Өзінің алғысөзінде «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев «Ақын» фильмінің шығармашылық тобын тұсаукесермен құттықтап, картинаның алғашқы көрсетілімі Токиодағы халықаралық кинофестиваль шеңберінде өткенін және бұл байқауда Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» жүлдесімен марапатталғанын атап өтті. Сонымен қатар Ақан Сатаев аталған кинотуынды жақында ғана өткен Халықаралық Берлин кинофествалінің «Форум» бағдарламасында көрсетілгенін еске салып, фильмнің алар асулары әлі алда екенін айтты.
Естеріңізге сала кетсек, «Ақын» фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға батқан басты кейіпкер нәзік жүректі ақындардың өмірі қашанда қиын болғанын түсінеді.
– Неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты әңгімесін оқыған соң фильмнің сценарийін жазуға кірістім. Кейін қолыма қазақтың белгілі ақыны Махамбет Өтемісұлының өмірі мен өлімі туралы тың деректермен толықтырылған кітап түсті. Оны оқып шығып, фильмнің сценарийіне қостым. Осылайша, «Ақын» фильмі дүниеге келді, – деді режиссер Дәрежан Өмірбаев.
Фильмдегі басты рөлді «Жігіттер» тобының солисі Ердос Қанаев сомдады. Белгілі әнші «Жігіттер» квартетіне биыл 20 жыл толатынын және осы уақыт аралығында көрермендермен алғаш рет киноактер ретінде қауышып отырғанын айтты.
– Басында бұл рөлге басқа актер бекітілген болатын. Кейін карантин кезінде кастинг-директор Ердос Қанаевтың кандидатурасын ұсынды. Бірнеше рет камераға түсіріп көрдік те, нәтижесінде Ердосты таңдадық. Оны әнші болғаны үшін таңдағанымыз жоқ. Дегенмен кейбір сахналарды түсіргенде оның шығармашылыққа жақын болғаны көмек боды, – деді режиссер.
Сонымен қатар Дәрежан Өмірбаев «Ақын» фильмі жақын болашақта басқа да халықаралық беделді кинофестивальдар шеңберінде көрсетілетінін хабарлады.
Айта кетсек, фильмнің түсіру жұмыстары 2020 жылы басталды. Негізгі түсірілімдер Алматы және Алматы облысында, сондай-ақ Атырау облысында жүргізілді.
Естеріңізге сала кетсек, аталған кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» киностудиясы түсірген.