Әдетте адам баласының өмірі жасаған жасымен емес, еліне сіңірген еңбегімен ғана өлшенеді. Ал ондай ерен ойлы, еңбекқор жанның бірі һәм бірегейі Жандарбек Мәлібекұлы десек, артық айтқандық болмас. Ол туысқан қазақ-өзбек халықтарына сүбелі үлесін қосқан, екі елді тел еміп, тел сусындаған асыл азамат.
1942 жылы 24 наурызда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты «Екпінді» деген елді мекенде дүниеге келген тау тұлға оныншы сыныпты тәмамдаған соң, Ташкенттегі политехникалық институттың Архитектура факультетіне оқуға түседі. 1965 жылы оқуын ойдағыдай аяқтаған соң осы шаһарда қалып, 2001 жылға дейін құрылыс саласында еселі еңбек етті. Сөйте жүріп еңбекқорлығының, зейіні мен зердесінің арқасында көзге түсті, көптің қошеметіне бөленді. Ташкенттегі Үкімет қонақүйі, Әндіжандағы әуежай, Самарқандағы облыстық әкімшілік ғимараты, Ферғанадағы облыстық пошта, сондай-ақ Ангрен, Ферғана, Самарқан қалаларында, өзге де елді мекендерде зәулім-зәулім үй, түрлі ғимараттар тұрғызды. Ол аз десеңіз, Самарқанда өзбектің аса талантты ақыны Хамит Әлімжанның академиялық драма театрын тұрғызу кезінде асқан талантымен айрықшаланды.
Төккен тер мен еткен еңбек назардан тыс қалған жоқ. Ілкімді істері, жемісті жұмысы үшін Өзбекстанның Тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовтің Жарлығымен «Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген архитектор» деген аса жоғары атақты иеленді. Алайда асқар тау азамат мұнымен шектеліп қалған жоқ. Атажұртқа деген аңсары, соны сүйіспеншілігі жүрек түбінде, көңіл төрінде тұрды. Ташкенттің құрылыс саласында еселі еңбек етіп жүргеніне қарамай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын әзірлеу үшін арнайы жарияланған конкурсқа қатысты. Бұл жолы да жұлдызы жарқырап шыға келді. Бас-аяғы 293 үлгінің арасынан Жандарбек Мәлібекұлының төл туындысы үздік шығып, жеңіске жетті. Бұл еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бұл марапат – асқан еңбекқор, талғам-таразысы мол, өз ісінің білікті маманы Ж.Мәлібекұлының бойындағы шалқар шабыттың, шынайы шеберліктің айқын бейнесі еді. Соған қарамастан, осы жеңісті өзбекстандық барша зиялы жұртшылық өз табысы ретінде бағалағаны бар. Себебі конкурсқа қатысудан үш күн бұрын Ж.Мәлібекұлы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нәжімеден Есқалиевті, белгілі қоғам қайраткері Қаражан Әбіләзимовті, Өзбекстан Республикасы Қазақ Ұлттық мәдениет орталығының төрағасы Артықбай Үкібаевты, оның орынбасары Әбдуақап Дүлдүловті және мені жұбайларымызбен үйіне дәмге шақырды. Сонда ол: «Ардақты достар, ағалар! Мына, Елтаңбаны өз қолыммен өрнектедім. Сіздерді арнайы дәмге шақыруымның бірден-бір себебі – екі-үш күн ішінде конкурсқа қатысу үшін Алматыға жол жүрмекпін. Жол жүрмес бұрын сіздердің ақ тілектеріңізді естіп, ақ баталарыңызды алуға ниеттендім», деді ағынан жарыла.
Одан әрі, өз қолымен өрнектеген Елтаңбаны көрсетіп, әрбір ою-өрнектің сыр-сипаты жайлы мол мағлұмат берді. Сонда біз, аса қарапайым, кең пейілді, аз сөйлеп, көп тыңдай білетін Ж.Мәлібекұлының ой-өрісінің тереңдігіне, туысқан өзбек елінде жүрсе де, қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білгендігіне таңырқап, таңғала түскен болатынбыз. Арада үш күн өткенде жоғарыда аты аталған азаматтар Ж.Мәлібекұлына арнайы барып, көк қасқа көліктің маңдайына қондырылған Елтаңбаның макетін көріп, оған сәт-сапар тілегеніміз күні бүгінге дейін есімізде.
Енді міне, айрықша азамат Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан І дәрежелі «Барыс» орденін алып, бізді тағы бір қуантты. Туысқан өзбек елінде 40 жылға жуық жасап, олардың тәлім-тәрбиесін алып, атпал азамат болып қалыптасқанын өз көзімізбен көріп, дән риза болғандықтан оның қол жеткен табыстарына біз де сүйсінеміз, қуанамыз. Бұған қоса, екі енені тел еміп, тең сусындаған Ж.Мәлібекұлы сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Оны мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық тілейміз. Сүйген жары Ақшайымен бірге жасап, бала-шағаның рахатын көрсін. Мәртебесі биіктей берсін.
Қалдыбек СЕЙДАНОВ,
профессор
ТАШКЕНТ