Қоғам • 18 Наурыз, 2022

«Құрсақ ана» құндылығымызға қайшы емес пе?

931 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Елімізде әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар болып отыр. 14 мыңнан аса ерлі-зайыптының табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Бүгінде бала аңсап бармаған жері, баспаған тауы жоқ осындай отбасылардың көбі ЭКҰ көмегіне сүйенетіні жасырын емес. Алайда бұл амалдан да қайран болмаса, сәби сүюдің соңғы жолы – суррогат анаға жүгінуге мәжбүр болады. Қанша жерден бұл біздің дәстүрлі таным-түсінігімізге жат болғанымен де, қазір «құрсақ ана» қызметін ұсыну да, оған жүгіну де қалыпты жағдайға айналып барады.

«Құрсақ ана» құндылығымызға қайшы емес пе?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Жалдамалы жатыр» жарнамасы «жер жарып» тұр

«Жалдамалы жатыр» қызметі бала сүйе алмай амалы құрығандардың соңғы мүмкіндігі болса, ал әлдекімдер үшін тиімді табыс көзі болып тұр. Қазақстанда барлық жай-жапсары заңмен реттеліп рұқсат етілгендіктен, бұл қызметтің де саудасы қызып, кәдімгі нарықтан парқы болмай барады. Бүгінгі таңда суррогат ана болуға талаптанушылар да және оларға тапсырыс берушілер де көптеп табылады. Бұрын «құрсақ ана» болуға жақын-жұрағаты болмаса, басқа қаракөздеріміздің келісе қоюы неғайбыл сияқты көрінетін. Ал қазір интернетке жазып, суррогат анаға сұрау салсаңыз, «іздегенге – сұраған» болып түр-түрімен «аналар» табыла кетеді. Тіпті суррогат ананы тауып беруден бас­тап баланы қолға алғанға дейінгі барлық процес­ке көмектесетін, құжаттарды заңды түр­де түгендеп беретін агенттіктер де көбейіп келеді. Ондай агенттіктер арасын­да бәсеке қызу, жарнамалары да «жер жарады». Мысалы, Алматыдағы суррогат ана қызметін ұсынушы бір агенттіктің сайтынан «Ребенок под ключ» деген жарнаманы көріп тіксініп қалдық. Басында үрке қараған осының бәрі келе-келе үйреншікті үрдіске айналып кететін сияқты. Алайда балаға тапсырыс, тауар ретінде қарау, сондай-ақ бала көтеретін әйелді қатардағы қызмет көрсетуші деп санау адам құқықтарының сақталуымен қаншалықты сәйкес келеді, жалпы адамгершілікке сыя ма?

Тақырыпты тарқата түсу үшін алдымен суррогат ана қызметінің заңмен қалай бекітілгеніне тоқтала кеткен жөн. Еліміздің «Неке және отбасы туралы» Заңында суррогат ананың қандай ұғым екені, оған қойылатын талаптар мен шарттар жан-жақты көрсетілген. Бұл заңның «Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану» деп аталатын және алты баптан тұратын 9-тарауында тараптардың құқықтары мен міндеттері толық қамтылған.

Заңдағы мазмұн бойынша, суррогат ана – сыйақы төлене отырып немесе өтеусіз негізде некеде тұрған ерлі-зайып­тылардан және балалы болғысы келе­тін адамдардан, яғни генетикалық ата-аналарынан қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану жолымен бала көтеруге, босануға келісімін берген әйел. Суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт жазбаша түрде жасалады және міндетті түрде нота­риатта куәландырылуы керек. Осы келі­сім­шарт негізінде барлық қызметтің ақысын, материалдық шығынды тапсырыс беруші ерлі-зайыптылар төлейді. Өз кезегінде суррогат анаға өзімен шарт жасасқан адамдарға босанған баланы беру міндеттеледі, яғни ол баланың анасы болудан үміттенбейді.

