Оның үстіне, өңірде бірқатар шекара заставалары жабылып қалды. Бұрын да, қазір де заставалар шекара бұзушылармен күресте шекара маңындағы ауыл-қыстақ тұрғындарының көмегіне сүйенген. Ал қарайған халық түгел дерлік көшіп кетсе, шекарадағы санаулы сарбаздары кімге арқа сүйейді, кімге төтеп береді? Естуімізше, Марқакөлдің маңайына қытай азаматтары емін-еркін кіріп, сирек кездесетін шипалы өсімдіктерді жылан жалағандай етіп жатқан көрінеді. Марқакөл облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы шекаралық өңір. Кезінде 25-30 мыңдай халық тұрған өңірде қазір тұрғындардың үштен бірі ғана қалған. Майтерек, Ащылы секілді шағын ауылдарда бірер отбасы ғана қалса, кейбір елді мекеннің түтіні мүлде өшкен. Марқакөлдің бүгінгі сыйқы көңіл құлазытарлықтай. Ой жақтағы қай ауылға барсаңыз да, есік-терезесі үңірейген үйлер алдыңыздан шығады.
Екі ауданның қосылуының нәтижесінде ірілендірілген Күршім ауданы басқаруға келмейтін ебедейсіз аумаққа айналды. Аудан орталығы Күршім ауылының өзі облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасса, бұрынғы Марқакөл ауданының ауылдары Күршімнен әрі қарай 200-300 шақырымдай жерде қоныстанып, Қытай Халық Республикасымен шектеседі.
Кеңес өкіметі кезінде Марқакөл ауданы экономикасының негізі мал шаруашылығы болатын. Ауданның сол кездегі 6 кеңшарында 25 000-ға дейін қой мен ешкі, 10-12 мың ірі қара, 8 мыңдай жылқы өсіріліп, 10-12 мың тонна астық өндірілетін.
Өңірде сол кезде облыстың оңтүстік аудандарын түгелдей құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келген 1 орман шаруашылығы, 2 орман өндірісі шаруашылығы, мемлекеттік қорық, 2 сүт зауыты, механикаландырылған құрылыс колоннасы, мұнай базасы, өзен порты және басқа қажетті инфрақұрылымдар жұмыс істеген.
Содан бергі өткен 25 жыл шекаралық аудандарды басқа аудандардың қанжығасына байлап жіберген Үкімет қаулысының дұрыс болмағанын айқын көрсетіп берді. Себебі, жұмыссыз қалған халық шекаралық өңірден үдере көшті. Осылай жалғаса берсе, шекаралық аймақтар көрші елдің қанжығасында кетуі әбден мүмкін. Халқымыздың «Бос жатқан жер жау шақырады», «Иен жерге ие көп» деген аталы сөздері бар. Демек, қаңырап бос қалған ауылдарға өзгенің тамыр жаймасына кім кепіл?
Күршім ауданына Марқакөлді қосудың нәтижесінде соңғысында жұмыссыздық күрт өсті. Қатардағы жұмысшылар ғана емес, жоғары білімі, көп жылғы тәжірибесі бар әртүрлі мамандық иелері далада қалды. Олар жұмыс іздеп, республиканың үлкен қалаларына тарыдай шашырап кетті.
Шағын елді мекендердегі мектептер, барлық мәдениет ошақтары, дәрігерлік мекемелер, аудандық музыка мектебі, жасөспірімдер спорт мектебі, басқа да бірқатар ұйым мен мекемелер жабылып қалды. Кезінде облыс аудандарының ішінде жақсы жабдықталғандардың қатарынан саналатын бұрынғы орталық аудандық аурухана қазіргі уақытта жабылудың аз-ақ алдында тұр. Сол кездері аудандық туберкулез диспансері де жабылды. Бұл мекеменің жұмыссыз қалған мамандары да жан-жаққа бас сауғалап кетті. Бірақ аудан жабылды, аудандық аурухананың дәрігерлер штаты қысқартылды екен деп халықтың ауру-сырқауы тыйылған жоқ, қайта өрши түсті. Бұрынғы аудандық ауруханада білікті де тәжірибелі дәрігерлер қалмағандықтан, халық дәрігерлік көмек алу үшін 200-300 шақырым жердегі аудан орталығы Күршім ауылына, Зайсан қаласына, тіпті 500 шақырым жердегі облыс орталығы Өскеменге дейін сапар шегуге мәжбүр.
