмет етеді. Есімдері елімізге танымал шеберлер қазақтың ұлттық өнерін алыс-жақын шетелдерге де танытып жүр.

Гүлжамал Тагенова Қа­зақстан Суретшілер одағы­ның мүшесі, көптеген бай­қаудың жеңімпазы, ха­лық­аралық пленэрлер мен сим­позиумдардың қатысу­шысы және дипломанты. Өмірін өнерге арнаған ол «Сым­бат сән» академиясында сурет пен кескіндемеден сабақ береді. Ал Гүлжанат Қабижанова педагогика ғы­лымдарының кандидаты. Бейнелеу өнерінің көптеген саласында шығармашылық тәжірибесі бар. Атап айтсақ, кітап графикасы, гобелен, киіз, батик, интерьер диза- й­ны сынды салаларын әбден меңгерген. Соңғы жылдары кескіндемемен ғана емес, киізбен жұмыс істеуді қол­ға алған. Сонымен қатар та­биғи жібек пен киізден сәнді киімдер тігіп жүр. Бұл жұ­мыстары үшін Қазақстан Сурет­шілер одағының алтын ме­далімен де марапатталған.   

– Зайсан қаласында туып-өстім. Мектепті тәмам­да­ған соң арман қуып Алма­тыға кеттім. Содан бері өнер жолында еңбек етіп ке­лемін. Ал туған өңірде ал­ғаш рет көрме өткізіп отыр­мыз. Кө­рермендердің қызығу­шы­лығына риза болдым. Бұған дейін шетелдерге көп ша­қырту алып тұрдық. Бұдан бы­лай Өскеменге жиі келе­міз. Кейінгі жылдары тоқы­ма өнерімен, гобеленмен, кестемен айналысып жүр­мін. Суретші болған соң кес­кіндеме, акварель, гра­фиканы да тастамаймыз, – дейді суретші Гүлжанат Қабижанова.

Айта кетсек, екі сурет­шіміз де Халық­аралық тә­уелсіз әйел су­рет­ші­лер қо­рының мүшесі. Ұлт­­тық өнер­ді әлем­дік дең­гейге кө­теру ба­ғы­тын­да аян­бай еңбек етіп келе жат­қан­дықтарын, Өске­мен­дегі көр­меден-ақ көруге болады. Суретшілердің айтуынша, «Туған өлкенің па­ли­трасы» атты көрмеге қойыл­ған жұ­мыстарға сұра­ныс болса, сатылуы да мүм­кін. Көрме 10 сәуірге дейін жалғасады.

 

Шығыс Қазақстан облысы