Қазақстанда 2004 жылдың 16 шілде­сінде қабылданған осы заң біздің қоғамда «құрсақ ана» қызметінің кең етек алуына жол ашты. Содан бері елімізде суррогат ананың құрсағынан қаншама мыңдаған бала дүниеге келді. Бұл туралы нақты ресми дерек жоқ, бірақ осыдан бірер жыл бұрын 20 мыңнан аса баланың туғаны туралы ақпарат тараған. Қалай дегенмен де, қазіргі кезде «құрсақ ана» ұғымы қоғамдық сипат алып, бұл қызметті көрсетуге ниетті әйелдердің қатары кө­бейіп жатыр. Өйткені жоғарыда айтқа­нымыздай, бедеулік диагнозы қойылған ерлі-зайыптылар саны артып жатқанда, суррогат аналарға сұраныс азаймақ емес. Ал «жұмыртқадан жүн қырыққан» қазіргі нарық заманында бұл сұраныстан әжептеуір табыс табуға болады.

Суррогат ана ЭКҰ квотасын пайдалана ала ма?

Заңда көрсетілгендей, суррогат ана тапсырыс берушінің баласын тек қо­салқы репродуктивтік әдістер, яғни экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары арқылы көтереді. Мұндай технологияларды қолдану бір­неше медициналық орталықта жүзеге асы­рылады. Осы орайда репродуктолог-дәрігерлерді сөзге тартып, елімізде сур­рогат ана қызметінің қалай жолға қойыл­ғанын сұрап білдік. Соның бірі Репродуктивті медицина институтының директоры Тамара Жүсіпәлиева суррогат ана қызметі толықтай арнаулы заңға негізделген «Құрсақ ана» бағдарламасы бойынша жүргізілетінін атап өтті.

– Суррогат ана қызметі заңгерлердің бақылауымен жүзеге асырылады. ЭКҰ жасамас бұрын тапсырыс берген ерлі-зайыпты мен «құрсақ ана» заңгерге барып, заңды түрде келісімшартқа тұрады. Ол жерде әрқайсысының бөлек құқығы жайлы ақпарат болады. Соған сүйене отырып әрі қарай ЭКҰ-ны бас­тай алады. Егер келісімшарт болмаса, біз ЭКҰ бағдарламасын жүргізбейміз. «Құрсақ ана» босанғаннан кейін баланы міндетті түрде тапсырыс берген ерлі-зайыптыға, яғни биологиялық ата-анаға береді, өзіне алып қалуға құқығы жоқ. Келісімшарт негізінде және заң бойынша тапсырыс берген ерлі-зайыпты қандай жағдайда да баладан бас тарта алмайды. Жалпы, кейінгі жылдары суррогат ананың қызметіне жүгінетін отбасылар көбейіп келеді. Біздің орталығымызға жылына жүзден аса отбасы «құрсақ анаға» ЭКҰ жасатады. Мысалы, 2021 жылы 171 «құр­сақ ананың» қызметін пайдаланып, ЭКҰ бағдарламасы жүзеге асты. Ал «құрсақ ана» қызметін ұсынатын әйел­дерді көп деп айта алмаймын. Бү­гінгі таңда Репродуктивті медицина инс­титутының клиникасында 58 әйел суррогат ана ретінде тіркелген, – дейді Т.Жүсіпәлиева.

Сонымен қатар «Экомед» клини­ка­сы­ның ғылыми директоры, биология ғы­лымдарының докторы, репродуктолог-­эмбриолог Салтанат Байқошқарова қандай әйелдер суррогат ана бола алатынын және олардың көмегіне ерлі-зайыптылар қандай жағдайда жү­гінетінін айтып берді. Оның айтуынша, «құрсақ ана» қызметін жасанды ұрықтандыру әдісі көмектеспейтін жұп­тар пайдалана алады.

– Балалы бола алмай жүрген отба­сыларға «Суррогат ана» қызметі тек ме­ди­циналық көрсетілімнен кейін ғана жүргізіледі. Мысалы, әйелде жатыр бол­­­маған жағдайда, яғни бала көтеру мүм­­кін емес болса, «құрсақ ана­дан» қол­­­дау күтуге мәжбүр. Жатыр ме­дици­на­­­лық жолмен алынып тасталады немесе туабітті жатырдың жоқ болуы мүм­­­­­кін. Екінші көрсетілімде – жатыры да, аналық жасушасы да бар, бірақ ба­ла көтеруге денсаулығы жарамайтын әйелдер. Олардың қан қысымы­­ның жоға­­­ры болуы, жүрек ауруы, бүйрек ауруы және басқа да ауруларға шалдығуы ба­­ла көтеруге мүмкіндік бермейді. Бұ­дан кейін жатыры болғанымен, онда эмбрион­дар өніп-өспейтін жағдайлар болады. Эмбрион құнарлы топыраққа түскен дән сияқты нәр алып өсуі керек қой, ал ол кейбір әйелдердің жатырында саз балшыққа түскен дән сияқты дамымай қалады. Сондықтан осындай мәселелерге тап келген әйелдерге, яғни жатырішілік патологиясы бар әйелдер суррогат ана қызметін пайдалануға болады, – дейді маман.

