![Алагеуім](/media/2022/03/18/c98043c9-a154-4d02-a19a-9df714316b12.jpeg)
Табиғаттан сыр тартсаңыз, жаныңыз тазарады не көңіліңізге шынайы көркем суреттер қонады. Таңсәріде тауға шыққан жолаушыдай таза ауаның жұпарына мастанып, құстай қанатыңызды еркін сермегіңіз келеді. Қараңызшы, сол еркіндік заманауи суретші Рашид Құлбатыровтың «Таң» картинасында да бар. Табиғаттың тамашасын көз алдыңызға көшірген шебердің шығармасы тұманға оранған тіршілікті тербеп тұрғандай.
Жалпы, қылқалам шебері бейнелеу өнері кеңістігінде әртүрлі бағытта жұмыс істеп жүрген суретші. Ол мейлі пейзаж, жанрлық картиналар, ұлттық тақырыптағы туындылар болсын, әртүрлі көркем жанрларда жемісті еңбектеніп келеді. Десе де оның сүйікті жанры – пейзаж. Ал шабытының қайнар бұлағы – ару Алматы. Неге десеңіз, қала пейзаждары мен Іле Алатауының ландшафтарын көп жазған суретші осы қаладан әлдебір рухани күштің бояуын алады.
Бақсаңыз, «Таң» картинасында Алатау бөктерінің қысты күнгі таңғы көрінісін бейнелеген. Аспан астында үлбіреген биік-биік шыршалар тізіліп тұр, ал олардың ар жағынан түс жағынан аспанмен тұтасып кеткен тау келбеті байқалады. Әсем шыршалардың бұтақтарын қар басқан. Бұл ағаштарға таңғажайып сипат беріп тұр. Күннің ақ және көгілдір түсті балғын сәулелері омбы қар мен ағаштардың жоғарғы ұштарына байланып қалғандай.
Суретші ақ, көгілдір, көк түстердің реңктерін пайдалана отырып, салқындық пен аязды сездіреді. Тіпті, ұйытқып соққан желдің қалай қар жамылғысын көтергенін және картинаның екінші планындағы мұнарда алып шыршалардың бірінен соң бірі созыла орналасқанын көруге болады.
Бұл картинадан біздің көз алдымызға жайлы түс, көмескі көлеңкелер, қысқы орманның үнсіздігі, тыныштық пен үйлесім келеді.