Пікір • 18 Наурыз, 2022

Саясат Нұрбек: Жолдау парламентке зор жауапкершілік жүктейді

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, кейінгі жылдары біздің ел тежелген және теңестірілген жағдайда тұр. Неге десеңіз, Президент институты өте салмақты болғандықтан тежелімді және теңгерім тепе-теңдігі бұзылды.

Саясат Нұрбек: Жолдау парламентке зор жауапкершілік жүктейді

Кешегі Жолдаудың негізгі ұсыныстары – Парламенттің рөлін күшейту, президенттік модельді сәл өзгерту, мәслихаттардың және сайлау заңнамасының өзгерісі. Конституция бойынша Парламенттің екі қызметі бар еді ғой. Заң шығарушы және өкілеттік рөлі. Заң шығарушы қызметін осы уа­қытқа дейін атқарып келгенімен, өкілеттік рөлі әлсіреп қалған еді. Сон­дық­тан осы қызметін қазір жандандыру керек. Осыған орай менің бірнеше ұсынысым бар. Бірінші, Парламентаризм мәдениетін қайтаруға тиіспіз.

Естеріңізде болса, бірінші Жоғарғы Кеңес тұсында үлкен эйфория болды. Ел ағалары мұны жақсы біледі. Бір палаталы Парламент құрылды. Депутаттар ерекше энергиямен, ерекше рухпен жұмыс істеді. Парламентаризм ұғымы жолға қойыла бастады. Сол мәдениетті күшейтуіміз керек, жоғалтпауға тиіспіз.

Сондықтан өкілеттік функциясын Парламент толыққанды қолына алуы қажет. Қазір мажоритарлы, пропорционалды жүйеге көшіп жатырмыз. Осындай кезеңде халықтың ішінен шыққан нақты позициясы бар тұлғалар, тіпті популизмге сүйенгендер көптеп шығады. Оған біз дайынбыз ба? Яғни Парламент ішкі мәдениеті, қалыптасқан регламенті мен дәстүрі, тәртібі попу­листерді тәрбиелеп, өзінің ішкі мәде­ниетіне сіңдіруі қажет. Сондай-ақ олар­дың ұсыныстарын қолдап, өз жұмысын ашуға тиіс. Парламенттің ішінде ашық дебаттар, фракциялардың, түрлі-түрлі депутаттық топтың болуына өзіміз да­йын болуымыз керек.

Сондықтан бірнеше ұсынысым бар. Біріншісі, қазіргі таңда Парламенттің әлсіз тұсы – оның сараптамалық, дербес, тәуелсіз күші жоқ. Бізде мультидисциплинарлы сала – әлеуметтану, саясаттану, экономика салаларында мамандар өте аз. Парламент көпсалалы форматта жұмыс істеуі керек.

Қазіргі таңда депутаттың зары, проблемасы неде? Бүкіл ақпарат Үкіметтен келеді. Үкімет не береді, соны пайдаланамыз. Депутаттық сауал жолдаймыз, өзіміздің таныстарымыздан ақпарат ала аламыз. Бірақ Парламенттің дербес, тәуелсіз, Үкіметтің ақпаратына жүгін­бей­тін мықты сараптамалық қызметі болуы керек. Мәселен, АҚШ-тың Конгресін алып қарайық. Congressional Research service және Конгрестің кітапханасы бар. Сол кітапханасының аясында мықты сараптамалық қызмет орталығы жұмыс істейді. Үкімет мүшелері Конгреске «дірілдеп» барады. Оларда сенаторлар «менің өзімнің ақпаратым бар, мен сізге сенбеймін. Сіздің берген ақпаратпен сәйкес келмейді. Менің зияткерлік қай­нар көзім бар. Позициямды тікелей білдіремін» дей алады. Сондықтан ішкі сараптамалық-ақпараттық зерттеу орта­лы­ғын қалыптастыру керек деген ойдамын.

Екінші ұсыныс – Ресейден келген тәжірибе. Бірнеше жыл бұрын олар «Сарапшы сағаты» деген формат кір­гіз­ді. Оған мықты-мықты сарапшыларды тартады. Неге десеңіз, қазір депутаттар қоғамдық үрдістерден, технологиялардан артта қалып барады. Сондықтан бізге өзімізге «ликбез» керек. Яғни парламентаризм институтын нығайтып, өзіміздің ішкі инсайдтарымыз болуы қажет.

Президент Жолдауында мәлімде­ген­дей, Жаңа Қазақстан моделінде Парламентке көп ауыртпашылық түседі. Парламент соған дайын болуы керек. Ішкі ресурстарын реттеп, форматтарын, регламенттерін жаңадан қарастыру қажет. Қоғамдық палата ма, сондай дүниелерді ашу керек. Өйткені Парламентке үлкен ауыртпашылық жүктеліп отыр.

 

Саясат НҰРБЕК,

Мәжіліс депутаты