Сондай-ақ ол суррогат ана болуға жа­рай­тын әйелдерді іріктеу де оңай­ға соқ­­пайтынын, себебі олардың денсау­лы­­ғында кінәрат болмауы керек екенін айтты.

– Заң бойынша бала сүюден ниетті ерлі-зайыптылар суррогат ананы өздері табады немесе жақын туыстарынан бір әйелмен бала тауып беруге өзара келіседі. Жалпы, суррогат ана болғысы келетін әйелдер мұндай іске жетіскеннен бармайды. Өмірде қиындықтарға тап болған олар баспана алғысы келеді, бала-шағасына жақсы жағдай жасауды ойлайды. Бір сөзбен айтқанда, материалдық мәселелерін шешу үшін осындай қадамға барады. Бірақ біздің естуімізше, тапсырыс беруші кісілер де көбіне қарапайым адамдар, асып-тасып бара жатқан байлығы жоқ. Сондықтан суррогат анаға сонша айтарлықтай ақша төлеп жарытпайды. Әрі кетсе суррогат анаға тиетіні 2 миллиондай ғана деп естиміз. Енді мұндай көлемдегі сыйақыны тоғыз ай бала көтеріп, қаншама уақытын сарп етіп, денсаулығына, жүйкесіне салмақ түсіріп көрсеткен қызметі үшін өте аз деуге болады. Бұл ақшамен қайбір жыртығын жамайды. Сондықтан бұл қадамға екінші рет де баруы мүмкін. Бірақ бұдан еш ба­йып кете алмайды. Бұл – айына шаққанда шамамен 150-200 мың теңгедей ғана. Ал суррогат ананың өмірін бәйгеге тігіп көрсеткен қызметіне бұл ақша арзымайды, – дейді С.Байқошқарова.

Оның айтуынша, суррогат ана қызме­тіне жүгінетін отбасылардың саны аса көбейіп жатқан жоқ. 2021 жылы Алма­тыдағы «Экомед» клиникасында 24 әйел суррогат ана көмегіне жүгініпті. Оның ішінде 18-іне эмбрион салынған. Соның 10-ы жүкті болған. Ал алтауы дайындық кезеңінде екен. Бұл орталықта бір жылда ЭКҰ бағдарламасынан 2,5 мың әйел өтсе, оның ішінде 24-і суррогат ана болып отыр. Яғни 100 әйелдің біреуі ғана – суррогат ана, бұл – жалпы үлестің 1 пайызы ғана. Сондай-ақ басқа клиникаларда да ЭКҰ жасатқан әйелдердің 1-1,5 пайызы – суррогат аналар.

С.Байқошқарова балалы бола алмай жүрген жұптардың бәрінің бірдей ЭКҰ шығынын, оған қоса суррогат ананың сыйақысын өтеуге қалтасы көтере бермейтінін айтып қалды. Бұл ретте медициналық жолмен де бала көтеруге денсаулығы жарамайтын от­ба­сылардың ішінде суррогат ана қыз­метіне жүгіну үшін ең болмаса ЭКҰ-ға кететін шығынды мемлекет есебі­нен бөлінетін квотадан жапқысы келетіндер бар екен. Мұндай ниеті бар отбасылар қазір ЭКҰ квотасы көбейіп, «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алына бастаған шақта өз пікірін ауық-ауық айтып та жүр. Осы мәселеге қатысты да спикерлеріміздің ойын білдік.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында суррогат ана қызметін пайда­лануға квота берілмейді. Өйткені бұл – қиын мәселе. Бұл үшін суррогат ананы жалдау керек, келісімшартқа отыру керек. Оған ай сайын қанша ақша төлейді, кері әсер болғанда не істеу керек, түсік тастауы, кесір тілігі жасалуы, ауру бала туылуы, бала дұрыс дамымай қалуы мүмкін. Сондай-ақ егіз, үшем босанғанда не болады. Осының бәрі келісілуі керек. Мұның бәрі – медициналық, құқықтық, этикалық жағынан күрделі процесс. Сондықтан мұны «Аңсаған сәби» бағдарламасына енгізу өте қиын, – дейді С.Байқошқарова.

Репродуктивті медицина инсти­ту­тының директоры Тамара Жүсіпәлие­ва­ның пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда суррогат анаға квотамен ЭКҰ жасауға болмайды. Себебі «құрсақ ананың» қызметін қол­дану үшін толық диагноздың коды және механизмі әлі толықтай енгізілген жоқ. Сондықтан бұл процесс әзірге қолға алынбайды.

Бала деген – сыйлық емес

Суррогат ана қызметін заңгерлердің көмегінсіз іске асыру мүмкін емес. Тараптар арасындағы келісімшарттан бастап, баланың биологиялық ата-ана­сының атына жазылуына дейін үде­рістің бәрі заңнамалық тұрғыдан қада­ғаланады. Келесі спикеріміз басында суррогат аналар мен тапсырыс беруші ерлі-зайыптыларға құқықтық жағынан көмек көрсете жүріп, кейін осы іспен арнайы айналысатын орталық құрған екен. Біз айтып отырған заңгер – астанадағы «Болашақ» суррогат ана орталығының директоры Дамира Бекбергенова. Оның айтуынша, қоғамда әлі суррогат ана туралы түсінік толық қалыптаспаған.

– Біздің қазақ қоғамында суррогат ана туралы ұғымды түсінбейтіндер өте көп. Әлі күнге дейін «құрсақ ана» өз баласын сатады деп ойлайтындар жиі кездеседі. Мысалы, бізге аяғы ауыр жас қыздар хабарласып, суррогат ана болғысы ке­ле­тінін айтатын жағдайлар болады. Яғни суррогат ана болып құрсағындағы баласын сатамын дейтіндер кездеседі. Жалпы, бізге суррогат ана болуға ниет­­ті қыздар көп келеді. Бірақ олар­дың 60 пайызының денсаулығы жарамай, бағдарламаға қабылданбайды. Біздің орталықта барлық процесс заң деңгейінде жүргізіледі. Осы жұмысты бастаған 11 жыл ішінде тапсырыс беруші ерлі-зайыптының суррогат анадан туған баланы жатсынып, бас тартқан жағдай болмады. Бәрі өз қанынан жаралған баланы туған баласындай қабылдады. Ал суррогат ана болған әйелдер де біреудің баласын көтергенін сезініп, оны өзінде қалдыруға ниет танытпады. Былайша айтқанда, суррогат ана құрсағындағы сәбиге бала күтуші ретінде қарайды. Олар бұл қызметті тек материалдық жағдайын жақсарту мақсатында ғана атқарады, – дейді Д.Бекбергенова.

Бұл спикеріміздің негізгі мамандығы заңгер болғандықтан әрі осы суррогат ана қызметін өз тәжірибесінде ұйым­дастырып жүргендіктен, заңымыз­дағы суррогат ана туралы тарауға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгенін қалайтынын сұрап көрдік.

– Ең бірінші, тапсырыс беруші ерлі-зайыптылардың жасына шектеу қою керек деп ойлаймын. Мысалы, ерлер үшін шекті жас – 65 жас, әйелдер үшін 50 жас болса. Өйткені біздің кейбір қазақтар жасы келген сайын алжи бастайтын сияқты. Қарап отырсақ, бізге жылдан-жылға егде тартқан ерлі-зайыптылар жүгіне бастады. Биыл сондай екі кісіге қызмет көрсетуден бас тарттық. Бірақ басқа агенттіктер де осылай жасап жатыр деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, қоғамда ақшаға бәрін сатып алуға болады деп ойлайтындар бар. Бұл – дұрыс емес. Мен біздің көмегімізбен дүниеге келген балалардың қалыпты отбасында өскенін және кәмелет жасына толғанша ата-анасының қамқорлығында болғанын қалаймын. Былтыр оңтүстіктің бір шенеунігіне қыздары ұл бала сыйлағысы келіп, бізден көмек сұрады. Біз бұған үзілді-кесілді қарсы болдық. Барлық нәрсені сыйлауға болады, тек баланы емес. Екіншіден, суррогат ана тапсырыс берушінің жақын туысы болса, оның жасы 42 жасқа дейін бола бергені жөн. Өйткені туысқан болғандықтан, суррогат ана баланы тегін тауып беруі мүмкін. Бұған қоса суррогат ананың өмірі мен денсаулығына міндетті сақтандыру керек. Негізінде, біздің заңымызда тиісті құқықтар барынша қамтылған деуге болады, – дейді Д.Бекбергенова.

