Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер!
* * *
Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
* * *
Олжалы жерде – үлестен қалғанымыз, жоралы жерде – жолдан қағылғанымыз: бәрі – надандық кесапаты.
* * *
Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.
* * *
Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі – екі ауылдың, екі топтың я екі рудың намысы деп ұғады: басқадан кемшілік көрсе – намыстанбайды, кектемейді; бір-бірінен кемшілік көрсе – кегін жібермейді.
* * *
Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді.
* * *
Дүниедегі нәрселердің бәрі қысылады, мұздайды, қатады – түсі қашып, өлік сияқты жатады. Күн жазыла бастағанда – жаз болады: бәрі жадырайды – жазылады, көгереді, көркейеді.
* * *
Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мәлім ғой: біз кейін қалған халық – алға басып, жұрт қатарына кіру керекпіз!
* * *
Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер, бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз. Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.
* * *
Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.
* * *
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
* * *
Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек.
* * *
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
* * *
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.
* * *
Жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз.
* * *
Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
* * *
Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын.
* * *
Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.
* * *
Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
* * *
Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы.
* * *
Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
* * *
Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады.
* * *
Біз мәдениетті, өнерлі болуға талпынсақ, мақсатқа сонда жетеміз, сонда дайын нәрсеге қызығатын болмай, барды ұқсатып, жоқты табатын боламыз.
* * *
Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.
* * *
Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.
* * *
Осы замандағы жан таңырқарлық нəрсенің бəрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұштырған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, отарба, откемелерді жүргізген – ғылым.
* * *
Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң, талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Әркім әліне қарай таласады, тартысады. Талас, тартыс табиғаттың негізгі заңының бірі.
* * *
Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше əуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.
* * *
Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.
* * *
Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.
* * *
Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік.
* * *
Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді.
* * *
Қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу – оған өлім.
* * *
Ұлттық езгі – ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды.
* * *
Русьтің Жаңа жылы қыстың қақ ортасында, сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің Жаңа жылымыз қандай сүйкімді. Жылы уақытта келеді. Табиғаттың өзі еміреніп, жан-жануарлар түлеп, дала да жаңғырып, түрлене бастаған кезде келеді.
* * *
Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса.
* * *
Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек.
* * *
Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал.
* * *
Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.
* * *
Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы.
* * *
XX ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
* * *
Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып, кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жатжұрттың шалығы тимесе, кәсібі, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ, қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға дейін қазақта тіл де бір, емле де бір.
* * *
Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.
* * *
Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.
* * *
Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.
* * *
Өзгелер бас қосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын я арам жемесе, басы ауыратын иттер қай жерде де болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп оттайтын хайуандар, әсіресе біздің қазақта көп.
* * *
Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.
* * *
Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.
* * *
Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.
* * *
Біреу – жұмыс қылайын десем тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!
* * *
Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз.
* * *
Ақынға дүниенің әдемілігі көрік пен махаббат екеуінде ғана. Өмірдің көрік пен махаббатқа дұрыс келетін істері сүйіндіреді, теріс келетін істері күйіндіреді.
* * *
Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.
* * *
Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.
* * *
Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда.
* * *
Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!
* * *
Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек.
* * *
Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі.
* * *
«Хүкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бəрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, əр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, əуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.
* * *
Бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе – шапшаң да жақсы істер еді.
* * *
Тән саулығы – тазалықтан, жан саулығының тамыры – тән саулығында.
* * *
Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр əурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс.
* * *
Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы.
* * *
Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы, бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды.
* * *
Ғылым мен өнер көбейген сайын – бейнет кемиді.
* * *
Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр.
* * *
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік.
* * *
Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр. Ол істерге істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола алмайды.
* * *
Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек.
* * *
Тәннің күшті болуы да, елдің күшті болуы да – екеуі де тәрбиемен. Тәрбиесіз тән қандай азса, тәрбиесіз ел де сондай азбақ.
* * *
Ұлы істердің əдісі де ұлы болады. Ұлы əдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істі істеу мəнісін білгенмен, істеу əдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?
* * *
Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып, ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру.
* * *
Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды, бірақ ақын адам сөздің асыл болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады.
* * *
Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы.
Дайындаған
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»