Осы және басқа да мәселелер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша өткен кеңесте талқыланды. Кездесуге Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлері, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және қазақстандық авиакомпаниялар мен әуежайлардың өкілдері қатысты.
Сонымен бірге әуежайлардағы сервисті жақсартуға бағытталған жобалар қаралды. Осылайша, жолаушыларға арналған жаңа терминалдарда тіркеу аймақтары кеңейтіліп, жолаушыларды тіркеу және багажды өңдеу бойынша жаңа технологиялық шешімдер жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Алматы және Шымкент қалаларының әуежайларында жаңа терминалдың құрылысы бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін әуежайлар мен авиакомпанияларға арнайы креслолардың, автокөлік пен тасымалдау тетіктерінің болуы сияқты қажетті қызметтерді сапалы әрі уақтылы көрсету тапсырылды.
Биыл авиакомпанияларға әуе тасымалы бойынша шектеу қойылған адамдардың жеке тізілімін жүргізуге мүмкіндік беретін норма қолданысқа енгізіліп жатыр. Тізімге бортта, әуе кемесінің ұшып көтерілуі мен қонуы кезінде құқық бұзушылық жасаған азаматтар олардың кінәсі дәлелденген жағдайда енгізіледі.
Айта кетерлігі, 2021 жылы іске асырылған маңызды жобалардың бірі «Цифрлық құжаттар» бағдарламасы болып табылады. Жоба жолаушыларға электронды жеке куәлікті пайдалануға мүмкіндік берді. «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ балалар аутизмі, Аспергер синдромы және атипті аутизм ауруымен ауыратын адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар жобаны сәтті жүзеге асырып келеді. Олар үшін сәйкестендіру таспасы жасалып, нәтижесінде тіркеу, тексеру және басқа да қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік берілді.