«Болашақ» суррогат ана орта­лығында айына шамамен кем дегенде 10 суррогат ана бағдарламасы жүргізіледі екен. Бірақ оның  көбі босануға дейін жетпейді, барлық бағдарламаның 50 пайыздайы ғана сәтті аяқталады. Осы орайда аталған орталықта суррогат ана болып қызмет көрсететін бір суррогат ананы сөзге тартып көрдік. Аты-жө­нін атамаған ол осы уақытқа дейін екі отбасыға бала тауып беріпті. Бұл қыз­меті үшін 3,5 млн теңгеден екі рет сыйақы алған. Табысын көлік алуға, туыс­тарына көмек беруге пайдаланыпты.

– Суррогат ана болу туралы шеші­міме жақындарым – күйеуім, ата-анам, бауырларым түсіністікпен қарады. Бұл жұмысымды бәрі де білді. Негізгі мамандығым – қаржыгер. Ал суррогат ана болуға тек материалдық жағ­дайымды жақсарту үшін бардым. Құрсағымда басқа отбасының баласын көтеру өз балама деген аналық махаббатымның өзгеруіне ешқандай әсер етпеді. Ал босанған балаға шын ниетпен бақыт тілеп, тілекші болдым. Тіпті бас кезінде уыз сүтімді де бердім, – дейді «болашақтық» суррогат ана.

«Құрсақ ана» қызметіне тыйым салынуы керек пе?

Сөз басында «құрсақ ана» қызметінің адам құқықтарының сақталуымен қан­ша­лықты үйлесетіні жөнінде сұраулы ой тастағанбыз. Осы ойға оралғанда, жалпы, суррогатия әлемде әлі күнге дейін ең даулы мәселелердің бірі еке­нін және құқықтық тұрғыдан барын­ша реттелмегенін атап өткен жөн. Бұл ретте аталған қызметтің табыс көзі­не айналғаны және әйелдің ақы­лы инкубатор ретінде пайдаланылатыны қатаң сынға ұшырайды. Сурро­гатияны коммерциялық мақсатта пай­да­­лануға тыйым салу туралы 1985 жылғы Дүниежүзілік медициналық қауым­дастықтың (WMA) Брюссель декларациясында айтылған. Сондай-ақ 1996 жылы 19 қарашада Еуропа Кеңесі биомедицинадағы адам құқықтары туралы конвенцияны қабылдады. Бұл конвенция – Денсаулық сақтау саласындағы жаңа биологиялық және медициналық әдістер мен рәсімдерді пайдаланумен байланысты ықтимал теріс жағдайлардан адамды қорғауға бағытталған алғашқы міндетті заңды құжат.

Осы орайда суррогаттыққа әлемнің бірқатар елінде, атап айтқанда АҚШ-тың кейбір штаттарында, Қытай, Жапония, Түркия, Германия, Франция, Испания, Польша, Португалияда ты­йым салынғанын айта кетейік. Сон­дай-ақ Ұлыбритания, Нидерланд, Ма­жар­стан, Дания, Бельгия сияқты елдерде суррогаттық табыс көзі емес, қайырымдылық ретінде қолдануына рұқсат етілген. Яғни суррогат ана балаға зәру отбасына сәбиді ақысыз негізде сыйлай алады. Ал Оңтүстік Африка, Ресей, Украина, Беларусь, Грузия сияқты елдерде суррогаттық «жалдама­лы жатыр» ретінде, яғни бизнес түрі болып дамып жатыр. Бұл қатарда біздің еліміз де бар.

Сонымен қатар мұсылман елдерінде суррогаттыққа үзілді-кесілді тыйым салынған. Негізі, асыл дінімізде «құр­сақ ана» қызметіне рұқсат жоқ. Біз­дің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғи үкімі де сурро­гаттыққа қарсы. Muftyat.kz порталында жарияланған ҚМДБ пәтуасында: «Құрсақ ана (суррогат ана) қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл әдіс бойынша ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салады. Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ», деп жазылған. Мұның басты себебі ретінде ер кісі мен құрсақ ананың арасында неке жоқ екені және әйел жатыры сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды мүбах заттардың санатына жатпайтыны көрсетілген.