Қазақстан • 16 Наурыз, 2022

Шекара шебіне назар аудару қажет

492 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған ауылдар мен ұлттық мектептердің күрделі мәселелерін жедел түрде шешу қажет.

Шекара шебіне назар аудару қажет

Қызылжар өңірінде облыстық эко­но­мика басқармасының есебі бойынша, 635 ауылдың 307-не болашағы бар деген жорамал жасалып отыр. Бұл санатқа шекара маңындағы 23 елді мекен іліккен. Солардың бірі – Кіші Қараой (бұрынғы атауы Киев).

Теріскейдегі шекара маңын ме­кен­­дейтін 15 ауылдың тұрғын­дары­ның саны 50-ге де жетпейтінін ес­кер­сек, бұған жыл өткен сайын қо­ныс­танушылар санының азайып бара жатқанын қоссақ, біразы карта бе­ті­нен жойылып кеткелі тұрғанын аң­ға­рамыз. Жалпы, Қазақстан бойынша шекара аумағындағы 1 200 елді мекенде 1,5 млн адам тіршілік етеді екен. Алайда қазіргі қалыптасқан күр­делі жағдайларға қарағанда, шек­ара шебін шегендеп, ұлттық қауіп­сіз­дігімізді қамтамасыз етудің, тәу етер тәуелсіздігіміздің іргетасын нық­­­тай түсудің стратегиялық маңыз­ды­­­­лығын биліктегілер жете сезін­ген­­дері абзал. Өкінішке қарай, ше­ка­­ралық аймақтарда шешімін күткен әлеуметтік мәселелердің қор­да­лана түскенін еріксіз мойындауға тура келеді. Мәселен, Кіші Қараойға қа­ра­ғанда, онымен іргелес Омбы облысы Полтавское ауданы Длин­ная селосының инженерлік-инфра­құ­­ры­лымдық саласы әлдеқайда көш ілгері. Осыған қарап-ақ көрші ел­дің шекаралас аймақтарға мықтап кө­ңіл бөле бастағанын байқауға болады. Бұл өңірлерде тұратын, жұмыс істейтін адамдарға, жас отба­сы­лар­ға жеңілдіктер жасайтын арна­йы заң­дар да қабылданған. Осы себепті жерлестеріміздің жайлы өмір­ді шека­ра­­ның арғы жағынан іздеп кете­тін­дері аз емес. 1989 жылы мұнда 1 500-ге жуық адам тұрған. Автобекет, клуб, өнеркәсіп дүкені, аурухана, ас­ха­на­ға дейін болған. 2009 жылы осыншама тұрғынның үштен бірі, қазір 400-дейі ғана қалған. Маңдайға басқан, шүкіршілік етіп отырған жалғыз әлеу­мет­тік нысан – 11 жылдық мектеп қана.

Енді қайтпек керек деген сұрақтың бір кілтін бүгінде ел алғысына бөленіп отырған Жарас Жағыпаровпен сөй­ле­су барысында тапқандай бол­дық. Ол 2019 жылы тепсе темір үзетін 46 ша­ғында інісі Бауыржан екеуі осында көшіп келіп, «Алтын жер-Агро» ЖШС-ын ұйымдастырған. Онда­ғы ой­лары – сырттан келген алпауыт­тар­­дың қолына жетім баладай мөлие қарап, босқа жем болып жатқан жер­лес­теріне әлеуметтік қамқорлық көр­сету, пайларын дұрыс үлестіру, одан ар­ты­лып жатса, қаражатты ауыл­ды да­мытуға жұмсау. Бұрынғы инвес­тор­­лар арасында 5-6 жыл астық өсір­­ме­ген­дері болған. Танаптарды тыңайт­­па­ған. Күтім жоқтығынан арамшөп кісі бо­йы қаулап, өсіп кеткен.

«Егістік жеріміз – 6 мың гектар. 35 адам еңбек етеді. Жұмыскерлерімізге жемшөпті тегін береміз. Зейнеткерлер мен мүгедектерге де көмектесеміз. Тауарлы сүт фермасын ашуға құжаттар әзірлеп жатырмыз. Мектепке барып, бір қанатының төбесінен су ағатынын көрдім. Жөндеуге келмейтінін байқап, басқа шаруашылық жетекшілерімен бір­лесіп, 2,5 млн теңгеге жобалық-сме­талық құжаттарын дайындап бер­дік. Сараптамадан өтті. Күрделі жөн­­деуге 250 млн теңге қажет көрі­не­ді. Облыс, аудан басшыларына бір ғана өтінішім бар, білім ордасын то­лықтай жаңартуға, жастардың демалыс орны – клуб салуға бастамашы болса. Шалғайда екен деп шетке теппесе. Басқа ештеңе сұрамаймыз. Өзгесі – өз қолымызда. Кіші Қараой – болашағы зор ауыл. Биыл 20-25 адамға шақталған қоғамдық монша тұрғызуды белгілеп отырмыз. Басқа да жоспарларымызды жүзеге асыруға мүмкіндігіміз толық жетеді. Ең басты мәселе, шекаралық ауылдарды, оның ішінде ұлттық мектептерді түзеу, адамдардың тұрақтануына, келуіне ықпал жасау, инфрақұрылымды шо­ғыр­ландыру. Қазіргі көрініс сын кө­тер­мейтіндіктен мемлекеттік дең­гей­де назар аудармай болмайды. «Бос жатқан жер жау шақырады» деп бабаларымыз текке айтпаған. Ертең шекарамыз жалаңаштанып қалса, мәселенің түйінін тарқату мүл­дем қиындап кетеді. Мектептер жа­былса, елді мекендердің орнын си­пап қаларымыз анық», дейді Жарас Абылайханұлы өзегін өртеген өкі­ні­шін ақтарып.

Ресей облыстарымен түйісетін ауыл мектептерінде оқушылар саны­ның мүлдем аздығы, олардағы жағ­дай­дың төмендігі ойландырмай қой­май­ды. Оқушылар саны саусақпен санарлықтай. Мәселен, осы ауылдағы Киев мектебіндегі 9-сыныпта 3 оқушы ғана қалған. Қалған сыныптарда 5 пен 7 аралығында. Әрине, мектепте жылы дәретхана орнатылмаса, төбеден су сорғаласа, қабырғалар көгеріп, еден қаусап жатса, сабақ оқуға, білім алуға кім ынтық бола қояр дейсің? Облыста 39 білім ошағының шатырын ауыстыру қажет көрінеді. Бұларға бөлінетін қаражат мәселесін сұрастырғанымызда, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарь Кіші Қараойдағы жағдаймен таныс екенін, «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы бойынша құжат ресімделіп, қаржы басқармасына жөнелтілгенін, ұсы­ныс қаралу үстінде екенін жеткізді. Әйтеуір, «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кері болып, су аяғы құрдымға кетіп қал­ма­са жарады деген тілектеміз. Ал кішіқараойлықтар болса, тұрмыс­та­рының түзелетініне үлкен сенім артып отыр. Олардың бар үміті – ха­лық­тың өмір сапасын жақсартуға бағытталған Президент реформаларында. Шалғайлығымызды сылтауратып, «шанадан түсіріп тастай ма?» деген күдік те жоқ емес.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Ақжар ауданы