Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Біздің халқымыз бұл Жолдауды асыға күтті. Жаңа Қазақстан құрудың бағыт-бағдарына қатты зер салып, түрлі ойлар үстінде болды. Енді саяси және экономикалық-әлеуметтік тұрғыда жаңа реформалық өзгерістер жасау мен қоғамды жаңғыртудың қандай жолын таңдайтынымыз қызықтырғаны рас.
Бәріміз де ел қамын тереңінен және адал жүрекпен ойлап, аса бір күшті ерік-жігермен ұлт пен мемлекет алдындағы бар жауапкершілікті көтерген ел Президентінің мемлекет пен қоғам дамуын мұрат еткен тың бетбұрысты шешімдері мен алға қойған жаңа мақсат-міндеттері, әрбір билік жүйесін тиімді басқару мен жаңа облыстарды құру жөніндегі бастамасы және оларды Абай, Ұлытау және Жетісу деген ұлттық тарихи құндылықтармен атау, келешекте Алматы облысының орталығы болатын қазіргі Қапшағай қаласын халық қолдаса, мен оны қолдаймын деп, ұлт перзенті, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру жайында айтқан сөздері толық көңілімізден шықты әрі разылық жүректерді тебірентіп, толқытып жіберді.
Шын мәнінде жаңарған Жолдау болды.
Жаңа Қазақстанның саяси және қоғамдық-әлеуметтік дамуына зор өзгеріс әкелетін реформалар мен тиімді өзгерістерді айтты. Әр сөзінде тиянақты іс бар.
Қазіргі Қазақстан қоғамы мемлекеттік тағдырымыз бен ел тұтастығы таразыға түскен «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін мүлдем басқа кейіпке еніп, түбегейлі өзгеріске қадам басқанын ашық айтуға тиіспіз.
Жаңа Қазақстанды құрудың қажеттігі мен қалыптасуы бұдан әрі мына дөңгеленген дүрмек пен аласапыран дүниеде бір сәт те күтіп тұра алмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі жағдайларға қарап айтқанда, ел басқару тізгінін бұрын-соңды болмаған саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани ауыртпалықтар мен қайшылықтары мол кезеңде қолына алып отыр.
Ел ішінде жасыратын несі бар, қоғамды көбінесе жылтырақ дүниеге бөлеп, бір-бірімізбен жарысқандай орынды-орынсыз той тойлап, Жаратушының қазаққа жерасты мен үстін бірдей байлықты аямай-ақ бергенін мың мәрте айтып, тәубе еткенімізбен, бүкіл халықтың тең жартысының несібесі сол байлыққа белшесінен батқан 162 адамнан артылмапты.
Қаңтар оқиғасы көзімізді осындай өкінішті шындыққа жеткізді. Белгілі озбыр топтар мен бетімен кеткен алпауыттар қазынаның байлығына аямай қол салып, ашкөздік танытып, ойына келгенін жүзеге асырып келіпті. Билік жылдар бойы табыстарымыздың сыртында қордаланған кемшіліктер мен орасан олқылықтарды мақтангерлік пен көбірсіп, көлгірсудің, көзбояушылықтың көлеңкесінде қалып қойдырды. Жұмыссыздық пен кедейшілік өңірлерде жаппай жайлай бастағаны бер жағы, тым тереңдеп кетті. Жемқорлықтың тамырына балта шабу нәтижесіз науқанға айналғандай әсер қалдыра бастады. Бұл қоғамда ашу-ыза, қыжыл туғызбай тұрмайды. Сенімге селкеу түсірді, адал еңбектің құндылығына кері әсер етті. Негізсіз байлыққа ие кімдер екенін жұрт сезген сайын қоғамдық пікір сан-саққа соқты...
Сол себепті екі айдан астам уақыттан бері мемлекет басшылығы өмір сүріп отырған Отанымыздың болашағы үшін қоғамды ашық тазартуға күш салып, әлеуметтік әділдік пен шынайылық, ақиқат пен адалдық ұстаныммен зор тарихи істерді жүйелі атқара бастады.
Мемлекетте заң үстемдігін күшейтіп, баршаға ортақ қатаң тәртіп орнату қажеттігі туындады. Бұл бағытта сең қозғалды.
Қазақстандықтар тап бүгіндері Мемлекет басшысының маңына топтасуды, жан-жақты қолдап, қуаттаудың мән-мағынасын келешекке деген шынайы сеніммен, кіршіксіз адал, барынша әлеуметшіл саяси тұлғаға деген құрметпен айқындық танытып отыр. Бұл – тарихи ақиқат.
Бұл Жолдаудан әрбір азамат өздерінің мемлекеттік тұрғыдан көкейкесті сұрақтарына жауабын тапты және тарих үшін, халық үшін жаңғыртудың ең қажетті мәселелеріне куә болды. Он бағыт бойынша іске асатын реформалардың мәні өте жоғары екені анық.
Президенттік мемлекеттен президенттік-парламенттік жүйе одан әрі іске асады. Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту – жаңа саяси реформалардың негізі болып отыр. Президент, сондай-ақ Конституциялық кеңес, Есеп комитеті, Орталық сайлау комиссиясы мүшелері партиядан тыс болады. Облыс әкімдері мен оның орынбасарлары партия филиалдарын басқармайды.
Президенттің ең жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші болып, квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтер атқара алмайды.
Президент Парламент Мәжілісін құрудың жаңа үлгісін ұсынды. Мәжіліс депутаттық корпусы келесі схема бойынша құрылады: 70 пайызы пропорционалды негізде және 30 пайызы мажоритарлық негізде.
Сондай-ақ облыс әкімдерін баламалы негізде тағайындау мәселесі де демократиялық дамудың тиімді тетігі болмақ. Бұл арада облыстық мәслихат депутаттарының беделі мен таңдау мүмкіндігіне сөз жоқ, жол ашады.
Тағы да атап айтсақ, Президенттің бұл жаңғыру бағдарламасы қоғам сұранысына негізделгенін әрбір бастамалары арқылы айқындап берді. Бұл Жолдауда әрбір айтылған мәселе мемлекеттілігімізді нығайту және қоғамды демократияландыру үдерісін жақсарту тұрғысында және реформалық өзгерістер сипатында баса көрсетті.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда», деп атап айтқан тарихи сөзі бәрімізге де жауапкершілік жүктейтінін ұмытпайық!
«Мен қандай жағдайда болса да ақырына дейін халқыммен бірге боламын» деген Президент сөзін ерекше құрметтеймін.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Amanat партиясы фракциясының мүшесі