Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында жинақталған тәжірибені ескере отырып, дамыған ел құруға бағытталған шаралар жайлы айтылды. Бұл үшін барлық негіз бар. Ашығын айтқанда, бұл бір жылдың ісі емес, одан көп уақытты талап етеді. Жалпы, Қазақстанның саяси, экономикалық өмірінде басталған реформалардың жүйелі екенін көріп отырмыз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы және екінші Жолдауында да міндеттерді бөлісу туралы айтқаны белгілі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттігі артып, қос палатада да өзгерістер болады. Бұл реформалардың барлығы Қазақстан Конституциясына 30-ға жуық толықтыру мен өзгеріс енгізуді қажет етеді. Одан бөлек БАҚ, сайлау туралы заңнамаларға енгізілетін түзетулер тағы бар. Жолдауда көпшілікпен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінгені қуантады.
Қазақстанда қолға алынған реформалар экономикалық және аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан өзге Орталық Азия елдеріне әсер етпей қоймайды. Қазақстан – аймақтағы экономикалық көшбасшылардың бірі. Орталық Азия елдерінің экономикасы бір-бірімен тығыз байланыста. Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуы аймаққа тікелей әсер етеді. Президент Қ.Тоқаев айтып өткендей, бүгінгі ахуал күн, сағат санап өзгеріп жатыр. Қабылданып жатқан шешімдер тұрақтылықты сақтап, екіжақты қарым-қатынасымызды нығайтуға бағытталатыны анық.
Саидикрам НИЯЗХОДЖАЕВ,
Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі