Қоғам • 21 Наурыз, 2022

Amanat партиясы митинг өткізді

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында Amanat партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен митинг өтті.

Amanat партиясы митинг өткізді

Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен бейбіт шеруге барлық саланың өкілдері қатысты. Олар­дың ішінде партия және қоғам белсенділерінен бөлек, Мәжіліс депутаттары, кәсіпкерлер, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, спортшылар, жастар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын қала тұрғындары бар.

Митингке қатысушылар саяси жүйені кешенді жаң­ғырту бағ­дар­ламасын қолдай­тын­дарын білді­ріп, арнайы транс­парант­тармен келді. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов жаңа сын-қатерлер жағдайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу басты парыз екенін алға тартты. «Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу аза­маттарды бірлесіп жұ­мыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қазақстанның мүд­десі үшін жұмыс істейміз! Ардақ­ты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан, күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!» деді ол.

Бейбіт митингке қатыс­қан  Ұлттық ғылым акаде­мия­сының академигі, тарих ғылым­дары­ның докторы, профессор Ханкел­ді Әбжанов Amanat пар­тиясын­дағы оң өзгерістер елімізде саяси модер­­низациялаудың жаңа кезеңі бас­тал­ғанының бір көрінісі екенін атап өтті. «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ре­фор­малары мен бастамалары елі­міз­дің Конституциясында паш етіл­ген құқықтық мемлекет құру­ға жол ашатынына сенім мол», деді ғалым.

«Менің ұлтым – украин, бірақ жүрегім қазақ деп соғады! Себе­бі мен осы елде туып-өстім, білім алдым, достарымның бар­лығы дерлік қазақтар», деген Қазақстан-Ресей медициналық университетінің 2-курс студенті Ариана Белобжицкая жастарды ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етуге шақырды.

Өз кезегінде, Мәжіліс депу­таты Ерлан Саиров еліміздегі саяси реформалардың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды. «Әрбір қазақстандық дауыс беру және сайлану құқығын қолдана алуы тиіс. Демократияға, пікірлер плюрализміне балама жоқ. Бұл бүгінде бірден-бір саяси прогресс және ұлттық түлеу жолы», деді ол.

«Қазіргі таңда бірлікке шақыру популизм емес, қажеттілік». Бұл – митингте сөз алған депутат Айдос Сарымның пікірі. Мәжілісмен барлық қоғамдық-саяси күштерді әріптес­тікке, бірге жұмыс істеуге, жаңа Қазақ­станды бірге құруға үндеді.

Ал Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының вице-президенті Мак­сим Рожин қазіргі таңда қазақ ті­лін меңгерген өзге этнос өкіл­дері­­нің, әсіресе, жастар­дың са­ны ар­­та түске­нін зор мақ­та­ныш­пен жеткізді. «Менің туған елім – Қа­­зақстан. Мен, Тәуел­сіз елі­­міз­­­ді өркендету жолын­да пар­­­тия­­­­­­лас­­­­тармен бірге үлес қо­су­ға қа­шан да дайынмын», деді ол.

Сондай-ақ митингте Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Саясат Нұрбек, Динара Зәкиева, қалалық мәслихат хатшысы Ста­нислав Канкуров, журналист Сергей Пономарев, кәсіпкер Ла­рион Лян, көпбалалы ана Сана Жандай, әнші Ибрагим Ескендір және басқалар сөз сөйледі.