Өнер • 15 Наурыз, 2022

Микеланджелоның махаббаты

533 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шығармашылықтың шыңын бағындыру үшін махаббат сезімінен саналы түрде бас тартқан таланттың бірі – Микеланджело. «Отбасын неге құрмайсың?» деп жеке өміріне қызығушылық танытқандарға ұлы суретші: «Мен өнермен заңды некеге тұрдым және сол маған жеткілікті Отбасылық әбігер туындатады. Өйткені шығармаларым – менің балаларым» деп қысқа қайырады екен. Сөйткен Микеланджело мәңгілік махаббатын ғұмырының соңында жолықтырып, өмірлік үлкен өкінішке бой алдырыпты.

Микеланджелоның махаббаты

Ренесанс дәуірінің алыбы қайта­ланбас Микеланджело Буонар­роти – заманында ең өнімді жұмыс істеп, өнері жоғары бағаланған суретшінің бірі. Өмірін тұтасымен өнерге арнап, жеке басының бақытын жадынан шығарған таланттың тағдыры қай кезде де қоғамның қызу талқысынан түскен емес. Әсіресе махаббатқа қа­тысты мәселеде Микеланджелоның айналасынан өрбитін әңгіме де, аңыз да көп. Алайда соның аңызы қайда, ақиқаты қайсы?

Жеке өміріне, махаббат се­зім­­деріне қатысты сырларды су­ретші тудырған өнер туынды­ла­рында да, күнделіктері мен жеке хаттарында да көп жария етпейді. Тек бір ғана 1508 жы­лы жазылған шығармаларының бірін­де өзінің бүкіл жан дү­ние­­­сін жау­лап алған әлде­бір бой­жеткеннің сұ­лу­лығын бе­й­нелейді. Бойжеткен – Бо­лонья­ның тұрғыны. Көркем өнер­дің орындалу сапасына қарап ол сұ­лу­дың суретші сезіміне ерек­ше әсер еткендігін аңғару қиын емес. Алайда болоньялық ару­дың нақты кім екендігін дөп болжау мүмкін болмады. Өйткені Микеланджело өзінің суреткерлік болмысына тән құпиялылықты барынша берік сақ­тайды. Әйтсе де, зерттеушілер бұл арудың суретші өмірінде айтарлықтай орны болмағанын, тек жылт еткен сезім отының шар­пуынан туын­даған өт­кінші махаббаттарының бірі екенін алға тартады. Осы туын­дыдан кейін құштарлыққа толы сезім суреттерін тудыруда Микеланджело бей­тарап­тықты таңдайды. Тіпті шы­­ғармашылығындағы махаб­бат қақпа­сын тарс жапты десе де болады.  Же­ке басына қа­тысты мәселеге нүкте қойып, жал­пыадамзаттық шедеврларын тудыруға дендеп кіріседі. Тек бұл ты­ныштықты 1537 жылғы кездейсоқ кездесу күл-талқан кетеді...     

Иә, егер Микеланджелоның жасы егде тартып, самайын қырау шалғанда жолықтырған махаббаты Виттория Колонна болмаса, онда ұлы суретшіні өмір бойы махаббаттан баз ке­шіп, жалғыздықты айнымас­ серігі етті деп айтуымызға не­гіз бар. Солай өте де берер­ ме еді?!­  Бірақ  тағдыр талантқа та­маша сый дайындапты. Пе­ше­неге жазылғаны сол болар, көңіліне шуақ алып кірген көк­темін Микеланджело өмі­рі­нің еңкейген шағында бір-ақ жолықтырған. Кемеңгер қыл­қа­лам шеберінің жан дүниесін әлемтапырық күйге бөлеп, сезімін селт еткізген сол сұлу бикештің суретші өміріндегі орны мен маңызын бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

Қайта өрлеу дәуірі әдебиет пен өнерде атағы жер жарған небір ұлы әйелдерді алып кел­ді. Бірақ олардың бірде-бі­реуі ұлы қылқалам шебері Ми­келанджелоның құрбысы, әйгі­лі ақын Виттория Колонна тә­різді биікке көтеріле алған жоқ. Кейінгі зерттеулер Микелан­дже­лоның музасы болды­ деп кесіп айтып жүрген Сици­лия вице-королінің жесірі Вит­то­рия Колонна мен суретші арасындағы ерекше сезім шынымен де махаббат па, әлде рухани үндестік шыңына шығарған ұлы достық па, ол жағы тағы да бей­мәлім. Бірақ қалай десек те, суретші мен сұлу арасында нәзік байланыстың орнағаны анық.

Бірде Микеланджело оған Иса­ның бөренеге керілген бей­несінің нобайын беріп жіберді. Виттория баға беріп, оны кері қайтарған соң суретші жаңа жобаға кірісуі керек болатын. Бірақ нобайдың сұлуға ұнағаны соншалық, Виттория оны өзіне алып қалуды ұйғарады. Бұл жайында ол Микеланджелоға былай деп хат жазды:

«Жер бетіндегі ешбір жанмен салыстырғысыз суретші әрі жалғыз досым Микеланджело! Жолдаған хатыңызды алдым. Сіз жіберген Иса бейнесінен тірірек, кемелдірек еш нәрсе болуы мүм­кін емес. Ол ұшы-қиырсыз нәзіктік пен таңғажайып күштің арқасында өте шебер орын­дал­ған. Егер бұл сіздің емес, басқа біреудің қолымен істелсе, мен ол басқа біреудің бұл еңбекті орын­дауын қаламаймын. Бұл нұс­қаны кім бейнелегенін жария етуіңізді өтіне отырып, осы­ным үшін сізден кешірім өті­немін. Ал егер бұл нұсқа сіз­дің қолыңыздан шыққан болса, онда сіз қайткен күнде де оны менде қалдыруыңыз керек. Мен оны жарықта, әйнектің астында, тіпті айнадан да қарап көрдім. Соншалықты керемет­ дүниені мен бұрын-соңды көрген емеспін. Сіздің адал құрбыңыз Маркиза Пескара».  