Ауданның жабылуы, шекаралық өңір тұрғындарының өкіметтен, банктерден несие алуда өгей баланың күйін кешуіне әкелді. Бұл дегеніміз, аймақта шаруа қожалықтарын, шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтірді. Өңірде құрылып, табысты жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтары саусақпен санарлық қана. Мұнда тікелей өндіріспен, өнімдерді өңдеумен ешкім айналыспайды. Бұл Марқа жерінде қолынан іс келетін азаматтар жоқ деген сөз емес. Небір іскер азаматтар жеке іс ашпақ болып, бизнес-жоспарларын жасап, қажетті құжаттарын толтырып, аудан, облыс орталықтарында сандалып, шаруаларын бітіре алмай шаршаған соң бәріне қолды бір сілтеп, басқа жаққа қоныс аударып кетті.
Марқа өңірінің тұрғындары бұрындары ауыл шаруашылығы өнімдерін аудан орталығы Теректі (бүгінде Марқакөл ауылы) тұрғындарына апарып сататын. Соңғы ширек ғасырдан бері орталық Күршімде. Онда аудан орталығын бұрыннан ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп келген өз шаруашылықтары жеткілікті. Амалы таусылған марқакөлдіктер өз өнімдерін 500 шақырым жердегі Өскеменге апарады. Жеткенше сан түрлі кедергі бар. Паромның жырын айтпасақ та түсінікті.
Аудан орталығы Күршім селосынан Марқакөл өңірінің ешбір ауылына автобус қатынамайды. Жекеменшік көлікке мінсе, оның жолақысы қымбат, себебі жанармайдың бағасы күн сайын өсіп отыр. Марқакөлден таулы Қаба жаққа баратын жолдың «жол» деген аты ғана қалған.
Тағы айта кетерлігі, «Семей ядролық полигонының зардаптарына байланысты тұрғындарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды қабылдаған кезде де Марқакөлге тиісті органдар әділетсіздік жасаған. Бір таудың арғы жағындағы Катонқарағай мен Үлкен Нарын, қол созымдағы Зайсан мен Күршім экологиялық аймаққа жатты да, Марқакөл ауданы бұл артықшылықтан құр қалды. Осы ақылға сыя ма?!
Шекаралық аудандарды ашып, шаруашылықтарды қайта құрып, жұмыспен қамтамасыз етсе, қалаға көшіп келіп, не үй ала алмай, не жұмыс тауып күнін көре алмай жүрген шекара ауылдарының тұрғындары қайта көшіп, үйреншікті ата кәсібімен айналысар еді. Ауылға көшетіндердің отбасы мүшелеріне көтермеақы беріліп, несие алуға көмек көрсетіліп, белгілі бір кәсіппен шұғылдануға жағдай жасалса, қазір бос жатқан жайлау төсі аз жылда малға толып, тусырап жатқан егістік алқаптарында астық жайқалып тұрар еді. Шекаралық аудандар қайтадан ашылса, үлкенді-кішілі қалалардағы тұрғын үй, аурухана, мектеп, балабақша жетіспеушілігі секілді мәселелер едәуір жеңілдей түсер еді. Өйткені ауданы жабылған ауылдарда соның барлығы қаңырап бос тұр. Мысалы таулы Қаба өңіріндегі есік-терезелері ғана шегеленген ағаш үйлерге қазір көшіп баруға болады.