Жан әлемін дәл Маркиза Вит­ториядай ұғынған жанды бұрын-соңды кездестірмеген суретші сонда сұлудың аса талғампаз сезімталдылығы мен таным-парасатына дән риза болып, бас иеді. Содан бастап өле-өлгенше ұласқан суретші мен ақын арасындағы адал да пәк сезім ел арасында аңызға ай­налды.  Бұл туралы неміс өнер­танушысы, микеланджелота­ну­шы Герман Гримм: «Егер тағдыр Микеланджелоны Вит­то­риямен жастық шағында қосса, суретші қандай адам болар еді? Сол секілді Витторияның да  өткен өміріндегі оқиғалар қа­жытпаған сергек кезі болса, бұл нәзік сезім хикаясы қалай өрбитін еді? Әттең, тағдыр тым кеш табыстырған қос пенде бір-біріне көңілге медеу болар үлкен достықтан өзге ештеңе бере алмады. Микеланджело да ғашығынан оның бере алатынын артық ешнәрсе талап етпеді», деп жазады кітабында.

Микеланджело мен Виттория ең алғаш 1537 жылы Римде танысады. Ол кезде сұлудың жасы 46-да, ал суретшінің алпысты алқымдап қалған шағы болатын. Олардың достық-махаббаттары небәрі он жылға созылды. Әлі де жалғаса берер ме еді бәлкім, бірақ 1547 жылы Витторияның оқыстан өмірден өтуі Микеланджелоның да мәңгілік махаббат туралы тү­сінік һәм сезімін күл-талқан етті. Одан кейінгі суретшінің ғашығынсыз өткізген 17 жылы не­гізінен сұлуға деген ұлы са­ғынышпен өрілді. «Ми­ке­ланджелоның Витторияны сүйгені соншалық, өлім аузында жатқан сүйіктісінің ақтық рет маңдайы мен бетінен емес, ұяңдығына салып тек қолынан ғана сүйген ақымақтығы үшін өзін көпке дейін кешіре алған жоқ. Оның қайғысы шексіз болды. Жетпіс жастағы қария ғұмырында табысқан жалғыз жақын құрбысын ақтық сапарға аттандырып, өзі де бұл өмірден баз кешті. Оны құсадан аман алып қалған шығармашылыққа деген шексіз сүйіспеншілігі. Ол жан жұбанышын қылқалам­нан тапты» деген жазба қал­ды­рыпты суретшінің жеке био­графы Асканио Кондиви шы­ғармашылық иесі өмірінің тау­­қыметті кездерінің сырын бүк­пе­сіз баяндап.

Жалпы, Микеланджелоның махаб­батқа деген көзқарасын замандасы әйгілі суретші Рафаэль Сантимен салыстырғанда – екі әлем. Қос ке­меңгер мінезі, өмірді қабылдауы бір-біріне қа­рама-қайшы, тіпті ке­реғар десе де болғандай. Рафаэль өмірді, махаббатты барынша жеңіл қабылдады. Атақты «Сикстиндік Ма­доннаның» авторы өмірінің соңғы күндеріне дейін көңілді, риза бозбала болып қала берді, шексіз романтик қалпынан танбады. Рафаэльге ұнау үшін әйелге сүйкімді бет-әл­пет иесі болу ғана жеткілікті еді, ақыл-парасат қажетті шартқа жатпа­ды. Осы себептен оған махаббаты іздеу­дің қажеті жоқ еді, махаббат оны өзі-ақ іздеп табатын...

Ал Микеланджелоның жағ­дайын­да бәрі керісінше. Ол өмір бойы ұлы махаббатты армандады. Бірақ Бет­ховен сияқты Микеланджело да құ­марта сүйіп, жан-тәнімен өзін оған арнайтындай әйелді кездестірген жоқ. Ол өз сезімімен үйлесетіндей сезім іздеді, бірақ таба алған жоқ. Тек өмірінің ымыртында жолықтырған Виттория Колонна ғана суретшіні аз ғана уақыт болса да осы бір қараңғы түнектен алып шыққандай өміріне сәуле болып енген енді. Сұлудың өлең жазатын ақындық әдемі болмысы да ұлы суретшінің нәзік жанымен үндескендігінен шығар, Микеланджело үшін Виттория аз ғана уақытта бүкіл әлемге айналды.

...Ол жаны сүйген сұлудың су­ретін салған уақытта оның алдында жас сұлу деуге келмейтін шашын қырау шалған кексе әйел отырды. Бірақ Микеланджело үшін одан асқан әсемдік жоқ еді бұл жалғанда. Сол перизат бейне суретші өмірден өткенше көз алдынан көлбеңдеп, сұлулықтың символы болып жадында мәңгі жатталды.