Білеміз, еліміз еңсе түзеді, шайқалған шаруамыз орнына келді. Тіпті жағдай түзелген соң өзгелерге қолұшын бере бастадық. Мақтан үшін өзгені жарылқаған жақсы шығар, дегенмен аз-маз жақсылығымыз болса, алдымен өз халқымызға жасайық та.
Аудан таратылғаннан соң өңір тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіруді өтініп, әр жылдары Премьер-Министр қызметтерін атқарған Н.Балғымбаевқа, Қ.Тоқаевқа, И.Тасмағамбетовке, Парламент Сенатының депутаты З.Батталоваға, №20 Зайсан сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты болған А.Қабанбаевқа жүздеген адамның қолы қойылған хаттар жолдаған. Мұндай арыз-өтініштер, бейнетаспаға жазылған үндеулер ел билігіне қазір де жыл он екі ай жолданып жатқанымен жабулы қазан жабулы күйі қалып келеді.
Ауданы таратылып, жыртық астаудың қасында қалған тұрғындардың көз жасын көріп, олардың мұң-мұқтаж, арыз-арманына құлақ салған ешкім болмады. Өңірдің әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге тиіс әкім-қаралар жолы қиын болған соң ол жаққа ат басын бұрмайды да. Әртүрлі деңгейдегі құзыретті органдардың назарынан тыс қалған Төсқайың, Шанағаты, Бұғымүйіз, Ақжайлау, Қарашілік, Теріскей Бөкембай, Күнгей Бөкембай сынды ауылдарға әлі күнге дейін су құбырлары тартылмаған. Марқакөлдің жағасындағы 400-дей тұрғыны бар Ұранқай ауылында балаларды оқытуға қауіпті деп 2020 жылы мектеп жабылып қалған, ал жаңа мектептің құрылысы әлі басталмаған. Оқушылар үйінен шалғайға басқа ауылдарға барып оқуға мәжбүр. Мұның өзі тұрғындардың бұл елді мекеннен де қоныс аудара бастауына түрткі болған.
Қорыта келгенде, Марқакөл ауданы таратылғалы бұл өңірдің экономикасы мүлде құлдырап, күйі кеткен жергілікті халық үдере көшіп жатқандықтан шекаралық өңір бос қалуға таяды. Ал бұған жол беруге болмайды. Екіншіден, альпілік белдеуде орналасқан орманды, таулы, шөбі шүйгін бұл аймақ төрт түлік мал, марал өсіруге, омарта ұстап, ара шаруашылығын дамытуға қолайлы. Таулы Қаба аймағында ертеректе марал өсірген. Егер аудан қайта ашылса, өңірде шаруашылық дөңгелетуге мүмкіндігі зор. Үшіншіден, мұнда табиғаты әсем Марқа көлінің, Марқакөл қорығының негізінде туризмді дамытуға әбден болады. Төртіншіден, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Марқакөл өңірінде бірнеше қола, алтын кеніштерінің жұмыс істеуі бұл өңірдің өнеркәсіптік бағыттағы мүмкіндіктерінің де зор екенін көрсетеді. Соңғы жылдары күмәнді рұқсат қағаздары бар әлдекімдер ол жерлерді бейберекет қопарып, жерді тас-талқан етіп, кенін қазып алып, тау өзендерін лайлап жатыр. Оның ішінде «Кемп Восток» ЖШС, «Майнинг» ЖШС, «Қазақмыс барлау» ЖШС, «Сұңқар» ЖШС тағы басқалары бар. Мемлекет бұлардың ашылуының заңды немесе заңсыздығын тексеріп, тәртіпке келтірсе, мұның өзі бюджетке түсетін салық пен басқа да төлемдердің қайнар көзі болар еді.
Ендігі уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы ағайынның осы жанайқайына үнсіз қалмас деп ойлаймыз.
Көпен ЕРҚАСОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі